Ұлы сахараның кең төсін мыңдаған жыл бойы мекен етіп, дала заңымен даңқты ұлыс атанған қазақ халқы ежелден ерекше жаратылған жұрт. Оның ерекшелігі тек тілінде, дінінде я болмаса тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпында ғана емес, ең алдымен оның ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше ұлттық мінезінде деуге болады.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Оған арысын алмағанда, Қазақ хандығы құрылған тұстағы тұғырлы тарихты еске алсақ та жеткілікті. Аға сыйлаудың аса бір символдық үлкен үлгісін хандықтың іргетасын қалаушы қос сұлтан Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпаларымен Шу өңіріне келіп қоныстанып, бүгінгі қазақ мемлекетінің негізін көтерген ұлы тарихи оқиғадан көруге болады. Шу бойы мен Қозыбасыда жиылған құрылтайда Керей сұлтан ақ киізге көтеріліп хан сайланады. Жалпы бұған дейінгі хандық биліктің әкеден балаға мирас болып келгенін ескерсек, Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ ханның ұлы Жәнібек хан нағыз тақ мұрагері болуы тиіс еді. Алайда жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсетуден туған әдеп бойынша Керейдің жасы Жәнібектен үлкендігі ескеріліп, Керей сұлтан қазақтың тұңғыш ханы ретінде Алтын таққа Жәнібек сұлтанның іні ізетімен жайғасады.
Жуырда белгілі журналист Бекен Қайратұлы ағамыздың газетімізде «Қазақтың алыптары» деген атаумен айтулы мақаласы («Egemen Qazaqstan», 14 сәуір 2021 жыл) жарық көрді. Атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай жазылған жазбада даңқты күш аталары, сал-серілер Балуан Шолақ, Иманжүсіптермен балуан Қажымұқан іні арасындағы ізет, қазақы кең мінез керемет көрініс табады. Аталған мақала сол Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқандар сынды байырғы балуандардың бойындағы мәрттік, жігіттік, парасаттылық сияқты ерекше қасиеттер бүгінгі қазақ азаматтарында қаншалықты бар деген сауалға жетеледі. Өз кезегімізде бұл сұраққа жауап іздеп, арғы-бергі оқиғаларды ойша сараладық.
Бәсе, бар еді ғой дедік бір кезде. Естеріңізде болар, осыдан тура бес жыл бұрын ережесіз жекпе-жектен WBK тұжырымы бойынша Қытайдың Шанхай қаласы маңында халықаралық турнир өткен жоқ па еді? Рас, баланың қай жылағаны есте қалады демекші, қай турнир есте қалады дерсіз, бірақ бұл турнирдің аңызын әлем әлі күнге дейін ауызының суы құрып айтады. Жетпіс кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық сайыпқыран Айбек Нұрсейіт пен Қытайдағы қандасымыз Ғабит Тұрғанбектің ақтық сынға шыққан сәті әлі көз алдымызда. Көк туымызды көтеріп келе жатқан Айбекке тілеулес боласыз ба, жоқ тағдыр айырып арғы бетте амалсыз қалып қойған қандас Ғабиттің жанкүйері боласыз ба, таңдау қиын, талап қатал. Жеңіс жеңгенге беріледі. Жеңетін де қазақ, жеңілетін де қазақ. Ел ішінде өтіп жатқан елеусіз дода да демес, бүкіл әлем көз тігіп, Алаштың екі алыбына ентелеп экраннан қарап отыр. Гонг соғылып, жұдырықтарын түйістірген екі бауыр сегіз бұрышты алаңды айналып жүре бастады. Қандасына қолын ала жүгірсе, қазақтығы қайда? Ағасының жағасына жармасса Алаш баласы екендігіне күмән. Елдің көзін алдап жұлқыласқан болады, бірақ жұдырық жұмсамайды. Тірескен болады, бірақ текті ұлдар бірін-бірі теппейді. Әлем аң-таң. Мұндай күтпеген бұрылысты бұған дейін ешкім көрмеген. Алтын белдік үшін алтын бауырын алты құрлықтың алдында жайратып салу қазақ баласынан басқасына үйреншікті жағдай. Төрт-бес минутты төбелессіз өткізген екеуі ақыры төрешілерден төмен баға алып, жұдырықтасудан бас тартысып, сайыс тоқтайды. Осылайша, бұл «болмаған жекпе-жек» деп есептелінді.
