Руми айтты дейтін тамаша тәмсіл бар: таланттар ешқашан өлмейді, нағыз өнер адамы адамзаттың жүрегінде мәңгілік ғұмыр кешеді. Ескендір деген есім шынымен қазақ жадында жатталып қалған аяулы тұлға.
Алдымен Ескендір аға туралы айтқан тұста «Атамекен» әнін, оның шығу тарихына тоқталмай кеткен орынсыз сияқты. Бірде сазгер Хасанғалиев ақын Мырза Әліге қоңырау шалып: «Қадаға! Орал өңірін әнге қоспаймыз ба, Оралдың гимнін жазайық, әнін мен, сөзін сіз реттеңіз», десе керек. Көп кешікпей екеуара келісілген уақытта ән де, сөз де даяр болады. Алайда мәтінмен танысып шыққан композитор ақынға бұрылып:
Қадеке: «Мына жерде Орал туралы бір ауыз сөз жоқ қой», дейді. Сонда Қадыр ағамыз да тапқыр һәм әулие ғой: «Әй, Ескендір! Орал деп жазсам әрі кетсе батыс жақ айтар, ал мен бүкіл қазақ айтатын ғып жаздым ғой!», деген екен. Шынымен де кейін «Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем» деп басталатын әйгілі «Атамекен» бар қазақ жатқа айтатын бейресми гимнге айналды.
Алайда әннің сәтті шығып, ел арасына жаппай кең тарай бастаған жылдарындағы талайлы тағдыры туралы біз көп біле бермейді екенбіз. Таяуда Шериаздан Елеукеновтің естелігінен оқығанымыздай «Атамекен» де бүгінгі мемле-
кеттік Әнұранымыз, кешегі «Менің Қазақстаным» әні сияқты цензураның қырағы көздеріне ілігіп, саяси қуғындалып, тіпті тыңдауға тыйым салынған әндердің қатарында болыпты. «Желтоқсан көтерілісін Горбачев қанға бояп басқаннан кейін шамасы бір аптадан соң біздің үйге әлдебір шаруасымен Ескендір келді. – Шәке! Менің өзіңіз әндетуді жақсы көретін «Атамекеніме» тыйым салыныпты. Магнитофондағы таспалары өшірілсін. Бұдан былай бұл ән радио, теледидарларда орындалмасын деген бұйрық түсіпті жоғарыдан. Ұлтшылдықты насихаттайтын ән, жойыңдар көзін! депті.
– Оларың кім?
– Мәскеу комиссиясы, – дейді білетіндер. – Сонда, Шәке, не істеуіміз керек?
– Түсінсем бұйырмасын, – дедім мен. – «Атамекен» әнін Мәскеу қайдан біледі? Жастарды көтерген осы ән бе екен, жазығы не?
– Ойбай, «Атамекен» 17, 18 желтоқсанда екі күн, екі түн бойы шырқалды емес пе? Оған қоса «Елім-ай!», «Менің Қазақстаным» айтылды. Өзіңіз білесіз, мен көтеріліс болған алаңның іргесіндегі үйде тұрамын ғой. Қазақтың уыздай жастары қаптаған әскерилермен алыс-жұлыс. Ұрып-соғудың небір айласына жетік ОМОН дейтін жуан жұдырық тықсыра жөнелгенде, жастар легі майысып барып қайта жазылады. Толқындай жөңкіледі. Айқай-шудан құлақ тұнады. Зіркілдеп бұйрық боратқан радио. Автомашиналардың дүрілі. Олардың бәрін кей-кейде басып кететін ән. Қазақ әні. «Атамекен» шырқалғанда алаңды кернеген халық мүлде теңселіп кетті. Адам теңізі көпіршік атқан толқындай әннің әр жолын аспанға лақтырған сайын денем ысынып-суынып, жүрегім аузыма тығылады. Көзім жасқа толып, есімнен тана жаздап, мен де теңселіп кеттім…», деп жазады Ш.Елеукенов. Міне, Ескендір аға есімін аяулы да ардақты тұлға ретінде тұғырға биік көтеретініміздің бір сыры да, қасиеті де осы болса керек.
Енді, тақырыбымыздағы Ескендір ағаның ерке еліктеріне келсек. Бұл әннің де шығу тарихы қызық. Қазақтың аяулы мекендерінің бірі, Арқаның алтын тәжі – Қарқаралыға кіріп келе жатқан күре жолдың бойында екі еліктің әдемі мүсіні сізді ерекше бір әсем көрінісімен қарсы алады. Ең қызығы, Ескендір ағаның бүгінде бар қазақ тамсанып тыңдайтын, тамылжытып шырқайтын «Елігім-ау» әні тура сол еліктерді алғаш көрген сазгер жүрегінен туған екен.
Бала күнімізден естіп өскен әңгіме болса да, ән тарихы туралы сазгердің өз аузынан естіп, жазып алған Ш.Елеукенов естелігіне жүгінгенді жөн көрдік.
«Ақ шаңқан «Волга» қасиетті Қарқаралының ақ селеулі даласымен ағызып келеді. Қарағандыдан Қарқаралыға бет алғандағы орта жолға жете бергенде машинаның алдыңғы жағында отырған Ескендір алдарын кес-кестеп жүйткіп келе жатқан екі елікке таңдана қадалып қалды. Алдыңғы ашалы мүйіздісі текесі болса керек, артындағы елікке «тез, тездет, әйтпесе мына апан көзді, темір сауытты пәле қағып кетер» дегендей, арт жаққа қарайлап шауып келеді. Ескендір командирдің даусына бергісіз зіңгіттей даусымен шоферға: «Басып кетерміз мына дала еркелерін. Машинаңды жайлат!», деп бұйырды. Арттағылар ду күлісті. Машина жүрісін баяулата бастады. Сонда ғана артына бұрылып:
– Иә, неге күлдіңдер? – деді.
– Қазір машина тоқтағанда түсінесіз, Ес-аға!
Сөйтсе жаңағы «жосылтып» келе жатқандар тірі еліктерден айнымағанымен, қоладан құйылған еліктер болып шықты. Қастарына тақап барғанда Ескендір бас шайқататын бір оқыс жағдайға және тап болды. Қола еліктердің сауытында сау тамтық жоқ, шұрқ-шұрқ тесік. Бұлардың бар-жоғы мүсін екенін қайсыбір алаңғасар аңшылар апас-құпаста сезбей қап, олжа қуырдақтан дәметіп, мылтық шүріппесін басып қалады екен».
Сазгер жүрегіне сары даланың ерке елігі осылай еніп, осылай ән болып төгіліпті. Осындай сұлулықты, даланың ерке сәнін шіркіндер қалай көздері қиып атады?! – деген ой маза бермей, ақыры сол мазасыз көңіл ән болып құйылған екен.
Қарқаралыға әлі де талай жолымыз түседі, әлі талай сұлу да көркем шаһарға ат басын тірерміз. Әннің қасиеті деген сол-ау, Қарқаралының қалың қарағайлы, басын бұлт торлаған биік таулары көріне бергенде Мәдидің «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» деп ыңылдасақ, көне шәрге кіре бере «Елігім-ау, елеңдеймін» деп бағанағы сәл мұңдылау реңімізді нәзік әннің шұғылалы шумақтары көмкере кетеді. Әнге айналған әсем еліктердің жанынан Ескендір ағаның әнін ыңылдамай өтпейміз. Ән-ғұмырдың мәңгілігі деген де осы болар.
Елігіңіз елеңдейді, Есаға!