Қуанай Қосдәулетұлының туған жылы туралы деректердің бірінде 1859, бір мәліметте 1863 жыл деп көрсетілген. Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Қособа ауылдық округі аумағындағы Қоспа деген мекенде дүниеге келген екен. Әкесі Қосдәулет малы ең дәулетті кезінде 20 бастан аспаған қарапайым шаруа болған. Тергеудегі жауаптарында алғашқы білімді ауыл молдаларынан алғанын айтады. Ал Қуанайдың өскен жері – атақты Шүйеке хазірет – Сүйінішқали шейх Өтемісұлының ауылы болатын. Одан кейін Орал қаласында Ғабдырафақұлы, Әли деген қалпелерге шәкірт болады. Бұдан соң Қуанай Бұқара шәріпте оқыса керек. Ел аузында оның Түркиядағы атақты Ая-София мешітінде имамдық қылғаны айтылады. Бұл сірә 1914 жылдары хазіреттің Мекке-Мәдинаға жасаған қажылық сапарындағы оқиға болуы да мүмкін.
Қуанай хазіреттің төңкеріске дейінгі қызметі туралы дерек көп емес. Дегенмен, қазақтың тұңғыш басылымдарының бірі «Қазақстан» газетінің 1912 жылғы 4 ақпандағы №6 санында «Жымпиты (Қызыл үй)» деген мақалада Мир-Ғазиз Зиннуров Қоспадағы мұсылман мектебінің 20-30 жылдан бері шәкірт оқытып тұрғанын жазады. «Бұл мектептердің басында болған (тұрған) адамдарды жазбай қалдыру қиянат болар: Қоспада Қуанай нәм ишан әмме Қызыл үйдегі мектеп басында Ғабидолла нәм қалпе. Бұл адамдар һәр екеуі де халық үшін пайдалы адамдар һәм оқымысты адамдар. Хасуса Қуанай хазірет ғайратлы адам» дейді автор.
1916 жылы «Маусым жарлығы» шығып, қазақ баласы майдан жұмысына шақырылып, ел іші бүлінген сәтте билік орындары Қуанай хазіреттің абырой-беделін барынша пайдаланған. Өйткені көзі ашық хазірет ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «қазақ баласы майданға барсын, соғыс тәртібі мен өнерін үйрене берсін, үкіметке қарсы шығып, бекер қырылмасын» деген көзқарасын қолдаған екен. Осылайша, қарулы көтеріліске дайындалған Жымпиты уезінің жігіттерімен Қараой, Соткен, Жауғашты мекендерінде бірнеше рет жолығып, оларды райынан қайтаруға үндеген.
1917 жылдың соңында Жымпитыда Алашорда үкіметінің күнбатыс қанаты қалыптасқан кезде Қуанай хазірет те ұлтшыл ел азаматтарымен бірге болған еді. Жымпиты, Қаратөбе сиездеріне қатысқан дін көсемі Алаш қайраткерлерімен тізе түйістіріп қызмет еткен. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттелетін оқиғадан көпшілік таныс болса керек:
«...Қуанай хазіретті білмейтін Орал облысында бала жоқ. Қуанай хазіретті Үпідегі, Қазандағы ноғай-башқұрттың мүптилері де біледі. Мүпти де Қуанайды сыйлайды. Қуанай «әулие». ...Хазірет босқа сөз сөйлемейді. Хазіреттің әрбір сөйлеген сөзі ем. Хазірет ызбарланып, айнала қарап қояды. Үкімет мүшелері молдадан қорыққан балаларға ұқсап сызылып отыр».
Сол кездегі саясат салқынымен сарказм араластыра жазылғанымен, Қуанай хазіреттің атақ-абыройы сол кезде шынымен де өте биік болатын.
* * *
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары большевиктер дінге біраз ерік берді. Уфада мұсылмандардың Орталық діни басқармасы (ЦДУМ) құрылып, молдалар арнайы құжатпен ресми жұмыс істей бастады. Діни басқарманың сиездері өтіп, ресми басылымы да шығып тұрды. Әрине, бұл жұмыстан Қуанай Қосдәулетұлы секілді білімді дін қайраткерлері де шет қалмады.
