Пікір • 29 Сәуір, 2021

Ұлт көшбасшысына тән ұлағат

129 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы сессия өз басым үшін ерекше болды. Елбасымыз өз сөзінде мен туралы да айтты. Бұл – қарапайым жас азамат үшін зор мәртебе, үлкен қуаныш және керемет қанаттандыру.

Ұлт көшбасшысына тән ұлағат

Жалпы, Ассамблея жайлы әртүрлі пікір айтылып жатады. Бірақ басқа посткеңестік елдерге қарағанда біз – 30 жылдың ішінде ішкі соғысты көрмеген, этноцидке, этносепаратизмге жол бермеген көпэтносты халық, бейбіт мемлекет екенімізді ешкім бекерге шығара алмайды.

Иә, тұрмыстық қақтығыстар қай елде болсын ұшырасады. Түрлі этнос өкілдері арасындағы жеке тартыстар да әр мемлекетте бар. Бірақ біз сондай дау-дамайларды жекетұлғалық деңгейден жалпыұлттық деңгейге шығармадық. Қоғамдық келісім моделімізді БҰҰ, ЕҚЫҰ, басқа да үлкен мәртебесі бар ұйымдар мойындаған. Тек ішкі тұрақтылығымыздың және осындай ұйымдардың жоғары бағасының арқасында Қазақстанға шетелдік инвестициялар келіп түсуде. Қазақстанды бүкіл әлем құрметтейді. Үлгі ретінде жаһандық алаңдарда біздің еліміз туралы сөз қозғалады. Кейбіреулер тәуелсіздігіміз бен ішкі келісімімізді дұрыс бағаламайды, олардың қадір-қасиетін жете түсінбейді. Біз 30 жылдың ішінде шекарамызды бекіттік. Жаңа саяси және экономикалық институттарды құрдық.

Ал ең бастысы – біз егемен елімізді құрдық! Дәл қазір бәріміз үшін тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Барлық жеңісіміз – егемендігіміздің арқасы. Ал жаңа егемен мемлекетіміздің қалыптасып, өрлеп-өсуі Елбасымыздың ерен еңбегімен тікелей байланысты. Жылы кофейняда капучино ішіп, тегін вайфай мен соңғы смартфон арқылы өткен дәуірге түрлі «саяси баға» беруге болады. Өйткені біз – демократиялық мемлекетпіз. Сөз бостандығымыз бар. Бірақ сынаудың орнына, бәріміз нақты іспен еліміздің дамуына үлес қоссақ, бірнеше жылдың ішінде тарихта көрмеген жеңіске жетеміз деп кәміл сенемін.

Жалпы, кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи сессиясы өтті. Енді осыдан 25 жыл бұрын құрылған маңызды институтты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын болды. Ассамблеяның негізін қалаушы, әлемге танымал «Бейбітшілік пен келісім» моделінің авторы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚХА-ның «Құрметті Төрағасы» құрметті атағы берілді. Бұл да институтымыз жылнамасының жаңа межесі деп айтуға болады. Бейбітшілік пен достық – бос, абстрактылы сөздер емес. Бұл – біздің үлкен де ортақ еңбегіміз. Сондықтан біз, Тәуелсіздік жастары, қоғамдық келісімді нығайту жолында бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз.

 

Максим СПОТКАЙ,

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы