Әлем • 05 Мамыр, 2021

Еуропа мемлекеттері вакцинаны егу мерзімін ұзартып жатыр

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропаның кей елдерінің билігі COVID-19-ға қарсы вакциналардың 1-ші және 2-ші компонентін енгізу мерзімін ұзартып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.

Еуропа мемлекеттері вакцинаны егу мерзімін ұзартып жатыр

Италияда алғашқы вакциналау мен ревакциналау арасындағы үзілісті арттыру туралы норма бекітілді. Енді дозалар арасындағы мерзім 21 және 28 емес, 42 күнді құрайды. Бұл Pfizer және Moderna вакциналарына қатысты белгіленген. Ел билігінің айтуынша, компоненттерді енгізу арасындағы уақытты екі есе ұзарту бірінші кезеңде екпемен біраз адамды қамтуға мүмкіндік береді. Апеннин түбегінде вакцинаны жеткізу бойынша мәселелер әлі де бар.

Италияда ағымдағы жылдың қаңтарында бірінші кезекте дәрігерлер, қарттар мен қарттар үйінің қызметкерлері вакцина қабылдай бастады. Жаппай екпе салу тегін және ерікті түрде жүргізілуде, десе де ел билігі отандастарына вакцинация жасауға кеңес береді. Себебі егу науқаны жоспарлағаннан баяу жүруде. Негізгі себептердің бірі — вакциналарды жеткізудегі іркілістер.

2021 жылдың соңына дейін Италия халқының 90%-ын егу жоспарланған. Сәуір айының ортасындағы мәліметтерге сәйкес, Италияда «коронавирустық пневмония» диагнозы расталған 110 мыңнан астам адам көз жұмды.

Ел ғалымдары мен саясаткерлерінің бастамасымен ресейлік «Спутник V» вакцинасын сатып алу мәселесі талқылануда, сондай-ақ оны Италияда өндіру көзделуде.

Испания елі де AstraZeneca вакцинасының дозалары арасындағы аралықты едәуір арттырды. 60 жасқа дейінгі адамдар үшін төрт және 12 аптадан 16 аптаға дейін ұзартты деп хабарлайды Reuters.

Испания Еуроодақ мемлекеттері арасында 2 компонентті енгізу арасындағы уақытты 12 аптадан аса уақытқа созған бірінші ел.

Денсаулық сақтау министрлігі рұқсаттың әрекет ету мерзімін ұзарту вакцинаны қолданудың ең қауіпсіз әдісін анықтауға мүмкіндік беретіндігін мәлімдеді. Бастапқыда AstraZeneca препараты 18-65 жас аралығындағы жұмысшыларға салынды, жас адамдарда қан ұйып қалу қаупінің туындауына байланысты вакцина тек 60 жастан асқан адамдарға салуға рұқсат етілді. Биліктің мұндай қадамы бірінші дозаны алған кей жастардың екінші дозаны алу мүмкіндігін жоғалтуына әкелді.