Турнир Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде 29 сәуір - 1 мамыр аралығында өткен жарыс биыл бесінші рет жалауын көтерді. Республикалық турнирге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және бірқатар облыстардан 10 команда қатысты. Дүбірлі сайыста 5-18 жас аралығындағы спортшылар қысқа жəне еркін бағдарламаларда өнер көрсетті.
Жарыс карантин талаптарын сақтай отырып, көрермендерсіз өткізілді. «Менің атымда мұндай жарыстың болуы - өзім үшін үлкен мақтаныш. Турнир жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың дайындығы да, ойын көрсетуі де ұнады. Ең бастысы, осындай турнирлер арқылы спортшылар өзін шыңдап, еліміздің атын әлемге әйгілі етсе екен деймін. Жалпы, осы доданың өтуіне қолдау көрсеткен әрі мен үшін жанкүйер болып жүретін жерлестеріме айтар алғысым шексіз», деді мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 60-қа жуық бала мәнерлеп сырғанаумен айналысса, бұл турнирге өңірден онға жуық спортшы қатысты. «Аймақта мәнерлеп сырғанау спорты дамып келеді. Ал оған Элизабет секілді ел мақтанышы сүбелі үлес қосары анық. Мен кәсіпкер ретінде мұндай турнирлерді қолдауға дайынмын. Себебі алдағы уақытта Сыр жастары арасынан еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын дарынды спортшылар өседі деп сенемін», деді облыстық коньки спорты федерациясының президенті Мағжан Ерәлиев.