Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» атты әңгімесі осы тақырыпқа арналған. Бірақ мен одан бұрын орыстардың «Штрафбат» деген телесериалының бір үзіндісін ортаға салғым келіп отыр. Шетін мәселе болғаннан кейін көргенімді айнытпай айтып, естігенімді өзгертпей қағазға түсіруім керек. Әйтпесе өзгелер айтса тыңдап, өзіміз айтсақ ауыр қабылдайтын әдет әлі де бар.
Телесериалдың бұл эпизодында қарапайымдылығы мен шынайылығы үшін өзім жақсы көретін актер Юрий Степанов ойнайды. Оның сомдаған кейіпкері Петрович бастаған барлаушылар жау тылына тіл әкелуге кетіп бара жатады. Бір кезде олар қалың орманның ішінен кішірек бір бұланды көріп қалады.
– Бұдан артық не керек, – дейді біреуі.
– Адамдікі тәттірек болады, – дейді Петрович
– Немене?!. – дейді үшіншісі. – Татып көріп пе едің?..
– Сондай болған....
– Ол қандай болған? Ашаршылықта ма?
– Сонда болса, сонда шығар.
– Иә, Петрович, сенімен зерікпейсің. Қалай адам етін жеуге болады?
Осы тұста әңгімеге тағы бір бұзақы араласады.
– Қалай дейтін түгі жоқ. Үш адам келе жатады. Біреуін «өгіз» болуға көндіреді. Қалған тамақтың бәрін соған береді.
– Не үшін?
– Қоңды болу үшін. Өздері ашыққанда сол «өгізді» сойып жейді. Дұрыс түсіндірдім бе, Петрович?
– Дұрыс!
Сол кезде және біреуі күтпеген жерден киліге кетеді.
– Сендер адам емессіңдер! Сендер аңнан да жамансыңдар.
Петрович қалт тоқтап, оған жалт бұрылады.
– Естуімше, сен Воронеж губерниясындағы коллективтендіруді басқарған жоқсың ба?
– Иә, мен онда Орталық Комитеттің өкілі болдым, – дейді анау да тайсалмай.
– Сонда сендер бір қадақ астық қалдырмай тартып әкеткен жоқсыңдар ма? Шіріген картопты да қоймадыңдар ғой.
– Біз оны партияның тапсырмасымен кулактарды тап ретінде жою үшін істедік.
– Ал менің шешем үлкен үшеумізді аман алып қалу үшін кіші баласын құрбандыққа шалды. Мен өзімнің інімнің етін жеген адаммын. Сендер ол кезде бізден тартып алған нан мен майды былшылдатып соғып отырдыңдар. Мұны мен ешқашан ұмытпаймын!
«Штрафбатта» отызыншы жылдары Воронеж облысында болған аштық жайлы айтылып отыр. Бірақ ол аштық сол жылдары Қазақстанда болған аштықтың көлеміндегідей емес екен. Оны Ресей Ғылым академиясы Тарих институтының профессоры Николай Ивницкийдің мына сөзі де растайды:
«Воронеж облысынан гөрі Солтүстік Кавказда аштық қатты болды. Батыс Сібірдегі аштық та Қазақстандағыдай алапат болған жоқ. Қазақстанда 1931-1933 жылдары 1 миллион 800 мың адам аштықтың құрбаны болды, яғни қазақтардың жартысы қырылып кетті».
Міне, мұндай аштықтың адамды ақылынан адастырмауы мүмкін емес. Сондықтан жоғарыдағыдай оқиға болды десе, сенбеске амалың жоқ. Алайда қазақ қаламгерлері аштықтың ондай сұмдық жақтарын ашып жазбады. Алғаш рет 1940 жылы Жақан Сыздықов «Әли қарттың әңгімесі» атты балладасында жазамын деп, басы бәлеге қалды.
Аштықтан өлуге айналғанда күйеуі келіншегіне әлгіндей көз көріп, құлақ естімеген ұсыныс айтады. Бірақ жолда оңай олжаға кезігіп, құрбандыққа шалайық деген бала аман қалады. Баллада солай аяқталғанмен шындық айтылып, факті жарияланып кетті. Сонда НКВД адамдары кітапты өртетіп, авторын соққыға жығып, мүгедек етіп тастады.
