Нұр-Сұлтанда адвокаттар коронавирустың таралу қарқыны бойынша астананың «қызыл аймақта» болуына байланысты тергеу изоляторларындағы өз клиенттерімен кездесе алмай жатқандығын мәлімдеді.
СК-Фармацияның бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сот процесінде айыпталушы мен оның адвокаты тергеу изоляторларында кездесуіне рұқсат беруін сұрады. Өз кезегінде прокурор рұқсат беру туралы шешім КВИ жағдайына байланысты қабылданатынын айтты. Ал судья адвокат пен сотталушыларға тек Zoom платформасы арқылы сөйлесуге болатынын мәлімдеді.
Осыған ұқсас мәлімдемені «Астана LRT» ісі бойынша айыпталушылардың адвокаттары да жасады.
Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тергеу изоляторларында тергеушілермен және адвокаттармен кездесуге ешқандай шектеу енгізілмегенін хабарлады.
«Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандар, күдіктілер мен айыпталушылар қатысатын барлық іс-шаралар олардың міндетті түрде маскаларды, резеңке қолғаптарды, жабық үлгідегі көзілдіріктерді пайдалана отырып және қатысушылар арасында екі метр қашықтықты сақтай отырып өткізіледі. Бұл ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 67 қаулысының 24 – қосымшасының 4-тармағында жазылған», делінген департаменттің жауабында.