Аймақтар • 28 Сәуір, 2021

Шағын қазандықтың буы – шаңырақтың жылуы

366 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматы облысында шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы көп пәтерлі үйлерді жылумен қамту мәселесі оң шешімін тауып жатыр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әлеуметтік жағ­дайын оңалтуға да ықпал етуде. Мәселен, бұған дейін бесінші қабаттағы баспананың балконынан мұржа шығарып, пешке от жағып келген адамдар орталық жылу жүйесінің іске қосыл­ғанына дән риза. Ал бұл нәтижелі жұмыс аймақта жекелеген тұрғын үйлерге блокты-модульді қазандықтар орнату бастамасынан кейін жүзеге асырылды.

Шағын қазандықтың буы – шаңырақтың жылуы

Жалпы, облыстағы жылыту желілерінің ұзындығы 512,6 шақырымды құрайды. Осы ұзын-сонар құбыр желісінің күтіп, баптау мен жаңғырту жұмысы да күн тәртібінен түскен емес. Мысалы, өткен жылы тұрғындарды жылумен жабдықтау бойынша 16 жоба іске асып, оған бюджеттен 7 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде 10 шақырымнан астам жылу желілері салынып, қайта жаңартылған. Айтпақшы, бұдан 1-2 жыл бұрын аймақтағы жылу құбырларының 49 пайызының тозығы жеткені айтылса, қазір бұл көрсеткіш 46 пайызға дейін азайған көрінеді. Бұл деректерден негізінен орталық жылу жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұрған орталық қалалардағы жағ­дайды бағамдауға болады. Ал шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы көп пәтерлі тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тап­ты деуге әлі ерте. Дегенмен, бөлін­ген қаржының көлемі мен атқарылған істің беталысына қарап, жағдай бірер жылда толы­ғымен жақсарады деуге негіз бар.

Оның бір дәлелін былтыр Талғар және Қаскелең қала­ларында 14 жоба іске асырыл­ғанынан аңғаруға болады. Яғни бұл екі шағын қалада 1041 або­ненті бар 23 көп пәтерлі тұр­ғын үй блокты-модульді қазан­дықтарға қосылып, жылу орталық жылыту жүйесінен беріле бастаған. Қазір 105 көп қабатты үйді орталық жылыту жүйесіне қосуға бағытталған 40 жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр екен. Жоба жүзеге асқанда Талғар ауданындағы 13 көп қабатты үйге тағы 11 блокты-модульді қа­зандық, Қарасай ауданында 12 көп қабатты үйге 3 блокты-модульді қазандық, Еңбекшіқазақ ауданында 65 көп қабатты үйге 20 блокты-модульді қазандық, Панфилов ауданында 15 көп пәтерлі үйлер үшін 6 блокты-модульді қазандық орнатылмақ. Дәл осындай жұмыстар Қаратал ауданының Үштөбе қаласында да жүргізіледі. Атап айтқанда, «Үштөбе қаласындағы газ тарату желісінің құрылысы» жобасының аясында 633 абонентті қамти отырып, 16 көп қабатты үйге 4 блокты-модульді қазандық орнатылады деген үміт бар. Сондай-ақ биыл Еңбекшіқазақ, Қарасай, Панфилов, Ұйғыр аудандарында мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында 109 көп қабатты үйге арнап 36 блокты-модульді қазан­дық салынады.

Талғар демекші, Алматы маңындағы бұл шағын қалада қазандық қою ісі 2018 жылдан басталған еді. Бүгінге дейін
аудан орталығында 32 блокты-модульді қазандық орнатылған. Яғни қазір 142 көп пәтерлі үй немесе 4 489 абонент газбен жылитын қазандықтар арқылы орталық жылыту жүйесіне қосылып, қыстан қысылмай шығып отыр. Тағы бір ерекше тоқталатын нәрсе, қаладағы үйлерді шағын қазандықтарға қосу барысында тұрғын үй алабының аулаларын абаттандыру ісі де қоса жүріп жатыр екен. Мәселен, былтыр осы Талғар бойынша аулаішілік алаңдарды абаттандыру жобаларын іске асыруға 1 млрд 311 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға барлығы 123 көп пәтерлі үйі бар 70 аула абаттандырылады. Ал абаттандыруға «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 200 адам тартылып, жұмыспен қамтылған. Жұмыстың сапасы жергілікті тұрғындарды қуан­тып отыр екен. Олар әсіресе, тұр­ғын үйлерді блокты-модульді қазандық қосқаннан кейінгі орталық жылуға қол жеткеніне және ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген аулалардың көркейтіліп жатқанына дән риза.

