Руханият • 04 Мамыр, 2021

Сыр өңіріне сапар

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы аумағында жатқан Қожа Ахмет Ясауидің туған ағасы Садыр шайық және аталған өңірге белгілі тұлғалардың кесенелеріне зия­рат жасап, дерек жинады.

Сыр өңіріне сапар

Тарихи деректерге үңілсек, Садыр шайық ислам жолында еңбек еткен тұлға. Жарықтық Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент ауылы маңындағы Қойлақы көлінің жанына жерленген. Шайық оқып, білім алу үшін Сайрамнан Түркістанға келуі, одан кейін Сыр бойындағы Өзгент шаһарына бас имам болғаны жайлы халық арасында ауызекі дерек сақталған.

«Соңғы кезде Қожа Ахмет Ясауи ба­бамыздың туған-туыстары жайлы дерек­тер іздестіру, оны халыққа насихаттап, келер ұрпаққа толыққанды мәлімет қалдыру мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз» дейді экспедиция жетекшісі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Ал Садыр шайықтың Жаңақорғанға қоныс аударуы туралы айтар болсақ, бір деректе Қожа Ахмет Ясауидің ұлы Ибра­хим Сұл­тан кісі қолынан жастай қаза тапқан­дық­тан, ел ішінде кек алу қақтығысы тумас үшін хазірет туған бауыры Садырды Жаңа­қорған жаққа өзі қоныс аудартқан дейді.

Осы сапар барысында экспедиция мүшелері Садыр шайықтың немересі Мәу­лана Сафи-ад-дин Орын Қойлақының және Түгіскен ауылындағы Аққорған қоры­мында жерленген Ясауи жолын жалғас­тырушы ағалы-інілі Үсен шайық пен Қара шайықтың кесенелеріне тағзым етумен қатар, ХХ ғасырдың 30-шы жылдары өмірден өткен Бәймен қожа (Баймұхаммед) кесенесіне де ат басын бұрды. Сапар барысында ел ішінен тың деректер мен аңыздар да жинақталды.