Қоғам • 28 Сәуір, 2021

Ермектің ерлігі

918 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Былай қарасаңыз, ердің жасы елуден енді асқан Ермектің көп қазақтан айырмасы жоқ. Жұрт қатарлы тірлік етіп жүрген пенде баласының бірі дерсің. Дегенмен... зер салып қарар болсаңыз, осы бір жігіт ағасының қос қолдың бірінен кемдік көрген жан екенін байқар едіңіз...

Ермектің ерлігі

 

Тоғыз жасқа толған кезі-тін. Піл сауырлы Сарыарқаның бір пұшпағындағы Саяқ ауылында басқа жер таппағандай жүйт­кі­ген жүк көлігі еш алаңсыз келе жатқан баланы қағып өткен. Мұрттай ұшты. Жұрт өлдіге санап еді сол кезде. Жоқ, мұның кө­рер қызығы таусылмаған екен: әу­піріммен аман қалған. Бірақ сол қолы...

Ол кездегі медицинаның бү­гін­­гідей мүмкіндігі жоқ заман еді. Жүйке талшықтары үзіліп, бұлшық еттері мыжылған қолға еш қайран қыла алмай дәрігерлер дағ­дарған. Амал нешік, қос қа­нат­тың бірі қайырылып, та­мыры­­нан жұлынған бәйше­шектей сола берген.

Ермекке тағдыр о бастан өш бол­ды ма дерсің: бұл өмірге кел­генде әке-шешесі айырылысып кет­кен еді. Әкенің қамқор пейі­лі­не, ананың көлдей мейіріміне қанбай, нағашыларының қолында өсті. Енді келіп мына жағдай аямай соққан... Туыстары ақылдаса келіп, қолына ем табылмаған Ермекті ауылда жүруге қиын бо­лар деп, қалаға апаруға шешім қа­былдады. Сөйтіп тоғыз жасында қақпасын ашқан Қарағанды, дә­лірек айтқанда осындағы №2 мектеп-интернат мұның екінші үйіне айналған.

 «Қазір ойлап отырсам, – деп сыр ақтарады Ермек замандас. – Сол кездегі адамдардың пейілі кең екен ғой. Мысалы, мен интернатта төсегімді өмірі жинаған емеспін. Балалар өздері кесте құрып, тап-тұйнақтай қылатын. Қазір ше... әй, қайдам...».

Интернатты бітірген соң Ермек Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың заң факультетіне құ­жат тапсырды. Мүгедек екен деп мүсіркеген адам баласы бол­мады. Мүмкіндігі шектеулі жан­дарға шекеден қарайтын қа­тыгездеу қоғам еді ғой. Содан төр­тінші жыл дегенде оқуға түскен. Қатар жүрген құрбы-құр­­дас, дос-жаран мұның алған беті­нен қайтпас қайсарлығына таң­дай қаққан. Кейіннен осы оқу орнынан сырттай оқып, эко­но­­мистің де дипломын алып шық­ты.

Әйтеуір, тағдырдың кей-кей­­де мейірі түскені де шығар, өмір жолында жақсы адамдарды көп жолықтырды. Соның бірі – Қарағанды облыстық са­лық комитетінің алғашқы төр­аға­сы Мылтықбай Ғазалиев еді. Қолының кемістігі бар деп қара­мады, бүкіл жауапкершілікті мой­нына алып, жұмысқа қабыл­даған. Сөйткен Ермек сенімді ақтады. «Ә» дегеннен жұмысты үйіріп әкет­кен. Салық саласындағы не­бір қатпарлардың қыртысын ашып, күрмелген түйіндерін шеше жүріп, кәсіби тұрғыдағы қаны жерге тамбаған мықты ма­ман­ға айналды.

Еңбек майданында қатарынан қал­мады, тіпті кейбір кездері алға да шығып кеткен. Салық орган­дарында істеген он сегіз жылдың ішінде талай жетекші лауазым­ды қызметтерді абыроймен атқарып, өзіне сенім артқандарды жерге қаратпады. Қатардағы салық инспекторынан, ішкі аудит бо­йын­ша облыстың бас инспекторы, Астана қалалық мұнай-газ секторының жер қойнауын пай­­далану аудиті бөлімінің бас­ты­ғына дейінгі қызметтік ла­уа­зым баспалдақтарынан өтті. Теміртау қалалық салық ко­ми­те­ті бастығының орынбасары қыз­ме­тін атқарды.

«KSP-Steel» ЖШС сынды 5,5 мың адамнан тұратын ұжымы бар ірі компанияның бас есепшісі болып қызмет еткен кезінде қа­ра­мағында 38 бухгалтер жұмыс істеді. Есебіне мығым болды, содан да шаруаның тасын өрге до­малатты.

Міне, осындай сан-салалы, ішкі иірімі көп, жауапкершілігі мол, маманнан аса жоғары білім мен білікті талап ететін салық саласында, жеке сектор­да қызмет еткенінде ол абы­рой биігінен әсте түскен емес. Кәсіби тұрғыда жоғары дең­гей­дегі маман екенін кез келген салада адал еңбек, маң­дай термен дәлелдеп жүрді.

Бүгінде Ермек Тойшыбеков өзімен мұңдас мүмкіндігі шек­теу­лі жандардың мәсе­ле­ле­рі­не ден қойып жүр. Кезінде қыз­мет­тің қым-қуыт тірлігімен жүр­ге­нінде бұл туралы ойлауға да мұршасы болмапты. Ал қазір өзінің бұл саладағы қажеттілігін қатты сезініп жүрген жайы бар.

