«Жыл сайын 28 сәуірде әлемдік қауымдастық Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Бұл күн барлық еңбек ұжымдары жұмысының маңызды және кең көлемді қырларына жұртшылық назарын аудару, жарақаттануды азайтуға жәрдемдесу және жұмыс орындарындағы жазатайым оқиғалардың санын азайту үшін бекітілген.
Биыл Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің тақырыбы «Дағдарысты алдын ала болжау, оған дайындалу және ден қою – тұрақты қауіпсіздік жүйелеріне қазірден инвестиция салу» болып жарияланды. Аталған тақырып әлемде COVID-19 пандемиясының өршуіне байланысты таңдалған.
2020-2021 жылдары алған тәжірибені ескере отырып, біз еңбекті қорғау жүйесін бірлесіп нығайтып, жетілдіруге, ағымдағы дағдарыс пен ықтимал болашақ сын-қатерлер алдында орнықты болып қалуға тиіспіз.
Статистика бойынша, елімізде жыл сайын 1,5 мыңнан астам адам жұмыс орындарындағы жазатайым оқиғалардың салдарында әртүрлі жарақат алып, 200-ге жуығы қаза табады. Жыл басынан бері 267 оқиға тіркеліп, 307 адам зардап шекті.
Барлық еңбек заңнамасын бұзудың шамамен 30%-ы еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау мәселелеріне байланысты. Сондықтан бәрімізге еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің қауіпсіздігі кепілдігін қамтамасыз ету бойынша күш салу маңызды болып отыр.
Еңбекті қорғау және оның қауіпсіздігіне қатысты барлық тарапты: жұмыс берушілерді, еңбекті қорғау жөніндегі мамандарды, оқытушыларды, кәсіподақ ұйымдарының еңбекті қорғау жөніндегі өкілетті оқу орталықтарының әдіскерлері мен жұмыскерлерін, техникалық еңбек инспекторларын, жұмыскерлерді еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге белсенді қатысуға және де өз жұмысы барысында «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасының қағидаттарын ұстануға шақырамын», делінген Серік Шәпкеновтің құттықтауында.