«Әрине, мен бұл турнирден еліме көк Туды желбіретіп, жеңіспен оралғым келді. Бірақ ақтық сында бауырмалдықты спорттағы жеңістен, спорттық принциптерден жоғары қойдым. Ғабит қандасым екеуміз қол алысқан сәтте оның күлімдеген көзінен бауырмалдықтың, елге деген сағыныштың лебін сездім. Сол үшін де бауырымды ұру мен үшін ерсі болып көрінді. Мен бұл әрекетіме еш өкінбеймін. Бұл менің ата-анамның, бапкерлерімнің тәрбиесі деп білем», деді журналистерге берген сұхбатында арыстан жүректі атпал азамат Айбек Нұрсейіт.
Өз кезегінде қабылан мінез қайсар қандасымыз Ғабит Тұрғанбек те журналистердің сұрақтарына: «Менде ешқандай да өкініш болған жоқ. Айбек екеуміздің жəне күллі қазақ ұлтының абыройы мен намысының алдында бұл болмашы ғана іс. Тіпті, өкінем деп айтудың өзі ұят. Одан бөлек жекпе-жек барысында Айбек бауырымның да көзінен маған деген мейірім төгіліп тұрды. Бауырмашылдығымыздың арқасында бір-бірімізге ауыр əрекеттерімізді істей алмадық. Жарыс біткеннен кейін Айбек қандасымыз екеуміз қол алысып, құшақтастық», дейді Ғабит батыр. Шын мәнінде Айбек те, Ғабит те бір-бірін төмпештеп жеңбесе де жеңімпаздар еді. Олар қазақтың тектілігін әлем алдында дәлелдеген, қазақтың бауырмалдығын барша жұртқа көрсеткен шын қаһармандар еді.
Сонау жылдары тұңғыш «Қазақстан Барысы» атанған белгілі балуан Ұлан Рысқұлдың да әйгілі жеңісі спортсүйер қауымның есінде болар. Дода барысында Ұлан Рысқұлдың інісі Руслан Әбдіразақов та ағасына жол беріп, бас бәйгесінің белдігін балуан ағасының беліне өзі апарып байлаған жоқ па? Руслан Әбдіразақовтан да әріптестеріміз сұраған кезде де: «Ұлан ағам маған қарағанда шын бабында болды. Оның үстіне, қазақы тәрбие алып өскендіктен, ағамның жолы үлкен екенін түсіндім. Сондықтан оған жолымды бердім», деп інілік көңілін білдірген еді.
Ағаның алдына түспеу туралы аңыз-әңгімелер көп қой, жалпы қазақты жылқы мінезді халық деп тегін айтпасақ керек, бірде осынау інілік ізет һәм ірілік мінез құбылысы жылқы жарықтықта да бар дегенді оқып таңғалдық. Авторы – Советхан Қалиғожин деп жарияланған шағын ғана мақаланы көз жүгіртіп оқысаңыз қызық. «Қос күрең бір биеден туған сәйгүліктер. Бірінен-бірі бір жас үлкен болғанымен бітімі бірдей, бірінен-бірін айыру қиын еді. Бәйгеден үнемі үлкені алда, кішісі артта құйрық тістесіп келеді екен. Ал ағайымның айтуынша, үлкенінен кішісі жүйрік болған. Оған мініп, бәйгеге өзі де шапқан ғой. Кіші күрең бәйге жолында суырылып алда шабады да, көмбе төбесі көрінісімен екпінін бәсеңдетіп, «ағасын» алға түсіріп жібереді. Мейлі, одан әрі қанша әрекеттенсең де ол өз дегенін істеп, көмбеге екінші келеді. Міне, жылқының жүйрігіне байланысты сыры беймәлім тылсым дүниенің таңғажайып оқиғаларының бірі осындай», деп жазады автор.
Қазақ жігіттерінің ірілігі мен ізеттілігі жайында тағы бір тамаша оқиға кеше ғана, сәуірдің 25-сі күні бүкіл әлем көз тіккен Рим қаласындағы боз кілем үстінде болды. Грек-рим күресінен «Маттео Пелликоне» рейтингілік турнирінің алғашқы жарыс күні аяқталып, Қазақстан қоржыны бірнеше медальмен толыққан болатын. Иә, қоржынға қомақты медаль әркез түсіп тұрады ғой, аталған турнирдің тарихи оқиғасы бірақ бұл емес еді.
