Аймақтар • 04 Мамыр, 2021

Шығыс Қазақстан: ҰОС ардагерлері 1 миллион теңге алады

766 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыста Ұлы Отан соғысының 79 ардагері тұрады. Биыл жеңіс мерекесіне орай ардагерлердің бәріне 1 млн теңге ақшалай сыйлық беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Шығыс Қазақстан: ҰОС ардагерлері 1 миллион теңге алады

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, ҰОС қатысушыларына теңестірілген азаматтарға бір реттік материалдық көмек қарастырылған. Қоршаудағы кезеңінде Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, әрі «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған 11 адам 100 мың теңгеден алады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарының қатарына енген 22 азамат, сондай-ақ, ҰОС қайтыс болған қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізушілердің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен және «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған, «мүгедек» деп танылған азаматтардың әйелдері (күйеулері) осы соманы Жеңіс күні қарсаңында алады. Олардың саны 531 адам. Сондай-ақ бұл тізімге марапатталған тыл еңбеккерлерінен 320 адам кірді.

12 504 адам мерекеге орай 42 500 теңге алады. Олар 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған тыл еңбеккерлері.

Бюджеттен қарастырылған төлемдердің жалпы сомасы 705 млн теңгені құрады.