Қоғам • 30 Сәуір, 2021

«100 жаңа есім»: Қарапайым мұғалім ауылына көпір салып берген

854 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ахат Рақышев Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көктал ауылына 2019 жылы мектеп түлектерімен бірлесіп, өзі 100 метрден асатын көпірдің сызбасын сызып, құрылыстың басы-қасында болған, деп хабарлайды Egemen.kz

«100 жаңа есім»: Қарапайым мұғалім ауылына көпір салып берген

Бұған дейін Көктал ауылының тұрғындары өзеннен қауіпсіз өту үшін өз күштерімен көпір салып алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ахат Рақышев игі істің басын бастап, қолғабыс еткендіктен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанып отыр. Ал Ахат бұл жеңісі туған ауылының ортақ табысы екенін айтады.

«Негізгі мамандығым – мұғалім. Ауылға көпір салу керектігі көптен бері айтылып жүрген. Содан сыныптастарымызбен мектеп бітіргенімізге 20 жыл болғанын ерекше бір іспен есте қалдырсақ деп келістік. 30 жыл бұрынғы түлектер де осы идеяға атсалысты. Көпір құрылысына негізгі қаражатты осы екі топ шығарды. Халық та қолында барымен бөлісті. Ал мен балаларға сызу пәнінен сабақ беретін болғандықтан, көпірдің сызбасын жобалау маған жүктелді», дейді Ахат Рақышев.

Оның айтуынша, көпір салу арқылы ауылдың бір мәселесі шешілген.

«Бұл істе өзіміздің ауылдың әкімі жақсы қолдау білдірді. Қазір көпір ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Енді соның құжатын заңдастырып, қауіпсіз қызмет көрсетуін пысықтап жатырмыз. Бұл жобаға атсалысқан әрбір ауылдасым «100 жаңа есім» жеңімпазы атануға лайық. Бұл байқаудағы менің жеңісім – бүкіл ауылымның жеңісі», дейді Ахат Рақышев.