Сұхбат • 04 Мамыр, 2021

Моника Госсман: Финчерге «Оскардың» берілмеуі – әділетсіздік

367 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл Дэвид Финчердің «Манк» картинасы қос бірдей аталым бойынша «Оскар» жүлдесіне ие болған-ды. Ал осы фильмде бас­ты рөлде ойнаған белгілі актриса Моника Госсман – Алатаудың баурайында туған алматылық. Мәскеуде білімін толықтырып, кейін әлемнің бірқатар театр сахнасында өнер көрсеткен актриса бүгінде көптеген жобаларға ұйытқы болып келеді. 2014 жылы Берлинде өзінің жеке мектебін ашып, ол үйреткен LucidBody техникасы аз ғана уақытта әлемге танылған еді. Осылайша Нью-Йорк университетінің Берлиндегі өкілдігінде, Копенгаген Мемлекеттік Университетінде, МХАТ мектеп-студиясында және Actors Space Berlin студиясында актерлер тобын оқытып шығарды. Айта берсек, жерлесіміздің жетістіктері таңғаларлық. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында өткен кездесу барысында Моника өмір жолындағы жетістіктері мен жаңа жобалары жөнінде әңгімелеп берді.

Моника Госсман: Финчерге «Оскардың» берілмеуі – әділетсіздік

– Моника, туған қала­ңызда өзіңізбен қауы­шып отыр­ғ­аны­мызға қуаныш­ты­мыз! Қа­ладан өте жас кезіңізде кет­тіңіз, қазір сізді Алматымен не байланыстырады?

– Өкінішке қарай, туған қалам Алматыда өзім қалағандай жиі бола алмаймын, оған себеп – жұмыс­бастылық. Дегенмен, Алма­тыға бес жылда бір рет келіп-кетуге тырысамын. Мұнда әке-шешемнің достары бар, балалары бар. Барлығымен жақсы араласып тұрамыз. Жолдасым Антон Пампушный да актер, астанада туып-өскен. Мен Алматыға бұл жолы «Шаман» картинасындағы рөліме байланысты келдім. Фильм­де бақсының рөлін сомдаймын. Бұл – сегіз сериялы ресейлік жо­ба. Ал Алматыда күн райы керемет екен, айнала гүлденген, көңіл күйім бірден көтерілді.

– Актриса ретінде ауқымды фильмографияңыз, жақсы ре­жиссерлік тәжірибеңіз бар. Оған қарамастан, сіз про­дюсерсіз, оқы­ту­шы­сыз, яғни театр және кино саласында жұмыс іс­тейтін әмбебап адам деп айтуға әбден болады. Жаныңызға жақыны қайсысы?

– Бұл тұрғыда менің ойым аме­ри­ка­лық­тардың пі­кірімен үндес. Еуропа мен Ресейде адам тек бір ма­мандықты таңдап, сол салада жұмыс істеуі керек деген ұғым қалыптасқан. Америкада керісінше, егер сен әртіс болсаң, басқа да бағыттарда өзіңді сынап көру қажет деген түсінік бар. Бұл кез келген істе дарындысың дегенді білдірмейді, бірақ өзіңе шектеу қоюдың да қажеті жоқ. Мен үшін мүлде жаңа сала болса да сценарий жазамын, өйткені қолымнан келіп тұр. Жазу арқылы драматургияның қалай жұмыс істейтінін біліп отырамын, өйткені өзім де еңбек жолын актриса ретінде бастадым. Режиссура да дәл солай, актерлік және режиссерлік тілді түсініп отырамын. Екеуі бір-біріне қайшы келмейді. Шынымды айтсам, есейген сайын қызығушылығым зорайып келеді. Мысалы, мен оқытушы ретінде жастармен араласа жүріп әрқашан соңғы жаңалықтан қалмаймын. Америкалық ерек­шелік осы, жастарды тыңдай біледі. Жастардың бізге тигізетін әсері мол.

– Оқыту туралы тақырыпты қозғаған екенбіз, онда коуч, жат­тықтырушы ретін­дегі Моника туралы ай­ты­­­ңызшы. LucidBody жо­басының мақсаты не? Сіз уә­де еткендей, үш күнде кә­сіби ак­­терді дайындап шы­ғаруға бола ма?