Содан бері бұл шетін тақырыпқа ешкім жүрегі дауалап барған жоқ. Себебі жекелеген бір оқиғалар өмірдің шындығы емес дедік. Бейбіт күнде де хайуаннан өткен қорқаулар не істемей жатыр. Әйтпесе соңғы талшықты баласының аузына салып, өзі үзіліп кете барғандар қаншама. Тіпті сондай оқиға болды дегеннің өзінде, ол жазуға тұра ма?
Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» әңгімесінің оқиғасы содан басталады. Яғни жазушы аштықта жол торып, бала аңдығандар туралы аңызды тірілтеді. Отыз екінші жылы жолға шыққан ерлі-зайыптылардың қолында емшектегі бала бар. Әйтеуір күйеуінің үш-ақ оғы қалған мылтығы дәтке қуат. Аң кезіксе, атып жерміз деп келе жатыр.
Бұл жазушының бір ерекшелігі, ешқашан жалған жазбайды. Қай шығармасында болмасын өмірдің шындығын суыртпақтап беріп отырады. Кейде натурализмге де барып қала ма деп ойлайсың. Бірақ көркемдік шындықтың шегінен шықпайтыны бәрінің орнын толтырып тұрады. Міне, осы жазушы жоғарыдағы тақырыпқа барды.
Осы арада тағы бір шегініс жасап алмасақ болмайын деп тұр. Әңгімедегі адам шошитын оқиғаға біздің де оқырманды дайындауымыз керек қой. Мысалы, жоғарыдағы «Штрафбат» телесериалындағы эпизод қазақ киносында болса қайтер едік? Экранға шығармай, таспасымен қосып өртеп жіберер ме едік?
Ең алдымен айтарымыз, «Кісі иесі» әңгімесі символдық шығарма. Жазушы шешуі қиын сюжетте тәмсілге жүгінеді. Соңдарынан үш адам түскен. Мылтықта үш оқ бар. Аналар баланы бізге тастап, өздерің кете беріңдер дейді. Яғни баласын алып қашқан ата-ана символ, ал мылтықтағы үш оқ пен үш қуғыншы тәмсіл.
Жазушы «баланы тастап кетіңдер» дегізу арқылы шындықтан қашпайтынын көрсетіп отыр. Демек аштық жылдарында сондай оқиғалар болған. Өз баласын құрбандыққа шалды дегенге сену қиын. Бірақ біреудің баласын тартып алатындары шындық болуы керек. Ашаршылық жылдары ең қорғансыз жандар балалар болғаны нобайға келеді. Ол жайында архивте сұмдық деректер бар. Қайнап жатқан қазаннан баланың қол-аяғын көрген Мансұр Ғатаулиннің сөзін қара тырнағыңмен тырнап өшіре алмайсың.
Сонымен біздің заманымыздағы соңғы гуманист жазушы Несіпбек Дәутайұлы осы тақырыпқа келді. Өзі асқан реалистікпен жазатын махаббат тақырыбымен шектелсе де жететін еді. Бірақ естіп тұрып ондай оқиға болмады деуге ары барған жоқ. Жазушы құлағымен естіген, көзімен көрген, жанын жаралаған нәрселерді жазуы керек. Қалай дамытып жазады, оны қаламгердің фантазиясы біледі.
Несіпбек Дәутайұлы Шерхан Мұртазаны ары-бері өткенде, Қордайдан қарсы алып, шығарып салып жүрген адам. Екеуінің жігіттің сұлтанына тән ер мінезділігі ұқсайды. Олардың жазған жазулары мен өмірдегі бейнелеріне қарап, қандай мақамда сөйлесетіндерін көз алдыңа қиналмай елестетуге болады. Сондайда «Бесеудің хаты» драмасын жазған Шерхан Мұртазамен аштық жайында қалай әңгімелескендері айтпаса да түсінікті. Ал осының алдында айтылған Мансұр Ғатаулин Ғабит Мүсіреповпен бірге әйгілі «Бесеудің хатына» қол қойғандардың бірі!
Оның жайын естіген жазушының бойын лап етіп жалын соғып өтуі мүмкін. Енді оны жазбаса тұра алмайды, жазса шығара алмайды. Себебі «кісі етін жепті» деген шығарманы кім оқиды? Оның үстіне ол бейкүнә бала болса тіпті сұмдық емес пе? Бірақ жазбаса, шындық өледі! Біз өзі сезінбейміз, негізі ол жазушы үшін кешірімсіз нәрсе.
Жазушы ең бастысы фактіні береді, ұлт алдындағы негізгі миссиясы сонымен орындалады. Оқырман санасында бізді сондай жағдайға дейін жеткізген екен ғой деген ой тасқа таңба басқандай жазылып қалады. Енді біреу аштық жылдарында сондай оқиғалар болыпты ғой десе, оны Несіпбек Дәутайұлының жазғаны бірден еске түседі.
Жазушының шындықтан аттап өтпеуі деген осы болса керек. Мені жазушылардың осындай тақырыпты айналып өте беретіні алаңдатады. Қаншама көркем кітаптар оқып жатырмыз, бірақ жаңағындай шындықтарды жазғанда бет моншақтары үзіле қалады. «Апыр-ай, ауызбен айтуға болатын нәрсені, қаламмен неге жазуға болмайды?» деп еріксіз қайран қаласың.
Несіпбек Дәутайұлы ақыры соны жазды. Жазғанда бірді айтып отырып, екінші нәрсені меңзейтін мәнеріне салды. Ана бір жылы қашқан ақтар ма, қуған қызылдар ма қаптап кетіпті. Солар айнала төңіректегі аң-құсты қынадай қырғанда бір көк бөрі қораға қашып кіріпті. «Маған көмектесші, садағаң кетейін» дегендей қыңсылапты. Ол «Жаңа былай қарай зу ете түсті» деп, қуғыншыларды басқа жолға салып жіберіпті.
Қазақтың кең сахарасында бұл оқиға шындыққа жақын. Аңдардың адамдардан пана іздеп келуі үйреншікті жайт. «Үйге келген қасқырды, қатындар ұрып алыпты» деген хабарды газеттерден талай оқыдық. Ендеше Несіпбек Дәутайұлының көк бөрісі мифологиядан алынды десек, қате болар еді. Сондықтан оны өмірдің өзінен алынған символдық образ десек, шындықтан алыс кетпейміз.
Негізі, Несіпбек Дәутайұлының қаламынан туған образдардың бәрі символдық образдардан тұрады. Оның шығармаларын биіктетіп тұратын да сол символдық образдар. Автордың өзі қалам ұстаған қолы иір-иір, түрі-басы арса-арса бақсы тәрізді. Шашы жалбырап, от айнала жүгіріп, жаңа образ жаратуға жанын сала кірісіп кеткен. Ол образ жазушының әр шығармасында бірде ит, бірде жылқы, енді бірде қасқыр бейнесінде келеді.
«Айғыркісіде» иесінің моласының басын қоршаған темір қадаға шаншулы тұрған жылқы сюрреалистік шешім екендігімен есте қалып отыр. Ал «Кісі иесінде» қандай шешім қабылдайтынын автордың жасырып-жабулағаны сонша, оқырман паралельді құрылған екінші сюжеттің желісімен кетеді. Олар әр уақытта да біздің бір құтқарушымыз болса, тіпті жаратушы үнемі біздің жағымызда тұрса деп қиялдайды. Алайда шындықтың мүлдем басқа жақта екенін автор білдірмей ғана алдыңа тоса қойғанда, өзің де байқамай қалай қылғып жұтып жібергеніңді білмей қаласың.
Сөйтіп жазушы аштықтан қашып, жолға шыққалы жатқан ерлі-зайыптыларға жол азығын дайындату үшін баяғы көк бөріні сап еткізеді. Үйдің қасындағы жыраға келіп сілесі қатып қамалып тұрған арқар бір қарағанда оңай олжа секілді көрінеді. Өзі жаралы арқарды оп-оңай атып алып қараса, анадайдан әлдене бұлтың етіп кетіп бара жатады. Екінші паралельді сюжет осылай пайда болып, бірінші желімен жарыса дамып отырады. Әңгіменің неге «Кісі иесі» деп аталған сыры осы қосалқы желіге жүктелген.
