Оқиға • 29 Сәуір, 2021

Алматыдағы Медеу аудандық судьясына қатысты ақпарат жалған болып шықты

580 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда алаяқтық жасады деген күдікке ілінген судья Светлана Жолмановадан 4,5 миллион доллардан астам қаржы тәркіленгені жайлы хабар тарады. Судьяның ақшаны қайда жасырғанын ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz  Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Алматыдағы Медеу аудандық судьясына қатысты ақпарат жалған болып шықты

«Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманованы тінту кезінде кабинетінен 4 500 доллар, үйін тінту барысында 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар ақша табылған. Застройщиктен - 1 180 000 доллар пара алған», деп жазды құқық қорғаушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек фейсбуктегі парақшасында. 

28 сәуірде Алматы қалалық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімі мен ҰҚК департаменті Медеу аудандық сотының судьясына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізетінін хабарлады. Ұсталған судьяға қатысты ҰҚК департаменті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі жоғарыдағы ақпаратты жоққа шығарды. Қалалық соттың мәлімдеуінше, судьяның қызметтік кабинетінен 10 000 доллар табылған, ал үйінен ештеңе табылмаған.

ҚР Жоғарғы сот төрағасының бұйрығымен судьяның өкілеттігі тоқтатылды. Алматы қалалық соты жалған ақпарат таратқан адамдарды жауапқа тарту туралы Алматы қаласының прокуратурасына шағымданды.

Еске сала кетейік, Алматы қалалық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімі мен ҰҚК департаменті Медеу аудандық сотының судьясына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізді.