Елорда • 03 Мамыр, 2021

Нұр-Сұлтанда субұрқақтар іске қосылды

843 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында мамыр айының басынан бастап субұрқақтар іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда субұрқақтар іске қосылды

Есіл ауданында 48 субұрқақтан тұратын 25 фонтан кешені орналасқан. Соның төртеуі – музыкалық («Нұржол» желекжолы, ЕХРО-2017, Ботаникалық бақ, «Жетісу» саябағы). Өткен жылы «Нұржол» желекжолындағы осындай субұрқақтардың бірінде репертуар жаңартылды. Енді ол жерде Батырхан Шүкеновтің, Димаш Құдайбергеннің әндері, Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» секілді өзге де әндер шырқалады.

«Есіл өзенінің жағасындағы саябақты 2020 жылы жөндеу барысында үш субұрқақтың апатты жағдайда (2005 жылы салынған) екені анықталды. Қазір тұрғындардың өтініші бойынша ескі субұрқақтардың орнына 4 жаңа күрделі инженерлік құрылыстар орнатылды. Онда бактерияларды, вирустарды және басқа да организмдерді ультракүлгін сәулелену арқылы өлтіретін заманауи су тазарту жүйесі бірге орнатылды. Орталық субұрқақта 112 шамнан тұратын жарық-динамикалық жарығы бар, сонымен қатар 56 су ағыны 1,5 метр деңгейінде жоғары көтеріледі. Субұрқақ биіктігі 1 метрге дейін жасанды тұман жасау функциясы бар, ол субұрқақтың тостағанына тікелей орнатылған 56 саптама арқылы жүзеге асырылады. Жаз мезгілінде мұндай субұрқақ жасанды тұман жасау есебінен саябаққа келушілерге жағымды әсер қалдырады», деп атап өтті Есіл ауданының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, биыл қаланың коммуналдық меншігіне «Линейный» саябағында орналасқан 1 субұрқақ кешенін беру жоспарланып отыр.

Сарыарқа ауданы аумағында 11 фонтан іске қосылды:

1) Мәскеу көшесіндегі гүлзар субұрқағы;
2) «Өмір Ағашы» субұрқағы;
3) «Қазақ драма театры» субұрқағы;
4) «Айналмалы шар» субұрқағы;
5) «Әлия Молдағұлова ескерткіші» субұрқағы;
6) Абай даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысындағы субұрқақ;
7) «Жастар театры» субұрқағы;
8) «Атырау» субұрқағы;
9) «Сирен» субұрқағы;
10) Жеңіс даңғылындағы «Ақжайық» саябағының субұрқағы;
11) «Халықтар Достығы» субұрқағы.

Айта кетерлігі, «Халықтар достығы» және «Қазақ драма театры» субұрқақтарында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматы ауданында 9 фонтан іске қосылды:

1. «Президенттік саябақ» субұрқақ кешені;
2. «Қазақ Елі» субұрқақ кешені;
3. «Әзірет Сұлтан» субұрқақ кешені;
4. Отан қорғаушылар ескерткішіндегі субұрқақ кешені;
5. Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайының субұрқағы;
6. Тәуелсіздік Сарайы жанындағы субұрқақ кешені;
7. Б. Момышұлы ескерткіші гүлзарындағы субұрқақ;
8. «Ақ Бұлақ» субұрқақ;
9.«Бейбітшілік және келісім» сарайының жанындағы субұрқақ кешені.

Сонымен қатар Байқоңыр ауданында 4 субұрқақ іске қосылды. Олар Республика даңғылы бойындағы «Жастар» субұрқағы және «Есіл» сауда үйі маңындағы «Бұлақ» субұрқақтары.