Бұл өзі соғыс тактикасында маневр жасағандай бір әрекет екенін автордың іші біледі. «Апыр-ай, мына көкжал өзіне жасаған жақсылықты ұмытпапты» деп тамсанасың. Бірақ осы кезде арқаға таңылған балаға таласқан оқиға жүріп жатады. Үш оқпен үшеуін жамсатып тастаса да болатын еді. Бір оқты аспанға, екінші оқты бастарынан асыра атып жалғыз оқпен қалды. Үшінші оқты жесеңдер мені жеңдер деп өзіне жұмсады.
Осы аралықта қауіпсіз жерге қашып үлгерген әйел мен бала көк бөрімен қайта кезігеді. Оны жазушы қас шеберлікпен оқиғаны одан сайын жініктіре суреттейді. Көк бөрі көзге бірде көрініп, бірде көрінбей жүріп, оларға талай жақсылық жасайды. Баласын арқалаған әйел соның арқасында төркініне аман-есен жетеді. Әсершіл оқырман содан қанағат тауып, бойы жеңілдеп қалғандай болады. Не керек, жазушы мықты екен, баланы өлтірмей аман алып қалды. Сәби көңіл оқырманға бәлкім сол да жететін шығар. «Біз неткен кешірімшіл халықпыз?» деген ой өзегіңе түсіп, өзіңді-өзің іштей жеп отырасың сосын.
Бірақ жазушы Несіпбек Дәутайұлының өзі де талайды көрген көкжал емес пе. «Сахнада ілулі тұрған мылтық түбі бір атылуы керек» деген драма бәрібір ойналды. Кейін кейіпкер атылып өлген жерден саудырап шашылып қалған адам сүйектері табылды. Осыны оқығанда айналып біткен таспа санада әлденені еске түсіргісі келгендей кері айнала жөнеледі. Арқасына бала таңған әйел, иығына мылтық асқан еркек, олардың соңына түскен үшеу. «Баланы бізге тастап, өздерің жөндеріңе кете беріңдер» дейді.
«...Шынында да соңдарындағы үшеудің өңмеңдеулері жаман еді. Бірте-бірте таяп та келеді.
– Әй, тоқтаңдар, – деп қырылдап шыққан дауыс үзіліп-үзіліп жетті бұларға.
– Аман қалғыларың келсе, баланы тастап, өздерің кете беріңдер.
– О, не? – әйелдің көзі алақтап күйеуіне қарады. – Не дейді, ойбай! Құлынымызды қайтеді?
– Әй, сендер, кімсіңдер? – деді ол мылтығын алдына көлденең ұстап.
– Баланы тастаңдарың не?
– Не естісең, сол. Таста баланы. Өздерің кете беріңдер.
– Өйтіп, құдайдан безбе!
– Көрсетші қане көзіме, оның өзін екі шайнап, бір жұтайын, – деді қаба сақалды өңкигені.
Еркектің шүріппені басып жіберуге дәті бармады. Жалт бұрылып, шамасы келгенше әйелінің соңына қарай ентеледі. Олар біраз ұзапты.
– Тоқтама, кете бер. Тоқтама, – деген әзер-әзер демігіп»...
Кенет екінші желідегі көк бөрінің алдамшы нәрсе екенін сезінесің. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» дегендей көңіл жұбатарлық дүние. Әйтпесе өмірдің шындығы мүлдем басқа екен. Аяғында ол ана қаба сақалдыны жақын танитын болып шығып отыр. Ол да бір кезде көк бөрі құсап мұның әкесінің қорасына қашып тығылыпты. «Осындай қашқынды көрдіңдер ме?» деп келген өкімет адамдарына: «Жоқ, көргеміз жоқ» деп алдап шығарып салыпты. Ақырында мынау қаба сақалды қарақшы сол адам болып шықты.
