Оқиға • 28 Сәуір, 2021

Түркиядағы Қазақстанның құрметті консулы өмірден озды

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Түркиядағы құрметті консулы, қазақ-түрік қарым-қатынасына елеулі үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер Халил Улуер жұбайымен бірге жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Түркиядағы Қазақстанның құрметті консулы өмірден озды

2009 жылдан бері Қазақстанның Невшехир қаласындағы құрметті консулы қызметін атқарып жүрген Улуердің атсалысуымен Түркияда бірқатар көше мен саябаққа Қазақстан мен қазақ тұлғаларының есімі берілді. Дәстүрлі түрде еліміздің атаулы күндерінде Каппадокияда әуе шарларында мемлекеттік туымызды желбіреткен Халил Улуердің еңбегі орасан.

«Халил Улуер тек өз елінің емес, қазақ халқының нағыз жанашыр досы еді. Қазақстанның көк туын желбіретіп, Қазақстан үшін мақтан тұтатын біртуар азамат еді. Пандемия кезінде осындағы студенттерге көмектесіп жүрген болатын. Қазақстанға пандемия кезінде гуманитарлық көмек жолдап, қол ұшын бергендердің алдыңғы шебінде еді. Елімізге инвестиция тарту үшін кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Әттең, тағдыр оны бізге қимады. Қасиетті Ораза айында Алла тағала кешірімі мен мейрімін жазсын», деді Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Facebook парақшасында.

Туризмнен бастап авиация, теңіз, баспа және визуалдық БАҚ пен қорғаныс саласында 8 компанияны басқарған Улуердің екі ұлы, бір қызы бар.