Пікір • 29 Сәуір, 2021

Тағы бір тарихи сәт

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында осы ұйым Төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Біз осы тарихи сәтке тебірене куә болдық. Өйткені бұл Тұңғыш Президентіміздің еліміздің ішкі-сыртқы саясатын сабақтастықты сақтай отырып, лайықты жалғастырып келе жатқан ізбасары – бүгінгі Мемлекет басшысына деген сенімі мен құрметінің айғағы деп білеміз.

Тағы бір тарихи сәт

Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – еліміздің ішкі саясатында маңызды рөл атқарып отырған, этносаралық даулар мен жанжалдардың алдын алу саласындағы беделді институт екені анық.

Сессия аясында этносаралық медиацияға ерекше көңіл бөлінгені қуантады. Ынты­мақ­тастық тақырыбы жыл сайын ҚХА сессиясында кеңінен талқыланатыны белгілі. Қазіргі уақытта республикада ҚХА жанындағы екі мыңға жуық Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олар азаматтық қоғам институттары мен биліктің өзара іс-қимылын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік органдардың жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі іс-шара­ларды іске асыруына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ халықтың пробле­маларына мониторинг жүргізеді.

Қазақстан – көптеген этнос пен  конфессияның ортақ үйі. Елімізде 471 этномәдени бірлестік, 19 республикалық және өңірлік ұлттық газет, радио және телебағдарлама, 6 ұлттық театр, 100-ден астам этностық мектеп және 170 тілдік орталық жұмыс істейді. Ұлттық жаңғыру мектептерінде 11 тілді оқыту бойынша 29 бөлім жұмыс істейді. 4 мыңнан астам діни бірлестік, 46 конфессия мен 3 мыңнан астам ғибадат үйі жұмыс істейді.

Біз – көпэтносты елдің біртұтас халқымыз. Сондай-ақ біздің бар күш-жігеріміз кез келген қауіп-қатер мен қыр көрсетулерді еңсеруге қабілетті әрі ұйымшыл Қазақстан халқын қалыптастыруға бағытталған. Дәл осы мақсат пен одан туындайтын міндеттер әр кезеңде жаңа деңгейге шыға отырып, тұрақты даму үстіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде әрқашан басым маңызға ие. Қасиетті қазақ жерінің аспаны әрдайым ашық болып, мемлекетіміздің экономикасы мен мәдениеті қарыштап дами берсін деген тілектеміз.

 

Шерзод ПУЛАТОВ,

Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі