Әлем • 29 Сәуір, 2021

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болды

615 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстан-Тәжікстан шекарасында Баткен ауданының Көк-Таш ауылында қарулы қақтығыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болды

Тәжікстан тарапының мәліметінше, 29 сәуірде сағат 13:05-те Ходжаи Аъло джамоата Чоркух ауылының маңындағы Исфары өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан «Головный» су тарату пунктінің учаскесінде Қырғызстанның әскери қызметшілері Тәжікстан шекара қызметшілеріне оқ жаудырған.

«Су тарату пунктінің учаскесіндегі оқиға қырғыз тарапының Тәжікстанмен бұрын қол жеткізілген екіжақты келісімдерді бұзуымен байланысты. Онда көрші ел су тарату пунктін заңсыз басып алу әрекеттерін жүзеге асырған. 1924-1927 жылдардағы, сондай-ақ 1989 жылғы карталарға сәйкес бұл нысан толығымен Тәжікстан Республикасына тиесілі. 1968 жылдан бастап Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларының шекаралас аудандарын суару және сумен жабдықтау үшін пайдаланылды», делінген Тәжікстан ҰҚК Шекара әскерлерінің баспасөз орталығының хабарламасында.

Қырғыз Республикасының Шекара қызметі тарапынан әзірге оқиға туралы ресми ақпарат жоқ. Қазір ҚР ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиев елден тыс жерде. Ол Facebook-те Германиядан Қырғызстанға шұғыл түрде ұшқанын жазды.

«Кеше таңертең Германияға емделуге ұшып кеткен едім. Бірақ бүгін Баткендегі оқиғаларға байланысты ауруханаға жетпей, Қырғызстанға қайтып барамын. Елге түнде жетемін», деп жазды Қамшыбек Тәшиев.