Елбасы • 29 Сәуір, 2021

Елбасының Норвегияға сапары

377 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бұдан 20 жыл бұрын Тұңғыш Прези­дентіміздің  Норвегияға бірін­ші ресми сапары болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ослоға ат басын бұруы осы скандинавиялық ел­мен ынтымақтастықтың іргетасын қалады. Оқырмандар назарына қазақстандық және норвегиялық сара­пшылардың Елбасының ал­ғаш­­қы сапарының тарихи мәні мен қазақстан-норвегиялық қаты­нас­тардың перспективалары туралы пікірлерін ұсынамыз.

Елбасының Норвегияға сапары

Сурет Елбасы кітапханасының қорынан

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның Ұлыбританиядағы және Норвегиядағы қызметін қоса атқарған бұрынғы елшісі (2000-2002 жж.):

– Осыдан жиырма жыл бұрын Ослода біздің елшілігіміз әлі ашылмаған болатын. Ол кезде мен резиденциясы Лондонда орналасқан Қазақстанның елшісі қызметін Батыс Еуропадағы бірқатар, оның ішінде Норвегия да бар, елінде атқарғанмын. Осы себептен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылдың сәуірінде Норвегия Король­дігіне жасаған алғашқы ресми сапары­ның мазмұндық және ұйымдас­тыру­шылық мәселелерімен өзім шұғыл­данған болатынмын.

Президентіміз сапар барысында Король Харальд V пен аса жылы кездесу, Премьер-министр Йенс Столтенбергпен және Стортинг (парламент) Төрағасының міндетін атқарушысы Ханс Росьйорд­пен жемісті келіссөздер өткізді. Сон­дай-ақ Қазақстан басшысы Норвегия халықаралық қатынастар институтында (NUPI) сөз сөйледі және бизнес жетек­шілерімен кездесті.

Іс-шара барысында қол қойылған құжат­тардың ішінде Қазақстан мен Нор­вегия арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы мәлімдеме, сондай-ақ қосар­лан­ған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция болды.

Норвегия тек дамыған, өркендеген Еуропа елі ғана емес. Біз үшін оның қызықтығы – мұнай мен газ өндіретін ең табысты мемлекет екені. Қазақстан өз тәуелсіздігінің он жылдығын 2001 жылы атап өтіп жатқанда ХВҚ алдындағы қарызынан құтылып, нарықтық экономикасы бар ел мәртебесін иеленді және жалпы өсу траекториясына кірді. Бізге ұзақ мерзімді тұрақты даму моделі қажет болды. Сол кезде Елбасы дәл Нор­вегияға баса назар аударғаны өте қисынды еді. Норвегиялық тәжірибеге негізделіп, «Қазақойл» ұлттық компаниясы (кейіннен «ҚазМұнайГаз») және табиғи ресурстарды өндіруден түскен кірістерді жинақтайтын Ұлттық қор  құрылған болатын.

«Біз Мұнай қорын 1990 жылы-ақ құ­рып алған Норвегияның сәтті тәжі­ри­бесін ескердік. Аталған қордың ар­қасында, біріншіден, осы скандина­вия­­лық мемлекеттің экономикасы ба­­қы­лауға бой бермей кетуге ұрын­ба­­ды, екіншіден, тұрақтандыру қоры құ­­рыл­ды, үшіншіден, жинақталған қара­­жат болашақ ұрпаққа сақтала бер­ді. Ұлттық қордың жаңа тәуелсіз мем­­лекеттер арасында бірінші болып Қазақ­­станда құрылғанын да атап өткен жөн», деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында. 20 жыл өткен соң біз сол кезде белгіленген ұзақ мерзімді қатынастардың бағыттары бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ деп сеніммен айта аламыз. Бүгінде Нор­вегия, табысты мұнай мен газ секторын санамағанда, көміртегі аз экономиканы енгізудің, мықты әлеуметтік жүйеге ие мемлекеттің және іскерлік қауымдастықтың жауапкершілігі озық стандарттарының үлгісі болып келеді. Бұл салалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңғырту күн тәртібіне ен­гізілген. Менің ойымша, дамудың үлгісі ретінде Норвегия Қазақстан үшін стра­тегиялық қызығушылық тудырады.

