Төменгі Палата заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Осымен талайды толғандырған мәселеге біржола нүкте қойылғандай көрінген. Бірақ таяуда жер дауы тағы да бұрқ ете түсті. Себебі мәжілісмендер Президент ұсынған заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізіпті.
Әу баста Мемлекет басшысы шетелдіктерге, басқа елдің азаматтары қатысатын заңды тұлғаларға жерді жалға беруге де, сатуға да тыйым салуды ұсынды. Атап айтқанда, Жер кодексіндегі 48-баптың 2-тармағында «Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері жиырма бес жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі», деп көрсетілген. Президент осы тармақты мүлдем алып тастауды ұсынған.
Бірақ Мәжіліс осы тұсқа өзгеріс енгізіп, «ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін» деген сөздерді «орман өсіру үшін» деген сөздермен ауыстырып жіберген.
Рас, Сенаттың соңғы отырысында аталған заң жобасы талқыланып, жоғары Палата депутаттары құжатты қарау барысында оған түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Ал Мәжіліс мақұлдаған құжатта шетелдіктерге жерді орман өсіру үшін 25 жылға жалға беру қарастырылған. Қоғамды толғандырған дау да осыдан туындады. Заңгер Абзал Құспан Мәжіліс депутаттары орман шаруашылығындағы жерді жалға беру арқылы заң жобасында «саңылау» қалдырып отыр деп есептейді.
«Жалпы, Жер кодексінің 1 бабында бізде жердің санаттары көрсетілген. Соған сәйкес, жер 7 санаттан тұрады. Солардың ішіндегі ең үлкен аумақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тиесілі. Сол себепті шетелдіктерге жалға да беруге болмайды, сатуға да болмайды деген талап дұрыс көтерілген.
Жер кодексінің 2-бабында Қазақстан Республикасы Үкіметіне жер санаттарын ауыстыру құқығы берілген. Күні ертең осы заң жобасындағы «саңылауды» пайдаланып, кез келген сәтте ауыл шаруашылығы жерлерінің санатын орман шаруашылығына деп өзгертіп, шетелдіктерге жалға беруі мүмкін. Осылайша, бәрі «заңды жүзеге асады». Бұл қоғамның қатысуынсыз, депутаттардың араласуынсыз өтетін процедура», дейді заңгер.
Абзал Құспанның сөзінің жаны бар. Статистика агенттігінің 2017 жылғы деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 262 млн гектарға жуық жер қоры бар. Соның 39,7 пайызы, яғни 104 млн гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Орман қорындағы жерлер де аз емес, шамамен 22,8 млн гектар (8,7 пайыз).
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Берік Оспанов қоғамда туындаған дауға қатысты фейсбуктегі парақшасында пікір білдіріп: «Жер кодексіне сәйкес орман өсіру үшін босалқы, өнеркәсіптік (санитарлық аймақтар), сондай-ақ көлік (орманды қорғау жолақтары) жерлерінен жер беріледі.
Атап айтқанда, Арал теңізінің түбі жататын босалқы жерлерде теріс процестердің алдын алу мақсатында орман мелиорациялық жұмыстар жүзеге асырылады. Бұдан басқа, елдің жекелеген өңірлерінде (Қызылорда, Маңғыстау және т.б.). сондай-ақ шөлейттенуді және құмның жылжуын болдырмау үшін ауылдық елді мекендердің жерлерінде орман екпелерін (изен және т.б.) отырғызу бойынша жұмыстар жүзеге асырылады.
Осылайша, мұндай мақсаттар үшін негізінен бос жерлер, яғни қандай да бір шаруашылық қызметті жүргізуге жарамсыз жерлер, мысалы, тозған, бүлінген, шөлді жерлер, онда топырақтың пайдалы қасиеттері төмен деңгейде және қолданыстағы орманды пайдаланбау (орманды пайдалану) емес, орман өсіру шаралары жүргізілетін болады», дейді (жазбаның орфографиясы сақталды – А.А.).