Турнир шарты бойынша 63 килода қазақстандық балуандар Сұлтан Әсетұлы мен Айдос Сұлтанғали күресуі тиіс болған. Алайда Сұлтан жасы үлкен командалас ағасы Айдоспен белдесуден бас тартқан. Осылайша, Айдос Сұлтанғали турнир жеңімпазы, ал Сұлтан Әсетұлы күміс медаль иегері атанды.
Адамзат аң-таң. Ежелгі дәуірде құлдарды күрестіріп, оны құныға тамашалап отырған римдіктерге бұл көрініс тіпті жат десек те болады. Ақша мен алтын, бостандық пен белдік үшін бауыры түгілі әлі жетсе әкесін жығып жіберіп, қаумалаған елдің қошеметіне бөленетін құлдарды тамашалап үйреніп қалған Колизей көрермендері ағасының алдына түсуді әдепсіздік санаған қазақ оғландарын сонда ұзақ қошеметтепті.
Бұл да – ұлттық код. Қазақтың қазақтығы – ең бірінші оның мәрттігі, ірілігі, жомарттығы, бауырмалдығында болса керек.
Иә, ағаның жолы – аманаттың жолы. Ұлттың жадына жазылған өшпес жазулар болады. Сол киелі сөздердің бірі де бірегейі «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген түйін сөз сияқты. Яғни қай мағынасында болсын аға – үлкен ұғым, кең мағыналы кемел сөз. Біз жоғарыда бірнеше мысалмен айтқымыз келген ағалы-інілі адамдардың арасындағы қатынастың мұндай әлеуметтік ерекше мәнін қазекем осы бірауыз сөзге біріктіріп кеткендей. «Ағасы бардың жағасы бар». Біз сол жағаға жармасуға емес, сол жағаны қадір тұтуды көбірек ескергеніміз абзал.
Кісілікпен де, кішілікпен де жол беру міне, ұлы сахараны мекендеген көшпелі дала халықтарына тән тамаша мінез. Аға сыйлау арқылы іні ірілігін көрсетеді, ініге ізет көрсету арқылы ағаның абырой-беделі асқақтайды. Спорттағы ағаңа белдігіңді бергеннен беделің төмендемейді, қайта елдігің артып, ерегіскен дұшпан алдында Алаш тұлғасы айбарлана түседі!
Құқықтық мемлекетте біліксіз заңгерлерге орын жоқ
Қазақстан • Бүгін, 00:35
Демократияға бастайтын тура жол
Референдум-2022 • Бүгін, 00:31
Экономика қайтсе еңсе тіктейді?
Экономика • Бүгін, 00:31
Тозған жылу электр орталықтарын жаңғыртсақ игі
Қазақстан • Бүгін, 00:03
Банк операцияларын реттейтін платформа
Қаржы • Кеше
Президент саябағына сакура егілді
Қоғам • Кеше
Экономика • Кеше
Референдум-2022 • Кеше
Қоғамды үлкен өзгерістер күтіп тұр
Референдум-2022 • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті
Президент • Кеше
Ахаң жайлы айтады ел қызықты аңыз
Ахмет Байтұрсынұлы • Кеше
Референдум-2022 • Кеше
Басты талап – әділ шешім қабылдау
Қоғам • Кеше
Қаржы пирамидасы: қауіп пен қатер
Қоғам • Кеше
Білім • Кеше
Орталық Азияда жоғары білім аймағы құрылады
Білім • Кеше
Өнер • Кеше
«Қасым хан» көрерменін қуанта ала ма?
Кино • Кеше
Аймақтар • Кеше
Қазақстан • Кеше
Өнер • Кеше
Криптовалюта: Тәуекелі жоғары, болашағы бұлыңғыр
Қаржы • Кеше
Бес боксшымыз – жартылай финалда
Спорт • Кеше
Әдебиет • Кеше
Аймақтар • Кеше
Нұр-Сұлтанда бүлдіршіндер балабақшадан қашып кеткен
Қоғам • Кеше
«Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігіне жаңа басшы тағайындалды
Тағайындау • Кеше
Каспий теңізіне үш адам батып кеткен
Аймақтар • Кеше
Елордада құрылыс алаңында жұмысшы қайтыс болды
Қоғам • Кеше
Атырауда бекіре аулаған браконьерлер ұсталды
Аймақтар • Кеше
Тимофей Скатов кезекті турнирді жеңіспен бастады
Теннис • Кеше
Текелі лай көшкінінен тазартылып жатыр
Аймақтар • Кеше
Қаңтар оқиғасы кезінде дүкен тонаған жігіт сотталды
Қоғам • Кеше
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Ауа райы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар