Қоғам • 30 Сәуір, 2021

Кентаулық ана 18 баланы бауырына басқан

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы Кентау қаласында 18 баланы бауырына басқан көпбалалы ана тұрады. Қазір Түймекүл Ергешқызының бес перзенті аяқтанып, үйлі болған, деп хабарлайды Egemen.kz

Кентаулық ана 18 баланы бауырына басқан

Жас кезінде бауырларын жетілдіремін деп тұрмыс құрмаған келіншек кейіннен балалы болуды армандап, өзге ұлттардың 18 баласын асырап алған. Бүгінде үлкен бес перзенті өз алдына отау құрса, кенже ұлы небәрі екі жаста. Кәсіпкер әйел осыншама баланы бауырына басам деп ойламағанын айтады.

Бастапқыда тұрмыс құрмай уақытымды өткізіп алдым дейді. 33 жасында алғаш 4 күндік тұңғыш қызын асырап алған. Кейіннен балалардың саны жыл сайын көбейіп, көпбалалы ана атаныпты. Үлкен үш қызын ұзатып, екі ұлын үйлендірген. Олардан төрт немере сүйіп отыр.

«Тәуекел деп осы жолды таңдадым. Құдайға шүкір, бақыттымын. Ат басындай алтын берсе де, балаларымды ешкімге айырбастамаймын, ешкімге. Бәрін бірдей көремін. Балалаларымның ішінде ұлты басқасы да бар. Қазағы бар, өзбегі бар, орысы бар, кәрісі бар дегендей. Бәрі қазір қазақ, қазақша сөйлейді», дейді көпбалалы ана.

Өзі де көпбалалы отбасында өскен ана бала бағып, тәрбиелеудің оңай еместігін жасырмайды. Қиналған сәттерімді балаларыма көрсетпеуге тырысамын дейді. Бастапқыда анасы көмектессе, қазір үлкендері кішілерге қамқоршы. Бірі сабағын оқытса, енді бірі үйдің жұмысына қолқанат. Мәселен, Ярослав есімді ұлының есімін Ерасыл деп өзгерткен. Қазір ол қазақ сыныбында білім алады, қазақшаға судай.

«Бауырларымның көп болғаны жақсы екен. Ағам ақыл айтады. Әпкем дұрыс жолды көрсетеді. Інілеріммен ойнаймыз, қарындастарыма көмектесемін», дейді Ерасыл Беляев.

Жастайынан кәсіпкерлікпен айналысып, табандылық, қажырлылықпен табысқа қол жеткізген ана перзенттерін де еңбекке баулып жүр. Ұлдарына көлік жөндеу мен дәнекерлеудің қыр-сырын үйретеді. Үйдегі құрылыс жұмыстарын да бірлесіп істей береді. Ал қыздары дүкен мен дәмхананың жұмысын жүргізуге көмектеседі. Ас үйдегі жұмыстарды да атқара береді. Қолындағы келініне қолғанат. Осылайша жалғызбасты ана көп ұлттың баласын бауырына басып, үлкен әулетке айналып отыр. Бастысы, балалар анасын тапқанына, анасы ұл-қызының амандығына риза.