– Иә, қолымнан келеді. Әрине, бұл актердің өзіне де байланысты, десе де рөлге қысқа уақыт ішінде дайындалуға болады. Бұл жағынан сәтті жасаған жұмыстарым бар. Мәселен, Паула Бер есімді актриса соң­ғы рөлі үшін Бер­ли­наледа үздік актриса ретінде сыйлық алды. Осы рөлге оны мен дайын­дадым, өзі­нің де талпынысы мық­ты болды. Ал коуч не үшін қажет? Рөлге жақсылап дайындалып, кейін кез кел­ген жағдайда режиссердің қа­лағанын іске асыру үшін. Бұл өзіңіз көре алмайтын нәр­селерді сізге жеткізетін сырт көз десе де болады. ТМД мен Ре­­сей­де мұндай коучтарға се­нім­­сіздікпен қарайды, өзгелер «рөлге өзің дайындала алмай­сың ба?» деген сұрақтарды қоя­ды. Бұл тұрғыда Америка мен Гер­маниядағы көзқарас өзгеше. Оқы­ту жайлы айтсақ, мен Фло­рида универистетінің профессорымын, оған дейін Нью-Йорк универ­ситетінде істедім, бірақ Фло­рида мені жаулап алды деуге болады.

– Сәттілік әрқашан шабыт сыйлайды емес пе. Өмір жо­лы­ңыздағы же­тіс­тіктер жолы­ңыз болғыш­тық­тан ба, әлде ерекше еңбектің нәтижесі ме?

– Менің жағдайымда, жеткен жетістіктерім табанды ең­бегімнің нәтижесі дер едім. Өйт­кені, мені көп жерде іш тартып қабылдамайтын. Қазір ойласам, ең үлкен артықшылығым осында екен. Бұрын қоғамның мені жақын тартпағанына ренжитінмін. Ал­матыда тудым, Германияда өстім, кейін Ресейде білім алдым. Моникаға жеңіл болатындай ешкім қолдау көрсетпеді, ата-анам да өнер адамдары емес. Үмітімді үзбедім, тоқтамадым. Ке­рісінше, бұдан үлкен күш тап­тым. Өзімнің жалғыз емес еке­німді түсіндім. Қазір әлем жаһандана бас­тады. Мысалы, әке-шешемнің Қа­зақстанға алғысы шексіз, өйт­кені Кеңес Одағы кезінде немістер дәл осы жерде жақсы өмір сүре бастады. Бүгінде АҚШ-та. Ал қазір Еуропада бәрі араласып кеткен, енді мен аз­шылық қатарында емеспін. Мені орнымнан тұрғызған да осы дүние болатын.

– Сол күш салуыңыздың бекер болмағанын бүгін дә­лел­дедіңіз. Күні кеше «Оскар» сый­­лығының нәтижелері бел­гілі болды. Әйгілі режиссер Дэ­вид Финчердің «Манк» кар­ти­на­сының қоржынында екі сый­лық бар. Сіз онда мейірбике Фри­­даның рөлін сомдадыңыз. Әсеріңіз қандай?

– Әрине, қуанышымызда шек жоқ. Картина «Оскардың» екі жүлдесіне ие болды. Әсіресе операторымыз үшін өте қуандым. Бірақ Финчер режиссер ретінде сыйлық алмағанына көңілім ортайып қалды. Меніңше, америка киносына қаншама үлес қосқан адамға әлі күнге дейін «Оскар» берілмеуі – әділетсіздік. Бәлкім, уақыты келмеген болар. Келесі жолы сәті түсер деп үміттенемін. Сондай-ақ, «Борат» картинасына сыйлықтың берілмегеніне қуаныштымын. Себебі, Қазақ­станмен байланысты саяси ерек­шеліктер аясында бұл картинаға қатысты сауал көп.

– Қазақстандық кинематографты бақылайсыз ба? Біздің киноиндустрияға қандай баға бере аласыз?

– Барлығын бірдей қамти алмаспын, бірақ мен білетін жақ­сы сәттер көп. Еуропада қа­зақстандық картиналар фестивальдерден сәтті өтіп жатқанынан хабарым бар. Бұған тек қана қуанамын.

– Қазақстандық әріптес­те­рі­ңізбен жұмыс істеу жос­па­рыңызда бар ма?

– Жаңа ортамен, жаңа жобалармен жұмыс істеуге әрдайым даярмын. Қазақстанмен диалог жүргізу мен үшін өте маңызды, құдай қаласа, бірлесе жұмыс іс­тейміз деген ойдамын. Бұл кез­десудің жемісін көрейік, бұдан ешкім ұтылмайды, тек жеңеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»