1926 жылы 25 қазан мен 4 қараша аралығында Уфада өткен Бүкіл мұсылмандардың 3-ші сиезінде Ресейдің түкпір-түкпірінен жиналған 427 делегаттың, Қазақстаннан барған 130 өкілдің бірі Қуанай хазірет болатын. Ол әрі бүкіл Ресей бойынша сайланған 106 мұхтасибтің бірі еді. Сол жиында Қуанай хазірет арнайы баяндама жасап, ел ішінде атқарылған жұмыстарына есеп беріпті. Оның мұхтасибтік құзыретіне ел ішінде шариғат шарттарының сақталуын қадағалау, күпірліктің алдын алу, халық ағарту жұмыстарын ұйымдастыру секілді сан-салалы міндеттер кіретін. Күннен-күнге күш алып келе жатқан құдайсыз кеңес өкіметінде дін тарату жалаң қылыштың жүзімен жалаңаяқ жүргендей еді. Соған қарамастан, хазірет өз міндетін барынша адал атқарған. Ел арасында халықты дінге шақырған парақтар таратқаны, 1925 жылы Орталық діни басқарманың тапсырмасымен Адай уезіне сапарлап, дін пайдасына қаржы жинағаны кейін өзіне қарсы көтерілген қылмыстық істің айыптау жолдары болып жолықты...
Белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыз «Хазірет Құрбанғали Қуанышқалиев» деген еңбегінде 1937 жылғы қуғын-сүргіннен әупірімдеп аман қалған Құрбанғали хазіреттің естелігін келтіреді. Құрбанғали хазірет те Қуанай Қосдәулетұлы секілді мұхтасиб болған адам.
«1927 жылы Уфаға Діни сиезге шақырды. Жымпитыдан түкіш Қуанай хазірет екеуміз барып, он екі күн жүріп келдік. 1928 жылы мешітті жапты. Қуанай екеумізді ұстап, «Қырық тұрбаға» (Оралдағы түрме – Қ.Қ.) апарып қамады. Екі тама хазірет, бір бәйсеу және біз екеуміз болып, барлығымыз бес адам екі ай жарым түрмеде жаттық» деген. Құрбанғали хазіретті осыдан кейін Переметныйда бір ай шошқа бақтырып, кейін Ресейге жер
аударып жіберген. Ал Қуанай хазірет ерекше назарда еді.
Шынында да 1928 жылы ел ішінде ірі байлар мен Кеңес өкіметіне жат элементтерді тәркілеп, ел аумағынан аластау науқаны басталған кезде Қуанай хазірет қара тізімге алдымен іліккендердің бірі болды. 1928 жылы 21 қыркүйекте «Красный Урал» газетінің арнаулы санына Орал округтік атқару комитетінің кәмпеске туралы қаулысы жарияланды. Осы қаулыда «бай-феодалдар, хан-сұлтан тұқымы, патша өкіметінің арқа сүйері болған бұрынғы болыс-билер мен атқамінерлер» тізімі екі топқа бөліп көрсетілген. Бірінші топқа өңірдегі 56 ірі байдың аты-жөні қосылса, екінші топқа бай болмаса да Кеңес өкіметінің қас жауы санатындағы аса қауіпті тұлғалар енгізілген. Қуанай хазірет осы екінші топқа жатқызылған екен.
Міне, осы күннен Қуанай хазіреттің 10 жылға созылған, ең соңында «үштіктің» шешімімен ату жазасына кесілуімен аяқталатын тозақ тағдыры басталады.
Алматы қаласындағы орталық архивте сақталған бір құжатта Орал округінен Жетісуға жер аударылған тұлғалардың тізімі берілген. Тізімдегі 54 адамның ішінде Қуанай Қосдәулетов №39 болып таңбаланған. Отбасында 6 адам бар деп көрсетілген.
Алайда мал-мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылған бұл отбасылар жаңа жерде де тыныштық таппайды. Қуанай хазіретке қатысты алғашқы сот шешімі 1929 жылы 30 мамырда шығыпты. Сол кездің өзінде оны әйгілі 58-баптың 10-тармағы – «антикеңестік үгіт-насихат таратты» деп айыптап, үш жылға Курск губерниясына жер аударуға үкім кескен.
Қуанай хазіреттің өмір жолы туралы алғашқы толымды еңбек жазған Қуаныш Қитаров пен Қайыржан Хасановтың «Саяси қуғындар тағдырлары» кітабында Қуанай хазіреттің Халел Досмұхамедұлына жазған хаты жарияланған:
«Бауырым Халил Досмұхамедұлы! Сізге деген құрметімді білдіре отырып, біз де осы жерге келгенімізді мағлұм етейін дедім. Сіздің Алматыда екеніңізді есітіп, бек қуандым. Қызылордада Жаһаншаһпен кездесе алмай қапа болып едім. Сіздің Алматыда екеніңіз алаң көңілімізге аздап медеу болды. Алашорда сиезі кезіндегі достығымыз ұмытыла қоймаған болар деген үмітім зор. Мен қазір қартайдым, мал-мүлкім одан бұрын тәркіге түсті. Өзім түрменің де дәмін таттым, қазір мұңымды кімге шағарымды да білмеймін. Өзіңізбен бір кездесу нәсіп болар деген үмітім бар. Ұлым Мұхамед-Зәкірді осы хатпен жіберіп, сізге һәм Жаһаншаһқа сәлем айтам...». Бұл хат Қуанайды Алматы қаласында тұтқындаған кезде қалтасынан табылған делінеді. Ол кезде хазіреттің отбасы Қазақ көшесі №7 үйде болған.
* * *
Жат жерде жазықсыз үш жыл сандалған Қуанай хазіреттің отбасы 1934 жылы елге қайтып, Орал қаласының қазіргі ет комбинаты аумағында жеке үйде тұра бастайды. Бұл кезде хазіреттің жасы егде тартып, айықпас ауруға шалдыққан болатын.
Алайда 1937 жылы Кеңес өкіметінің қас жауларын жаппай әшкерелеу науқаны басталған кезде бұрыннан қара тізімде тұрған Қуанай хазірет сынды тұлғалар алдымен нысанаға ілінді.
«Екпінді құрылыс» газетінің 1937 жылғы 15 тамыздағы №186 санында «Дінге қарсы пропаганда жұмысы нашар» деген мақала шығыпты:
Әңгімесін әу дегеннен «Жымпиты ауданы көлеміндегі партия, кеңес орындары дінге қарсы үгіт жұмысын әлі кемеліне келтіре алмай отыр» деп бастаған автор «Қособа ауылында Қуанай ишан Орал мен Жымпитының арасына жүруіне расходқа деп жәрдем жинаған» деп көрсетеді. Бұл бүкіл Кеңес Одағының аспанында қуғын-сүргін бұлты қоюланып, «халық жауын» іздеу науқаны басталған шақ еді.
1937 жылы мұсылман элитасын, көрнекті дін қайраткерлерін баудай түсірген әйгілі «Орталық Мұсылмандар діни басқармасы ісі» («Дело ЦДУМ») бойынша Уфадағы діни басқарма төрағасының орынбасарлары Кашафутдин Тәржіманов пен Маһди Мақұлов басқарды делінетін астыртын топ алдымен сотталса, осы ұйымның Батыс Қазақстан өңіріндегі қанатына жетекшілік етті деген желеумен белгілі дін қайраткерлері Қуанай Қосдәулетов пен Хасан Нұрмұхамедұлы бастаған бір топ адам 1937 жылы 29 қазанда тұтқынға алынды. Қаражүрек тергеушілер жасы 80-ге таяған, төсектен тұра алмай жатқан хазіретті түрмеге зембілге салып алып кеткен.
«Батыс Қазақстан облысында кең тармақталған контрреволюциялық панисламистік бай-молда, бүлікшіл, шпиондық, диверсиялық ұйым әшкереленді. Ұйымның мақсаты – Кеңес өкіметін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алып, Жапония протекторатындағы буржуазиялық ұлтшыл мемлекет құру болған» – Қуанай хазіретті, оның ұлы Мұхамед-Закирді және бірнеше адамды айыптаған қылмыстық істің айыптау жолдары осындай еді.
* * *
Кейін Сталин өлген соң Кеңес Одағындағы қуған-сүргін құрбандарының ісі қайта тексеріле бастайды. 1955 жылы тергеушіге берген жауабында осы оқиғаның куәгері, НКВД қызметкері Ахмет Әбузаров былай деген екен:
«...Шамамен 1937 жылдың тамыз айының соңында немесе қыркүйек айында ІІХК (НКВД) Батыс Қазақстан облыстық басқармасы жанынан «ерекше үштік» құрылған соң Орал қаласына ҚазКСР халық комиссарының орынбасары Володзько келіп, баяндама жасау үшін жедел уәкілдерді, ішінде мен де бармын, шақырып алды. Баяндама барысында Володзько біздің «облыстағы контр-революциялық ұйымдарды әлі күнге дейін әшкерелемей отырғанымызды» сынап, қолда бар тіркелген материалдарды жинақтауды тапсырды.
