Тарих • 30 Сәуір, 2021

Ұлы ханның 310 жылдығы ұлықталды

879 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылжардағы «Абылай ханның резиденциясы» музей-үйінде ханның 310 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция болды, деп хабарлайды Egemen.kz

Ұлы ханның 310 жылдығы ұлықталды

Оған елімізге белгілі тарихшы ғалымдар Бүркітбай Аяған, Зиябек Қабылдин, Ақмарал Ыбыраева, Зарқын Тайшыбай, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры С.Мәлікова, «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық – музейінің директоры Н.Ахметжанов, Абылай ханның ұрпағы, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры У.Құлбаев, Көкшетау қаласынан «Абылай ханның қара жолы» экспедициясын жүргізуші М.Ыдырысұлы, ақын Н.Шәріп және осы жолдардың авторы қатысып, баяндамалар жасады.

​Конференция жұмысын Абылай хан резиденциясы музей-кешенінің директоры Аян Садаев ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз алып, конференцияға құттықтау айтқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов биыл Қазақстан үкіметі Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған екінші Кешенді бағдарламасын бекіткенін, осы бағдарламаның аясында Абылай хан музейі республикалық дәреже алып, оның қарамағына аймақтардағы жеке адамдарға арналған музейлер қаратылатын атап өтті.

«Бұл да болса қазақтың ұлы ханына деген құрметтің белгісі»‚ деді ол.

Оқылған баяндамаларда ұлы ханның өмірі мен қызметіне шолу жасалып және оған қатысты жаңа деректер айтылып, ханның есімін өскелең ұрпақ – жастар арасында насихаттай беру үшін және есімін ұлықтау бойынша қандай іс-әрекеттер жасалу керектігі айтылды. Соның ішінде оның есімінің Петропавл қаласының бір көшесіне әлі күнге дейін берілмей келе жатқанына сындар айтылды.

Өлкетанушы М.Ыдырысұлы өздерінің Абылай ханның жолымен жүріп өтетін жаңа экспедиция дайындап жатқандарын жеткізді. Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Н.Ахметжанов кесенеде Абылай ханның сүйікті жары Қарашаштың да жерленгені анықталғанын айтты. Конференция жұмысының қорытындысы бойынша қарар қабылданып, онда басқалармен қатар Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінен Қызылжар қаласында бір көшенің аты Абылай ханға берілуі керектігі сұралды. Конференция материалдары жеке жинақ болып шығатын болды.