«Вакцина таңдауға қатысты мәселені «Самұрық-Қазына» өзі айқындамайды. Бұл «СҚ-Фармация» мен Денсаулық сақтау министрлігінің құзіреті аясына кіреді. Яғни, олар мұндай шешімді қажетті көлемде вакцинаның болуына, логистика мен температура режиміне байланысты қабылдаған сияқты. «Самұрық-Қазына» қоры 1 млн доза сатып алуға төлем жасайды. Қазір оларды жеткізу басталды», деді агенттік тілшісіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаментінің директоры Марат Мұхамедсалимов.
Оның атап өтуінше, 1 млн доза вакцина сатып алуға 31,1 млн доллар қаржы жұмсалған.
«Бүгін ведомствоаралық комиссия отырысында 120 мың доза Қазақстан бойынша «Самұрық-қазына» компаниялар тобының жұмысшыларына егілетіндігі туралы шешім қабылданды. Яғни, өндірістік компаниялар мен филиалдарда еңбек ететін мұнайшылар, энергетиктер, пошта қызметкерлері, ұшқыштар, стюардессалар алады. Ал қалған 880 мың доза барлық қазақстандыққа, ниет білдірген адамдарға қолжетімді. Бастапқыда бұл вакцина «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жұмысшылары үшін сатып алынды деген ақпарат тараған болатын. Ол жалған ақпарат», деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін «СҚ-Фармация» «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ ұжымын вакцинациялау үшін 1 000 000 доза мөлшерінде коронавирустық инфекцияға қарсы Hayat-Vax (SARS-CoV-2 (Vero Cell) вакцинасының партиясын сатып алған еді.
Қытайдың «Sinopharm» компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірген Hayat-Vax (SARS-CoV-2 (Vero Cell) COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинасы +2 - +8 градуста сақталады. 1 адамға вакцинаның 2 дозасын енгізу ұсынылады, екінші доза бірінші инъекциядан кейін 14 күннен соң жүргізіледі.