Менің есімде, Володзько өңірдегі мұсылман діні қайраткерлері туралы материалдармен танысқан соң өзі айтып отырып бір бұйрықты қағазға түсіртті. Ол бұйрықта Батыс Қазақстан облысында контрреволюциялық, бай-молдалардан құрылған, бүлікшіл ұйымның әшкереленіп жойылғаны айтылған, осыған байланысты біз өңірдегі барлық бай мен молданы тұтқындап, әлгі ұйымға қатысты екенін анықтауымыз керек болды.
Жұмыс барысында мені басқарма бастығы Ромейконың кабинетіне шақырды. Онда Володзько маған бір тұтқынның тергеу хаттамасын көрсетіп, қалай дұрыс толтыруды түсіндірді. Ол маған: «Жақсы бір хаттама жасап алу керек, осының негізінде өзге де хаттамаларды толтыру қажет, тек қатысушылардың аты-жөнін өзгертіп, бәрін де ұйымға мүше ретінде қосу қажет» деді. Істерді қалай қарау жөнінде де ақылын айтты: «Ұйымның басшысы ретінде 10-15 адамды ерекше іске тіркеп, айыптауды көбірек қосып, Әскери алқаға жібереміз, олар бірінші дәреже бойынша өтеді. Ал төменгі қатардағы мүшелерінің барлығын бірінші дәрежеге жатқызып, «Үштік» арқылы өткіземіз. Бұл жұмыстың бәрін облыстық басқармадағы Голованов пен Испанский біліп отыруы тиіс...».
Жоғарыдағы құжатты ҰҚК саласының ардагері Қуаныш Қитаров 2011 жылы жарық көрген «Саяси қуғындар тағдырлары» кітабында жариялаған.
Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының архивінде сақталған қылмыстық істермен таныса отырып, «Батыс Қазақстан облысында кең тармақталған контрреволюциялық панисламистік бай-молда, бүлікшіл, шпиондық, диверсиялық ұйым мүшелерін» әшкерелеген қылмыстық істердің дәл осы тәртіппен жүргенін көреміз.
Деректерге қарағанда «Уфадағы Орталық Мұсылмандар діни басқармасы төрағасының орынбасары Маһди Мақұлов басқарған астыртын ұйымның мүшесі» деген айыппен Оңтүстік Қазақстан облысынан – 119 адам, Ақтөбеден – 72, Атыраудан – 12, Қазақстанмен шекаралас Ресей облыстарынан 25 адам (негізінен қазақтар) сотталып, атылған екен. Батыс Қазақстан облысы бойынша нақты дерек болмағанымен, жазықсыз жазаланған дін қайраткерлері аз болмағанын қазірдің өзінде аңғарып отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған қуғын-сүргін құрбандарын түбегейлі ақтау жөніндегі жұмыс тобының алдындағы зор міндеттің бірі осы.
* * *
...Біздің кейіпкеріміз Қуанай хазірет 1937 жылы 5 желтоқсанда «үштіктің» шешімімен ату жазасына кесіліп, 7 желтоқсан күні 21 сағат 30 минутта үкім орындалған.
Осылайша, саналы ғұмырын хақ Исламның жолына арнап, сол жолда мың сан мехнат шеккен хазірет 79 жасқа қарағанда Орал қаласында жалғыз ұлымен бірге шәйіт болды...
Дегенмен, Қуанай хазіреттің есімі халық жадынан өшкен емес. Тіпті Кеңес өкіметі кезінде де хазіреттің есімін Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» кітаптары арқылы халық жақсы білді. Кейінгі жылдары дін қайраткерінің өміріне қатысты басқа да деректер жария болып жатыр. Ел ішінде Қуанай хазіреттің асатаяғы табылғаны туралы сүйінші хабар жетті. Енді Орал қаласындағы орталық мешіттің маңдайына Қуанай хазіреттің есімі ілінсе, аруақ алдындағы бір парыздың ақталғаны деп білеміз.