Айтпақшы, мәжілісмен сөз еткен босалқы жерлердің үлесі аз емес. Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы жер қорының 37 пайызы немесе 97 млн гектары босалқы жер санатына кірген. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Жер кодексінің 137 бабында босалқы жерге мынандай түсініктеме берілген: «Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады». Осы орайда, Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, босалқы жердің 75,7 млн гектары – жайылым, 2,2 млн гектары – шабындық, 2,1 млн гектары тыңайған жер.
Депутат Самат Мұсабаев та: «Аралдың құрғап кеткен табаны жатыр ерні кезеріп. Маңғыстаудың ұлан-ғайыр аумағы жатыр қылтанақ өспейтін. Жер асты сулары азайған соң көшпелі құмдар тұтас ауылдарды басып тастап жатқанын да көзіміз көріп отыр... Ендеше, біздің елге келіп пайдаға кенелуге ниетті инвестор неге орман өсіріп, жерге пайдасын тигізбеуі керек?», дейді.
Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев та фейсбуктегі парақшасында: «Орман өсіруге арналған жерлер кез келген шаруашылық қызметті жүргізуге жарамсыз жерлерден ғана ұсынылады, мысалы, тозған және тұздалған жерлерден. Мұндай жерлерге Арал теңізінің түбі, шөлейттенуге және құмның одан әрі жылжуына неғұрлым бейім Қызылорда және Маңғыстау облыстары жерлерінің бір бөлігі жатады», деп жазды.
Әрине, тартылған Аралдың түбі ну орманға айналып, Үстірттің етегі жасыл желекке бөленсе, нұр үстіне нұр. Алайда жоғарыда Арал теңізінің түбі кіреді деген босалқы жерлердің басым бөлігі жайылым, шабындық және тыңайған жерлер екенін айттық. Ендеше, заң жобасының осы әлсіз тұсын кей «пысықтар» өз мақсатына пайдаланып, жер қорындағы миллиондаған гектар жерді орман өсіруге деген желеумен шетелдіктерге жалға беріп жіберуі әбден мүмкін.
Оның үстіне, орман өсіруге салынатын инвестицияға сәл шолу жасасаңыз, «Мәжілісмендердің сөзі популизм емес пе?» деген сұрақ туындайды. Біріншіден, орман өсіруге инвестиция салу – ұзақ мерзімде табысты болғанымен, тәуекелі көп сала. Кез келген инвестор қаражат құйған соң пайда табуды көздейтіні түсінікті. Сондықтан қалтасы қалыңдар суы тартылған Аралдың табанына шыбық қадағаннан гөрі жауыны толастамайтын Вьетнам мен Лаостың топырағына ағаш еккенді дұрыс көретін шығар. Осы саладағы инвестицияларға жасалған ғылыми зерттеулер де бұл бизнестің тропиктік аймақтарда ғана тиімді болатынын аңғартады.
Екіншіден, орман шаруашылығына қаржы құятындар, негізінен, құрылысқа қажетті қайың, терек, шырша, қарағай өсіруді жөн санайды. Мұндай ағаштарға мол су керек. Ал ауылдары ауыз сусыз отырған өңірлерде қайың мен қарағай қаулап өседі дегенге кім сенеді? Оның үстіне, Аралдың табаны секілді құмды, шөлейт аймақта сексеуіл мен жыңғыл, тораңғы мен тобылғы ғана өседі. Ал мұндай ағаштардан құрылысқа қажетті материал шығуы екіталай. Яғни инвестордың құйған қаржысы өзін ақтау былай тұрсын, ол банкротқа ұшырауы ықтимал.
Қысқасы, шетелдіктер қазақтар үшін орман өсірейін деп Ұлы далаға ағылатынына сену қиын. Демек, біздің кейбір жемқор шенеуніктер орман өсіруге жалға береміз дегенді сылтауратып, ең шұрайлы жерлерді шетелдіктердің меншігіне өткізіп жібермейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Ендеше, Президент ұсынған заң жобасына мұндай «түзету» енгізудің реті жоқ.
...Мәжілісмендердің мұнысы несі?..