 

Еркін АҚЫНЖАНОВ,

Қазақстанның Норвегиядағы елшісі:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Норвегияға жасаған алғашқы ресми сапары кезінде қаланған іргетас елдер арасындағы екіжақты ынтымақтас­тық­ты дамытудың ұзақ мерзімді негізі болып табылады. Халықаралық өмірдің барлық мәселесі бойынша біздің ұстаным­дары­мыз іс жүзінде ортақ. Бүгінде Нор­вегия – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің мүшесі, қақтығыстарды шешудің, халықаралық дамудың белсенді демеушісі және Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының ең ірі донорларының бірі.

Қазақстан мен Норвегия ядролық қарудың таралуына жол бермеу және ядролық қарусыздану ісіне айтарлықтай үлес қосуда және атом энергетикасы са­ла­сының маңызды ойыншылары болып саналады. Норвегия Халықаралық төмен байытылған уран банкін (ХТБУБ) құру жобасы донорларының бірі болды. Бұл ел көмірсутектерді ірі экспорт­таушылардың бірі ретінде Қазақстан үшін мұнай мен газ секторын дамыту тұрғысынан зор қызығушылық танытады. Қазақстанның Ұлттық қорын құру кезінде Норвегияның тәжірибесі мұ­қият зерттелген болатын. Мұнай мен газ саласындағы қазақстандық мамандар Норвегияда жұмыс істеуде және білік­тілік алуда. Норвегияның сервистік ком­паниялары Қазақстандағы мұнай мен газ саласына қызмет көрсетуге қатысады.

Қазіргі таңда Қазақстанда норвегтер­дің қатысуымен 25 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер қызмет етуде. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «ҚазМұнайГаз» бен норвегиялық «Экви­нор» компаниясы арасында бірлес­кен геологиялық зерттеулер жүргізу тура­лы келісімге қол қойылды. Жалпы, мұнай өндіру, мұнайсервистік қызмет көрсету, аквамәдениет, мал шаруашы­лығы, баламалы энергетиканы дамыту салаларындағы екіжақты жобалар жүзе­ге асырылу сатысында. Өзара сауда­да Нор­вегия балығы мен Қазақ­стан ас­ты­­ғы басым болып отыр. Эко­номи­ка­лық ынтымақтастықты жандандыру мақ­сатында Қазақстан-Норвегия сау­да-өнеркәсіп палатасының кеңесі қыз­мет етуде. Былтырдан бері Қазақстан ар­қылы өтетін Норвегияның Солтүстігі мен Қытай арасындағы контейнерлік темір жол қатынасы іске қосылды.

Орталық Азия мен Скандинавияның ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеу бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. 2000 жылдары Норвегия демеу­шілік көрсетіп, өз мамандарын Алматы облысындағы Тамғалы петро­глифтерін сақтау жұмысына жіберді.

Елшілік 1944 жылы Норвегияның солтүстігін азат етуге қатысқан қазақ­стандықтарды мәңгі есте сақтау, сон­дай-ақ соғыс кезінде Нор­ве­гиядағы тұтқында қаза болған қазақ­стандықтардың жерленген жер­лерін іздеу және есімдерін жариялау бойын­ша жұмыс жүргізіп отыр. Биыл Абай шы­ғар­маларының норвег тіліне аударыл­ған нұсқасының тұсаукесері өтеді.

 

Метте КОНГСХЕМ,

норвегиялық дипломат, Норвегияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

– Біз күнде әлем жаңалықтары бей­несін сипаттайтын соғыстар мен қақ­ты­ғыстарға куәміз. Бұл жағдай қан­шалықты мемлекетаралық мәселе­лер­ге қатысты болса, соншалықты көп­те­ген елдегі ішкі ұлтаралық пен дін­­аралық қақтығыстарға тиесілі. Алай­­да этностық және діни алуан ­түр­­лілі­гіне қарамастан, тұрақтылы­ғы­мен, эконо­микалық дамуымен ерек­ше­ле­­не­тін елдер бар екендігі көңілге үміт ұялатады. Мұндай елдердің бірі – Орталық Азиядағы Қазақстан мемлекеті. Осы жас мемлекетте әртүрлі этностық топтар бейбіт өмір сүріп жатыр.

Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Норве­гия­ға ресми сапар жасағанына 20 жыл то­лып отыр. Бұл Орталық Азия елі Нор­­вегия­дан алыста болғанымен, осы ма­ңыз­ды сапар елдеріміз арасында келе­шек жыл­дардағы тығыз әрі игі ынтымақ­тас­тық­тың негізін қалаған болатын. Сапар нор­вегиялық саясаткерлер мен жал­пы нор­вегтерді Қазақстанмен танысты­рып қана қойған жоқ, біз маңызды гео­саяси және экономикалық мүдделер тоғы­сатын Орталық Азияның мәнін ұғындық.

Қазақстан 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіз ел болды. Сол кезде ел алдында күрделі міндет тұр­ған. Мемлекеттік құрылымдарды маз­мұнды толықтыру, көпэтносты қо­ғ­ам­да ұлттық мемлекет құру мен ұлт­тық сананы қалыптастыру қажет болды. Каспий теңізі мен елдің басқа да аума­ғындағы мұнайға ұлттық меншіктің арқасында елдің ресурстық базасын қамтамасыз ету мәселесі тұрған. Нұр­сұлтан Назарбаевтың мемлекет құру жоба­сы сәтті жүзеге асты. Ол елдегі бір­лік пен тұрақтылықты сақтау құралы ретін­де діни төзімділік пен конфессиялар ара­сындағы диалогқа сүйенді.

Қазақстанның 1991 жылдан кейінгі тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегімен тікелей байланысты. Ол тәжірибелі саясаткер және стратег ретінде Қазақстанды саяси көре­ген­ділікпен басқарды. Ол экономиканы реформалап, нарықтық экономиканы, ұлттық валютаны енгізді. Елін халықаралық қоғамдастыққа танымал етіп, инвестициялар тартуды  қам­тамасыз етті. Ол Ресей мен Қытай сияқ­ты ірі державалар мен Ауғанстан сын­ды көршілес елдері бар Қазақстанда тұ­рақ­тылықты қамтамасыз ету үшін халық­аралық деңгейде теңгерімді сая­сат жүргізудің маңыздылығын түсін­ді. Оның көпвекторлы саясаты бүгінде Қазақ­станның аймақ елдерімен де, АҚШ және ЕО-мен де тығыз ынтымақтастық ор­натуына мүмкіндік берді. Нұрсұл­тан Назарбаев үшін Қазақстанның халықаралық сахнада белсенді болуы мен халықаралық ұйымдардың мү­ше­лігіне ұмтылуы маңызды болып отыр­ды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйымы­на (ЕҚЫҰ) төрағалық етті және осы маңыз­ды миссияға дайындалу кезінде Нор­вегия­мен тығыз әрекеттесті. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­шесі ретінде де маңызды үлес қосты. Ал Норвегия Қауіпсіздік Кеңесінің мүше­лігіне үміткер болған кезде Қазақстан оның белсенді қолдаушысына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жыл­дың сәуірінде Норвегияға келгендегі мақ­саттарының бірі – Норвегияның мұ­най елі ретіндегі тәжірибесімен танысу еді. Біздің елдеріміздің энергети­ка са­­ла­с­ындағы ынтымақтастығы ерекше маңызды болды. Саяси шаралар мен бірқатар іскерлік байланыс та біз­дің ел­деріміз арасындағы игі қарым-қаты­нас­тардың нығаюына ықпал етті.

Сол кезде КСРО-ның мұрасына ай­тар­лықтай назар аударылып отырды. Қазақстан Кеңес Одағының ядролық қару жасау зертханасы болды. 1991 жылы тәуелсіздік алғанда Қазақстан ядролық қарудың арсеналы бойынша әлемде төртінші орында болды. Президент Н.Назарбаев бұл қарудан дереу құтылу туралы шешім қабылдады. Қазақстан ядролық державаға айналудан бас тартты. Сол кезден бері ел ха­лық­аралық қарусыздану іс-әрекетінде маңызды рөл атқаруда.