– Біздің үйде негізінен егде адамдар тұрады. Бұрын олардың көпшілігі өз пәтерлерін жылыту үшін күн сайын жоғарғы қабатқа көмір, отын тасып, кері қарай күл шығаруға мәжбүр болатын. Бұл үлкен адам тұрмақ жастардың өзіне де ауыр ғой. Қазір ол қиыншылықтан құтыл­дық. Пәтеріміз осы қыста тіпті ыстық болды. Ауланың да ажарын кіргізіп, жаңа келбетке кел­тіріп қойды. Немерелеріміз емін-еркін ойнап жүр, – дейді Талғар қаласы, Абай көшесіндегі №87 үйдің тұрғындары.

Айтпақшы, Алматы облы­сындағы шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы көп пәтерлі үйлерді жылумен қамту өңірдегі экология талаптарына қатысты мәселені де оңынан шешуге ықпал етіп отыр екен. Атап айтқанда, блокты-модульді қазандықтардың табиғи газға қосылуы шағын қалалардағы үйлердің қатты отын тұтынуын азайтып, қоршаған ортаны лас­тайтын зиянды заттардың бө­лінуін шектеген көрінеді. Был­тыр Талдықорған қаласын­дағы екі жылу қазандығы табиғи газға ауыстырылған болатын, бұған 1,88 млрд теңге қаржы жұм­салған. Нәтижесінде, қалада­ғы ауа сапасының жақсарғанын тұрғындар да, мамандар да айтып отыр. Бұйырса, биыл облыс орта­лығындағы тағы екі қазандық табиғи газға ауыстырылады.

Осы экологияға қатысты та­лап­тар Алматы қаласы ма­ңын­­дағы аудандарда өткір тұрға­ны анық. Демек, мегаполис ірге­сін­дегі елді мекендердегі көп пәтер­лі үйлердің орталық жылыту жүйесіне қосылуы тездетіп аяқ­талуы тиіс.

– Алматы қаласына жақын орналасқан аудандардағы тұрғын үй алаптарын, әлеуметтік, өнді­ріс­тік және өзге де нысан­дарды табиғи газға кезең-кезе­ңімен көшіру жұмыстары жол­ға қойылған. Қазіргі таңда 129 көп пәтерлі тұрғын үйге ар­налған 21 блокты-модульді қа­зан­дық пайдалануға берілген. Нәти­жесінде, 3 857 абонент орта­лық жылуға қосылды. Қазір тағы 14 қазандық құрылысы аяқ­талуға жақын. Бұл жолы 23 көп­ пәтерлі тұрғын үй орталық жылуға қосылып, 1041 абонент жайлы өмірдің қызығын көрмек. Бұйырса, қала маңындағы аудан­дардың ғана емес, облыс­тағы елді мекендердің барлығына табиғи газ желісін жеткізу мақсаты тұр, – дейді тақырыпқа орай пікір білдірген облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы,  Алматы-Талдықорған магистралды газ құбыры салын­ғаннан кейін бұған дейін көгілдір отын тұтыну көлемі 20 пайыздан аспайтын аймақтағы газ желісіне қосылу көрсеткіші 59 пайызға дейін өскен. Таяу бола­шақта Талдықорған-Үшарал және Шелек-Кеген бағытындағы магистралды газ желісін салу арқылы шалғайдағы Ақсу, Сарқан, Алакөл, Кеген және Райымбек аудандарының 195 елді мекені газбен қамтылатын болады. Нәтижесінде аймақтың 1,6 млн тұрғыны немесе өңір халқының 76 пайызы көгілдір отынның игілігін көре бастамақ. Ал бұл кезде шағын қалалардың көп қабатты тұрғын үйлеріне газбен жұмыс істейтін блокты-модульді қазандықтар орнатуды 100 пайызға дейін жеткізу мүмкіндігі туады.