«Ол ашаршылық дендегелі адамды адам жеп жатыр дегенді естіген. Әуелі сенбеп еді. Құлжаны атып алғаннан кейін мән-жай білмек болып, етектегі ауылға түскен. Сонда... Шағын ауылдың адамдары аштан қатып қалыпты. Кенет ауылдан сәл аулақта алба-жұлба бір топтың лапылдаған отты шыр айналып жүргеніне көзі түсіп, қайнап жатқан қазан ернеуінен баланың білегін байқап қалған. Есі ауып құлап қала жаздап еді. Тауды бетке алып тұра қашқан. Үш күн құсқан.
– Білем, сені, – деді бұл.
Өтірік айтты. Сөйтсем, өңмеңдегенін қояр деп ойлады.
– Білсең ше, – деді анау. – Тоқта де, қатыныңа.
Ей, мынау... Мынау... О, құдай... Қозыбас... Ия, сол ғой... Өзі...
Лезде біртүрлі қуанып та қалғандай болды.
– Оу, сіз... Қозыбас аға...
– Баланы тастап кетіңдер деймін.
– Аға-ау, мен Кенжеғазымын ғой. Нубай көкеңіздің...
– Мейлі, – деді анау. – Шаруам жоқ онда, баланы тастаңдар. Болмаса, қатыныңмен қоса өзіңді де... Өліп барамыз, ит!»...
Жыртқыш пен адамның орны алмасқаны сюрреализм болар. Бірақ оған «Өліп барамыз, ит»» деген сөзді айтқызған қандай күш? Бұл сұрақ айналып біткен таспаны одан да әрі кері айналдыра түседі. Еріксізден еріксіз шығарманың ең басындағы айтылған жайттарға ораласың. Әңгіме: «Төмен етектің қойнау-қойнауындағы алақандай ауыл-ауыл ағы келсе де, қызылы келсе де астаң-кестең болып жатушы еді, сонда. Атыс-шабыспен ат үстінде жүретін әскердің араны мен айғырлығы жаман болады екен. Ауыл-ауылдың дені малын алдына салып, қыз-қырқынын артына міңгестіріп құмға ауып кеткен».
Ұрынарға қара таппай ашынған, ашыққан әскер жер бетінде тірі жүргеннің бәрін қырды. Ол қырғынның алапат болғаны сонша, түзді торыған көк бөрі қораға қашып кірді. Содан басталған тізбекті реакция отыз екінші жылға дейін жалғасып, ақыр соңында далада аң, қорада мал, суда балық қалған жоқ. Сөйтіп біздің даламызда бұрын-соңды болып көрмеген ұлы эксперимент жүрді. Адамдар аштықтан ақыл-есінен адасып, не істеп, не қойғандарына есеп бермейтіндей халге жетті. Енді бүгін соның бәріне өзімізді кінәлі сезінгендей именшектей, төменшектей бермеуіміз керек шығар. Соңғы оқпен өзін атып өлтіріп, қарақшыларға жем болған кейіпкер әлемде жоқ әйтпесе!
Мен сүйіп әрі күйіп оқыған әңгіме: «Арада бес-алты жыл өтіп, Арқарлы асуына адам ізі қайта түсе бастағанда баяғы кіре жолдың бойынан жүргіншілер шашылып жатқан адам сүйектерін көреді. Жалғыз адамның. Қазаққа сәбет сұмдықтың жасаған зұлматы ғой, деген сөз бәрінің көкейінде күңіреніп тұрды. Бірақ бір-біріне онысын дауыстап айта алмады. Қолдарынан келгені, шашылып жатқан сүйектерді жиып, жерлеп кетті. Оның кімнің сүйегі екенін олар да, кейінгілер де білген жоқ» деп аяқталыпты. Биік символдың жазушысы осы эпилогпен көк бөрінің қиял, ал кейіпкер ажалының ақиқат екенін өзі де растап берді десек қателесе қоймаспыз. Қалам ұстаған саусағы иір-иір, түрі-басы арса-арса бақсы тәрізді жазушы бүгінде өзі де шындық пен шынайылықтың символына айналғанын осы түйіннен көруімізге болады. Айтпағымыз, бұл оқиғаны енді қайтып ешкім де жазбайды, жаза да алмайды, жазса оның өзін есінен адасқан деуіміз әбден мүмкін!