«Нияз Сүндетәлиев деген жас азамат Қарағанды облы­сы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болғанында телефон соғып, құт­тық­тадым. Жап-жас, бірақ талабы таудай жігіт екен. Ақыл-кеңесімді айттым», дейді Ермек. Бүгінде екеуінің арасында нағыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнаған. Телефонмен де, мессенд­жер арқылы да хабар алмасып тұрады. Өмірден көрген-түйгені мол Ермектің әрбір айтқан сөзін Нияз санап тыңдайды. Көбіне әңгімеге мүгедек жандардың бүгінгі мәселелері өзек болады. Екеуінің арасындағы пікір алмасу барысында күрмеуі қиын көптеген проблеманың түйіні тарқатылып жататыны да рас.

Ермектің мүмкіндігі шектеулі жандар тақырыбына келгенде құрмет тұтатын адамының бірі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының кеңесшісі Алмас Ержан есімді азамат. Ар­ба­ға байланғанына қарамастан, өмірге деген құштарлығын жо­ғалт­паған осы бір қайсар жан­ның әрбір ісіне сүйсініп отырады. «Пандемияның күрделі заманында сау адамның өзі сергелдеңге түсіп кетеді, – дейді ол. – Ал осы бір ғана Алмас Ержанның өзі талай мүгедек жанға шарапатын тигізіп жүр».

Кейінгі кезде Ермек әлеу­мет­тік желілерде мүгедек жан­дар­дың сан қилы мәселелерін кө­теруді қолға ала бастады. «Ке­­зінде өзімізді қатал тағдыр шың­­дады. Бір сөзбен айтқанда, басты тауға да, тасқа да соғып, өмірдің қылкөпірінен аман өттік. Ал қазір жағдай басқа. Ерекше қа­жеттіліктері бар жандарды та­ғ­­дырдың талқысына тастауға бол­майды. Мен бастан кешкен қиындықтарымды енді жан бала­сы көрмесе екен деп тілеймін. Осы жолда, осы мақсатта тағ­дыр­дан теперіш көрген жан­дар­ға барынша қызмет етсем деймін», дей­ді ендігі бағытын айқындап алған ол.

Қазақ және орыс тілдеріне бірдей жүйрік әрі сауатты жазатын Ермек Әбетайұлының республикалық және облыстық деңгейдегі басылым беттерінде мүгедектер мәселесін көтерген өткір мақалалары шығып тұрады. Мысалы, ол үлкенді-кішілі кә­сіпо­рындарда мүгедектерге ар­нал­ған арнайы квота болуы ке­­ректігін жиі қозғап келеді. Мүм­кіндігі шектеулі жандарға қа­тысты бұдан басқа да проб­ле­маларды, атап айтқанда, зей­нет­ақы тағайындау, мүге­дек­тік дәре­жесін алу сынды шаруалар бары­сында кездесетін қиын­шы­лықтарды тиісті ор­ган­дар­ға жет­кі­зуде аянып қалған жері жоқ.

Кей-кейде Ермектің мына бір ойдың шырмауына жиі түсе­ті­ні бар: осы өмірінде Салтанат Қалиасқарқызындай адал жар кездеспегенде, тағдыр жолы қайда апарып соғар еді? Талайдың арманы болған Салтанаты мұны қорсынбады ғой: ұсынған қо­лын қабыл алып, тілекке тілек қосты. Адал махаббаттың ай­ға­­ғын­дай қылып, бір ұл, бір қыз сыйлады. Бүгінде бұлар ұл­дан екі немере, қыздан жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже. «Қа­быр­ғаға шеге де қаға алмайты­ным­ды, баланы да көтеруге қауқарым жоқтығын біле тұра, маған тұр­мыс­қа шыққаны Салтанаттың ерлігі еді. Барлығын да өзі саналы түрде көтеріп алды. Есесіне, балаларымыз соның бәрін көріп өсті. Кіп-кішкентай кездерінің өзінде шешелеріне көмектесіп жүруші еді», дейді Ермек өткен күндерді еске алып.

Мектепте жүргенінде, студент кезінде шахматты бір кісі­дей шебер меңгеріп ойнады. Тіпті қалалық біріншілікте чемпион болғаны да бар. Осы шахмат тақтасында шыңдалған зейін-зерденің көмегін күрмеуі қиын тірліктің пенде баласының басына салған небір қиын есептерін шешуде көп көрді. Әдебиетті сүйіп оқыды. Бала кезінде Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» деген кітабы жастығының астында жатушы еді. Оралхан Бөкеевтің шығармаларын студент шағында талдағанда, филолог достарының өзін таңғалдыратын. Әлі де сол қалпынан айнымаған. Жақсы кітап көрсе, жата-жас­та­­на оқиды. Ішкі әлемінің бай, ру­хының мықты болуы осы әде­би әлемнің руханиятынан алған күш-қуаттан екендігін өзі де жақ­сы сезінеді.

Жалғыз қолмен темір тұл­па­рын жүйткітіп келе жатып, өзіне атан түйе көтере алмас салмақ артқан тағдырына, жіберген сы­нақ­тарына тәубе айтатыны да бар. Осы жасқа келгенінше жа­рымжан жүріп он екі мүшесі түгел сау талай жанға қолұшын бер­ген екен. Мұны ол қатал тағ­ды­рдың талай сынға төтеп берген талайына берген сыйы ретінде қабылдайды. Ендігі бар мұраты – өмірдің өрті шарпыған өзі сияқты жандарға шарапатын тигізу.

Иә, өзінің басындағы қиын­дық­ты жеңіп қана қоймай, өзгеге қолұшын созып жүрген Ермек сынды қайсар жанның бұл ісін қалайша ерлік демейсіз!

 

ҚАРАҒАНДЫ