Шуақты жырдан қуат алып, Мұқағали әлемімен үндескісі келген қаншама жан Елшенбүйрек етегіндегі ақын ауылын бетке алады. Мұқағалиды тудырған топыраққа тағзым ету үшін қазақтың қай топырағынан да асығып жететін әппақ көңілдер сүмбіле жырдың суатын көздерімен көруге іңкәр-ді. «Мен туралы сөйлейді шоқыларым, Мен туралы сыр шертер топырағым» дейтұғын ақын үні қастерлі мекеннің қадірін тіптен арттыра түсетіндей. Ел тәуелсіздігін алған жылы есігін ашқан Қарасаздағы Мұқағали музейі ақынның мол мұрасы сақталған киелі орын. Онда барлығы 734 жәдігер жинақталған болса, экспонаттардың 434-і талант иесінің тіршілігінде тұтынған тұрмыстық заттары мен кітаптары. Барған жанға жаңа ой, жаңа идея сыйлайтын ғажайып музейдегі құнды мұраларға алматылықтар бір ай бойы көзайым бола алады. Мұнда ақынның шахмат тақтасы, домбырасы, жазу мәшіңкесі, портфелі, қол сағаты, сия сауыты, қолжазбалары мен фотосуреттері қойылған. Шараға шаһардың Мәдениет басқармасы мен музей ұжымы мұрындық болып отыр.
– Мұқағалидың музейін тамашалау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден жылына мыңдаған адам келеді. Алматыдан 300 шақырым жерде орналасқан ақын ауылы қонақтарын құшақ жая қарсы алуға әр кез дайын. Мерейтойға орай ұйымдастырылып отырған көшпелі көрме Қарасаз ауылына баруға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін таптырмас олжа болды деп санаймыз. «Алматы музейі» ақын мұрасын ерекше ілтипатпен қабылдады. Келушілердің назарына 50-ге жуық экспонат ұсынып отырмыз. Алғашқы күннен-ақ ақын шығармашылығын сүйетін жанкүйерлер бұл жерге айрықша құлшыныспен келуде, – дейді М.Мақатаевтың әдеби-мемориалдық мұражайының жетекшісі Ерлік Ахметов.
Ақын даңқы асқақтаған сайын, ұлы қаламгердің саусағы тиген заттардың бәрі қымбат. Соның бірі – Мұқағалиға қаламдас ағасы Ғабит Мүсірепов сыйға тартқан алтын қаламсап. Көзге оттай басылатын осы бір алтын қалам әдебиеттің алтын дәуірін қалыптастыруға қомақты үлес қосып, ағалы-інілі болып табысқан қос дарынның арасындағы рухани байланыстың дәнекеріндей көрінеді. Ақындық қуатын дер кезінде таныған көңілі ақ жайлаудай ағасынан алған тәбәрігінің тарихын да творчествоға тиянақты Мұқағали ақ қағазға тізбектеп кетіпті. Күнделік жазуды жанына серік еткен ол 1973 жылдың 17 наурызы күні қағазға түсірген жазбасында: «Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде – авт.) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанартауы бар екендігіне күмәнім жоқ. Уақыт-ай!.. Әдебиет, жалпы искусство жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестім. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді. «Аққулар ұйықтағанда» туралы тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам)», деп жазады. Ақынның көзінің қарашығындай болған бұл бұйым қаламының ұшымен дүниені дидарға бөлеген ұлы дарындардың мәңгілік достығының куәсі секілді. Бұдан басқа көрмеге қойылған әр заттың өзіндік тарихы бар.
Игі шараның ашылу салтанатына келген ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев, әкесі атындағы қордың ықпалымен биыл Мұқағалидың он томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. «Әкем халықтың адамы болды, халқын қапысыз сүйді, соңғы деміне дейін өзі өлердей сүйген өлеңге деген адалдығынан айныған жоқ. Өлең боп өмір кешті. Мен оның артынан осыншама естеліктердің қалғанына қуанамын. Халық оны өте жақсы көреді. Оның өлеңдерін әр буын, әр ұрпақ өзінше құрметтейді» деп тебіренді ол.
Шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қабырғалы қаламгерлер, музей қызметкерлері мен ақынның ұрпақтары қатысты.
АЛМАТЫ