Елдің Тұңғыш Президенті үшін ор­талықтандырылған басқарудың және ке­зең-кезеңімен демократияландыру про­цесінің болуы маңызды болды. Нұр­сұлтан Назарбаевтың мантра­сы әр­­дайым Қазақстан біріншіден эконо­ми­ка­лық өсімді және тұрақтылықты ны­ғай­туды қамтамасыз етіп, содан кейін «қазақ­стандық жолмен» демократиялық басқарудың формасын енгізетін уақыт келуі мүмкін деген ұғымда болып отыр­ды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жыл ішінде Қазақстан Батыс елдері көптеген ғасыр бойы жүзеге асырған оң үде­ріс­терді едәуір қысқа уақыт ішінде іс жүзіне асырды.

Алда әлі де ұзақ жол бар. Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезін­де тұрақты ілгерілеу байқалуда. Ел ішіндегі де, аймақтағы да тұрақты­лық­­қа Қазақстанның баса назар аударуы бейбітшілік пен тұрақтандыру про­­­цес­­терінде өте маңызды. Қазақстан ха­лық­­аралық деңгейде құрметке ие, ал Нор­вегия үшін Қазақстанмен алда­ғы жыл­дардағы ынтымақтастық бұрынғы­дан да нығая түсетін болады.

 

Айгүл ҚҰСПАН,

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

– Ол кезде мен Сыртқы істер ми­нистр­­­лігі Екіжақты ынтымақтастық де­­пар­таментінің Батыс Еуропа бөлі­мін басқардым және сапарды пысы­қ­тау­ға тікелей қатыстым. Шын мәнін­де, Қазақстан үшін бұл сапар Скан­дина­виямен, ал норвегиялықтар үшін жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстанмен танысу еді. Сондықтан сапар бағдарламасы мүм­кіндігінше іс-шараларға толы болды: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Норвегия Королімен және Премьер-министрімен ресми кездесулерінен басқа, ол Норвегия Парламентінде (Стортинг), әйгілі Осло мэриясында болып, Норвегия халықаралық қатынастар институтында сөз сөйледі. Сонымен қа­тар мұнай-газ, телекоммуникация, ке­ме қатынасы, туризм және құрылыс са­ла­ларымен айналысатын норвегиялық компаниялардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Тұңғыш Президентіміз тәуел­сіз Қазақстандағы алғашқы онжыл­дық­тағы реформалардың нәтижелері, оның халықаралық істерге көзқарасы, сондай-ақ біздің елдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтты.

Осы сапардан кейін екі ел арасында бірқатар маңызды ресми іссапар болып, соның ішінде 2004 жылы Норвегия Премьер-министрі Кьел Магне Бондевик және 2010 жылы мұрагер ханзада Хокон Магнус Қазақстанға келіп, мемлекеттер өзара елшіліктермен алмасты.

Менің ойымша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан жиырма жыл бұрын Ослоға алғашқы сапары кезінде екі ел үшін басымдықтарды өте айқын бел­гіледі. Сол кезде құрылған саяси қа­тынастардың негізі жан-жақты ны­ғай­тылуы керек. Норвегия мұнай-газ секторын, жасыл энергияны және қоршаған ортаны қорғаудың ең сәтті мысалы болып қала береді. Сонымен қатар Қазақ­стан мен Норвегия – бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақты дамуға үлес қосатын көпжақты құрылымдардың белсенді ойыншылары.

Перспективалар тұрғысынан мен парламентаралық диалогты дамытудың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан демократиялық және еркін қоғам құруды жалғастыруда. 2019 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені жаңғыртуға және адам құқықтарының қорғалуын қам­тама­сыз етуге бағытталған жаңа рефор­маларды жүзеге асыра бастады. Бұл Парламенттік оппозиция институтын заң жүзінде қамтамасыз етуді, саяси партиялар кандидаттарының сайлау тізіміне әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота енгізуді, жала жабуды қылмыс деп танымау, бейбіт жиналыстарды ырықтандыру және тағы басқа бағыттарды қарастырады. Норвегиялық парламентшілермен диалог жүргізу және тәжірибе алмасу біз үшін үлкен қы­зығушылық тудырады. Қазақстан Пар­­ламенті Мәжілісі норвегиялық Стор­тингпен екіжақты негізде де, ЕҚЫҰ Пар­ла­менттік Ассамблеясы және басқа форум­дар аясында да өзара әрекеттесуге дайын.

