Қоғам • 04 Мамыр, 2021

Елордада алдағы күндері өтетін мерекелік іс-шаралар кестесі жарияланды

13 рет көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында алдағы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне арналған іс-шаралар тізімі жарияланды. Карантиндік шараларға байланысты іс-шаралардың бәрі онлайн өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорданың мектептерінде 6 мамырға дейін Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналған сынып сағаттары мен кураторлық сағаттары, әскери-патриоттық тәрбиедегі әндердің онлайн байқауы өтеді. Онлайн шараларды Instagram желісіндегі @astana_jastary және @jas_sarbaz_nursultan парақшаларынан көруге болады.

Елорданың «Білім-инновация» лицей-интернаты» 5 мамыр күні мерекеге орай «Бір үзік сыр» сұхбатын өткізеді. Сыр-сұхбатты білім мекемесінің Instagram желісіндегі ресми парақшасынан тамашалауға болады.

№4 қалалық емханада Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңелген тұлғаларға арнап медициналық тексеру ұйымдастырылады. Ал №2 қалалық емхана Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған үй күтімі жөніндегі дәрігерлер кеңесін өткізеді. Бұл шаралар 6 мамырға дейін жалғасады.

«Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені «Малиновка» іздеу клубымен бірлесіп, 5 мамыр күні тыл ардагерлерімен, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ өкілдерімен, сондай-ақ «Ерлікке тағзым, ардагерге – құрмет» әскери қызметшілерімен кездесу өткізеді.

Сонымен қатар 5-10 мамыр аралығында Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған монументалды кешенге, «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешеніне, М.Мәметова, Б.Момышұлы ескерткіштеріне онлайн экскурсия жүргізіледі. Толық мәліметтерді Мәдениет басқармасынан, Біріккен мұражайлар дирекциясынан, тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығынан алуға болады.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні «Ақиқат пен аңыз» концерт-спекталін «Қазақстан» телеарнасы ұсынады.

Отан қорғаушылар күніне орай «ANK Live» студиясының тікелей эфирі ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен өтетін іс-шараны ұсынады. Онлайн шараны Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінен көруге болады.

Нұр-Сұлтан қаласы филармониясы оркестрінің қатысуымен 8 мамыр күні 22 ҰОС ардагеріне арнап жылжымалы концерт ұйымдастырылады. Сол күні «Jas sarbaz» әскери-патриоттық жобасы аясында ардагерлерге азық-түлік себеттері табыс етіледі.

Ал 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай елорда көшелерінде «Жеңіс жолдарымен» мобильді іс-шарасы өтеді. Дәл осы күні «Хабар» телеарнасында «Ер есімі – ел есінде» концерті жұртшылық назарына ұсынылатынын еске сала кетейік.

Айта кетейік, елордадағы іс-шаралардың бәрі санитарлық нормаларды толықтай сақтай отырып өтеді.

Соңғы жаңалықтар

«Егеменге» жазылыңыз – сыйлық ұтып алыңыз!

Егемен Қазақстан • Бүгін, 19:08

Курчатовта АЭС салынуы мүмкін

Қазақстан • Бүгін, 18:02

Вакцина салдырғандар саны артты

Коронавирус • Бүгін, 09:35

905 адамнан коронавирус анықталды

Коронавирус • Бүгін, 09:08

Ұқсас жаңалықтар