Бизнес • 05 Мамыр, 2021

Банктер ШОБ-ты несиелеуге құлықсыз

148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шағын және орта бизнес субъектілері биыл да несие төлемін кейінге ше­геру жеңілдігін пайдаланатын болды. Дегенмен бұл көмек ШОБ-тың қордаланған қаржылық проблемасын шешіп тастамайтыны да бел­гілі. Әрі жеңілдетілген несиені ала алмай пұшайман болып жүрген кә­сіп­керлер қаншама. Екінші деңгейлі банктердің секторды қолдауға аса қатты ықылас танытпауы саладағы ахуалды сәл-пәл қиындатып тұр­ған жайы бар.

Банктер ШОБ-ты несиелеуге құлықсыз

Сәл-пәл деп жұмсартып тұрмыз ғой, шын мәнінде банктен несие рәсімдеу дегеніңіз кәсіпорындар үшін кәдімгідей ауыртпалыққа айналған. Қағазбастылыққа толы рәсімдеу про­це­сі, оның өзі бірнеше жұмыс күнін алады, клиенттің несие тарихына қа­райды, бәрінен қиыны кепілге мү­лік қоюды талап етеді. Ал мұндай тәуекелді шағын кәсіпорындар игере алмайды. Алматыда орналасқан, қа­ла­ны тәтті тоқаш өнімдерімен қам­та­масыз етіп отырған «Алмалы нан» ЖШС әлі күнге мемлекеттен не несие, не субсидия алып көрмеген.

– Алайда жеңілдетілген несиеге біз де қол жеткізгіміз келеді. Өйт­ке­ні оның көп пайдалы тұсы бар. Бі­рақ кез келген банк кепілге мүлік қоюд­ы сұрайды. Ал кәсіпкерлердің бар­лығында дерлік жылжымайтын мүлік бар деп айта алмаймыз. Өзің бірнеше миллион несие алып, оны үстемеақысымен қайтарасың. Соған қоса жылжымайтын мүлік тір­кей­сің. Бұл біз үшін тиімсіз. Мү­лік қою талабын алып тастағанда ғана несие рәсімдеуге болар еді, – дей­ді кәсіпорын басшысы Гүлнәз Темешова.

Осылай дағдарған ШОБ субъек­ті­лері енді микроқаржы ұйым­дарын жа­ғалай бастады. 2020 жылдың со­ңын­да аталған ұйымдар 418,1 млрд теңге займ ұсынған. Бұл дегеніңіз 2019 жылмен салыстырғанда 43 па­йыз­­ға жоғары. Қарыз портфелінің ай­нал­дырған бір жылда дәл осындай динамикамен өсуіне әрине, шағын және орта кәсіпорындар елеулі үлес қос­қан.

Қазақстан экономикасына тұрақ­ты мониторинг жасаушы Ranking.kz жобасының дерегінше, шағын және орта бизнесті несиелеу бойынша KMF микроқаржы ұйымы көш бастайды. Ұйымның қарыз портфелі 136,4 млрд теңгені құрайды, бір жылда займ сомасы 2,8 пайызға өсім көрсеткен. Аталған компания негізінен кәсіпкерлікті қолдау, ха­лық­­тың әл-ауқатын арттыру, ауыл шаруа­шы­лығын дамыту бағытында несиелеу­мен айналысады.

Үздік үштікке кіргендер қата­рын­да «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» (57,1 млрд теңге) және MyCar Finance (44,7 млрд теңге) бар. Жалпы, микроқаржылық ұйым­дар соңғы жылдары жедел даму жолына қарай бет алды. Олардың активтері соңғы 4-5 жыл көлемінде ұдайы өсім көрсетуде. Жеңілдетілген несие бағдарламаларын ұсынумен қатар шағын және орта бизнесті несиелеу­ге де белсенді атсалыса бастауы олар­дың жылдам дамуына серпін берген сыңайлы.

Егер жағдай осылай жалғаса берер болса онда жақын келешекте микро қаржы ұйымдары шағын және орта бизнеске несие беру тұрғысынан екінші деңгейлі банктерді қуып жетуі де ықтимал. Өйткені отандық қаржы инс­титуттарында 2017-2019 жылдары ШОБ-қа несие беру көлемі айтар­лықтай азайды. 2019 жылдың со­ңында сектордағы несие портфелі 2016 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге азайған.

2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағ­дай бойынша елімізде 883 микроқар­жыландыру ұйымы тіркелген. Оның ішінде 178 ұйым тікелей несие берумен айналысады. Биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 1 024 компания микроқаржылық қызмет жасау туралы өтініш жолдаған.