 

Оле Йохан БЬОРНОЙ,

Норвегияның Қазақстандағы

бұрынғы елшісі:

– 2001 жылы Президент Н.Назарбаев­тың Ослоға сапары барысында қабыл­дан­ған Қазақстан мен Норвегия ара­сын­дағы достық қатынастар мен ынтымақ­тастықты одан әрі дамыту туралы бір­лес­кен мәлімдемені зерделей отырып, біз содан бері екіжақты және көпжақты ын­­тымақтастықта қол жеткізілген жетіс­тіктерді қанағаттанушылықпен ай­та аламыз. Бұл ынтымақтастықтың ма­ңыз­ды бағыты болған қарусыздану және таратпау саласына да қатысты. Осы орайда мен Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы шетелдік елшілерге арнал­ған қабылдауын еске аламын. Ол Қазақ­станның дамуы туралы баяндама жасады, содан кейін әр елшімен жеке әң­гі­мелесті. Менің кезегім келгенде мен қарусыздану және таратпау саласындағы өзара іс-қимылымызды атап өттім, 2015 жылдың соңында Иранмен ядролық келісімнің алға жылжуына Норвегия мен Қазақстанның үлесіне, сондай-ақ энергетика саласындағы жобаларға тоқталдым. Соңында мен ежелгі еуропалықтардың шығу тегі туралы ғылыми жобаны айттым. Сонда Президент өзіне тән әзілмен: «Со­ны­мен, сіз осы жақтансыз ба, әлде біз ол жақ­танбыз ба?» деген сұрақ қойды.

Шын мәнінде 2015 жылдың күзін­де Норвегия зерттеушілері ежелгі еуропа­лық­тардың шығу тегі туралы көбірек білу үшін Скандинавия жобасы аясында Қазақстанға келді. Дала қорғандарынан ДНК жиналып, талданды.

Біздің екі елдің халықтарын салыс­тыру үшін «теңіз көшпенділері» және «дала көшпенділері» тіркестері жиі қолданылады. Себебі олар әрдайым та­бысқа жету мен дамудың жаңа жолдарын іздеумен болды. Біздің елдеріміз көлемі жағынан да ұқсас деп айтуға болады, әсіресе теңіз аумақтарын қоса ескергенде. Оңтүстік Атлантикадағы Бувет аралының теңіз аумағымен бірге алғанда Норвегия аумағы шамамен 2,7 миллион шаршы шақырымға жетеді екен. Екі ел өз байлығының едәуір бөлі­гін құрлық пен теңізден ала­ды. Қазақ­стан әлемдегі ең құнды ба­лық түрі – бекірелер мекендейтін Кас­пий теңі­зінің жағалауындағы бес мемле­кет­тің бірі. Норвегия, біздің ортақ көршіміз – Ресеймен теңіз ресурстарын басқару саласында өте жемісті және тұрақты ынтымақтастыққа ие.

«Мәдениет мәдениеттерді біріктіре­ді» – бұл әдемі сөз ғана емес. Норвегия Қазақстан туралы 1970 жылдары, Алма­ты тауларындағы Медеу мұз айдынында конькимен сырғанау бойынша ре­кордтар орнатылған кезде, яғни әйгі­лі норвегиялық «төрт S» – Стенсен, Стор­хольт, Стенсьеммет және Шебранд танымал болған кезде білді. Біздің елдер арасындағы қарым-қатынастың тағы бір тармағы – Владимир Смирновтың Лиллехаммердегі Олимпиададағы шаң­ғы жарысынан бес шақырымдық қа­шықтықтағы жеңісі. «Смирре» (норвегтер Смирновты сүйіспеншілікпен осылай атайды) бүкіл Норвегияның бойтұмарына айналды.

Норвегияның Қазақстандағы елші­сі ретінде жұмыс істеген сегіз жыл ішін­де спорттық іс-шаралар мен үшін ұмы­­тыл­мас болып қалады. 2015 жылы Смирренің қатысуымен болған Алма­ты­дағы жастар арасындағы әлем чемпио­натынан бастап, Ослоның әйелдер командасы ойнаған Шымкенттегі футбол матчына дейін.

Мен болашақта ғажап дауысы арқы­лы әлемдік сенсация деп атал­ған әнші Димаш Құдайберген көп ұза­май Нор­вегияға келеді және оның кон­цертін­дегі көрермендердің қатарында мен де боламын деп сенемін.