Аймақтар • 05 Мамыр, 2021

Елорданың сауда орталықтарында вакцинация қалай жүргізіледі?

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда тұрғындары өз емханаларында да, сауда орталықтарында да орналасқан егу пунктерінде белсенді түрде вакцина қабылдап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорданың сауда орталықтарында вакцинация қалай жүргізіледі?

Қала тұрғындары сауда орталықтарындағы егу пункттерінде медицина қызметкерлерінің сыпайылығын, жылы қарым-қатынасын айрықша атап өтті.

«Қазір кезек жоқ, өте ыңғайлы. Дәрігерлер бізді жылы қарсы алады. Бәрін мұқият түсіндіреді. Вакцина қабылдаған дұрыс деп есептеймін. Өзгелерден жұқтырып алмауымыз әрі өзгелерге жұқтырмауымыз керек. Өз денсаулығымызға өзіміз көңіл бөлуіміз қажет», дейді елорда тұрғыны Ләтипә Әнуархан.

Астаналық Мақсұт Байжанов сауда орталығындағы егу пункті емханаға қарағанда жақын болғанын, бұл өте ыңғайлы екенін және уақытын үнемдегенін атап өтті.

«Маған «Мегада» да, «Хан Шатырда» да вакцина алуға болады деп айтты. Жұмысымнан шығып, үйіме қайтар тұста жолымда болғандықтан вакцина қабылдауға келіп отырмын», деді ол.

Елордалық Әсет ата-анасына алаңдағандықтан вакцина салдыру керек деп шешкен.

«Қарт ата-анам бар. Өзім ауырып, артынша ол кісілерге жұқтырғым келмейді. Сол себепті вакцинацияны қажет деп санадым», деді ол.

Рүстем Қаражанов та вакцинаны сауда орталығында орналасқан пунктте алды.

«Бүгін вакцинаның бірінші компонентін алдым, өзімді жақсы сезінемін. 21 күннен кейін екінші компонентін алуға келемін. Менің ойымша, вакцинациялау – біздің парызымыз. Туыстарым да вакцина алды. Бәрі өздерін қалыпты сезінеді», деді елорда тұрғыны.

Нұргүл Молдабайқызы вакцинация азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін қажет деп санайды.

«Вакцина денсаулық үшін ғана емес, адам өмірін сақтау үшін де қажет. Сондықтан бізге осындай мүмкіндік бергені үшін мемлекетке үлкен алғыс білдіргім келеді», дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, елордада КВИ-ге қарсы вакцина алуға болатын 100-ден астам егу пункт жұмыс істейді. МСАК мекемелерінде және қаланың «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр» «Абу-Даби Плаза», «Азия Парк» секілді СОО-ларында. Жұмыс кестесі: сағат 08.00-ден 22.00-ге дейін.