Аймақтар • 05 Мамыр, 2021

Жылы өңірдің жылу мәселесі қашан шешіледі?

690 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгінде Шымкенттегі ең үлкен коммуналдық мәселе – табиғи газдың тапшылығы. Себебі, шаһарда бой көтерген жаңа аудандарда көгілдір отынның жағдайы көңіл көншітпейді. Қолданыстағы қуаттылығы бар болғаны сағатына 180 текше метрлік газ таратушы №1 және 4-стансалардың жеткізу күші қаланың барлық аумағын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Содан болар қыстың көзі қырауда шаһардың «Тұран», «Шымкент сити» шағын аудандарындағы көп қабатты тұрғын үйлерге газ екі күннің бірінде жетпей, тұрғындар жылусыз қалды.

Жылы өңірдің жылу мәселесі қашан шешіледі?

Әкімдік №3 автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып, пайдалануға берілсе, мегаполистің отын мәселесі түбегейлі шешіледі деп сендірген еді. Алайда құрылысы тасбақа аяңнан айны­маған жаңа станса әне-міне пайдалануға беріледі дегеніне жылдан асты.

«Өткен жылдың қарашасында құры­лысы аяқталады», деген энергетика және коммуналдық шаруашылық басқар­масының сол кездегі басшысы Жолшыбек Шайх­сламовтың уәдесі тағы да халықтан «аванс» мерзім сұрауға көшті.

Анығында, елдің құлағын елеңдеткен бұл жаңалық Шымкент облыс орталығы кезінде айтылған. Шаһардың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет отырысында Шымкент қаласының 2023 жылға дейінгі дамуының және құрылысының кешенді жоспарын таныстырғанда АГРЭС-3-тің жобасын тілге тиек еткен-тұғын. Иә, одан бері жаңа газ тарату стансасы құрылысымен қатар Шымқала төрт бірдей әкім ауыстырып үлгерді. Ал АГРЭС-3-тің аяғы әлі ақсап тұр...

 

«Шымкент ситиліктер» алаңдаулы

«Қыстың қамын жаз ойла», демекші «Шымкент сити» қалашығы, іргелес жатқан «Тұран» шағын ауданындағы тұрғындар «қыста қатып қалмасақ еді», деп алаңдаулы. Мегаполисте жаңадан пайдалануға берілген көп қабатты тұрғын үйлерге әліге дейін газ тартылмаған.

Осындайда іргемізден еліміздегі ең ірі магистральдық газ құбыры өтіп жат­қанда неге көгілдір отынның мәселесі толығымен шешімін таппайды деген сұрақ туындайтыны анық.

Негізінде бұл мәселе шаһардың респуб­ликалық маңызы бар қала мәр­тебесіне ие болғаннан кейін пайда болған. Себебі, іргелес жатқан Түр­кістан облысының аумағынан Шым­кентке 40-тан астам елді мекен қо­сылды. Абоненттер саны көбейген соң қол­даныстағы газ тарату бекеттерінің қуат­­­тылығы бәріне жеткіліксіз болды. Сол себепті қазіргі таңда мегаполисте ша­ғын және орта кәсіпкерлік қана емес, қара­­пайым тұрғындар үшін де газ құбы­рын тартып, оны қосуға уақытша шектеу қойылған.

Көпшілікті толғандырған түйткілді түйін жөнінде қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқар­масының жауапты қызметкерлері «қосал­қы станса салынса, бұл мәселе оңтайлы шешілетін болады», деген уәж айтқан еді. Алайда жаңа газ тарату стансасы салы­нып, ол пайдалануға берілгенше Шым­кентте мемлекеттік бағдарламамен салын­ған көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары көгілдір отын мен жылудың азабын тартатын түрі бар.

Жуырда Шымшаһардағы «Шымкент сити», «Тұран» шағын аудандарының тұрғындарынан арыз-шағым келіп түсті. Негізінде тұрғындарға берілмес бұрын жаңа пәтерлердегі инфрақұрылым, ком­му­налдық мәселелер толығымен ше­шілуі тиіс болған. Жергілікті билік солай сен­дірген. Тіпті, қаланың шеткі елді мекен­дерін айтпағанның өзінде бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында бірегей жоба ретінде таныстырылған «Шым­кент сити» шағын ауданындағы тұрғын­дар көгілдір отынды екі көзі төрт болып күтуге мәжбүр болып отыр.

Жұрттың жаңа баспанаға кіргеніне де жарты жылдан асқан. «Содан бері ас-суымызды әзірлеуге жарымай келеміз», дейді бір топ тұрғын. Көгілдір отыннан тарығып отырған тұрғындардың негізгі уайымы – қыстың қамы.

«Шымкент ситиге» қоныстанғаны­мызға 7 айдан асты. Әлі күнге дейін газ қосылған жоқ. Мұнда негізінен жас­­тар бағдарламасымен үй алғандар және көп балалы аналар тұрады. Тапқан табы­сының жартысынан көбі электр қуатының қарызына кетіп жатыр. Газ болмаған соң барлығы бір жарыққа қарап отыр. Ол жарық та жиі сөніп қала береді. Жел тұр­ған кезде Шым ситиде жарық жанып тұрған үй таппайсыз. Жалп етіп сөніп қалады. Жаз айында қатарынан 2 күн жарықсыз отырған кезіміз болған. Есік алдына жер ошақ істеп, далаға тамақ істеген кезіміз болды. Тура көп қабатты үйдің алдына, кірпіштен ошақ қалап, күйе-күйе болып тамақ істеді әйелдер. Қайта жаз айы болғанына қуандық. Алдағы қыста не боларын білмейміз. Жылу мәселесі де көңіл көншітпейді. Өзім төменгі қабатта болған соң білінбейді. Жоғары қабаттағы көршілеріме барсам қабат- қабат көрпе жамылып отырады. Жылу жоғары қабаттарға жетпейді. Қылышын сүйретіп қыс келгенде не болмақ?!», дейді «Шымкент Сити» тұрғыны Ерболат Айнабеков.

Шаһар тұрғындарының сөзіне сүйенсек, Шымшаһардағы отын тапшы­лығы егемендіктің алғашқы кезеңіндегі қиын жағдайды еске түсіргендей. Қан­шама жыл кезек күтіп, қолы әзер жет­­кен пәтер­лерінде «жеті жоқтың» жырын айтып жат­қан тұрғындар «жанай­қайымызды жо­ғарғы жақ естісе», деп үміттенеді.

Ал үй іргесінен өтіп жатқан табиғи газды қостырмаққа қаншама рет әре­кеттенген шаһар тұрғыны Елена Ба­кае­ва­ның талпынысы да үнемі сәтсіз болған. Себебі, осы маңға табиғи газды тарататын станса шамадан тыс жүк­темемен жұмыс істеуде. Сондықтан енді жаңа газ тарататын станса қосыл­ғанша күтуге тура келеді.

 

Тұрмыстық баллондарды пайдаланады

Қазіргі таңда қалада жылуға зәру 250 мың абонент газды тұтынғысы келгенімен оған мүмкіншілік жоқ. 2019 жылдан бері қалада газға жаңа абоненттерді қосуға мораторий жарияланған. Ал бұған себеп, Шымкентте табиғи газдың жетіспеушілігі. Қала тұрғындары газ тапшылығын іргелес аудандардың аумақтары Шымкентке қосылған кезде басталған дейді. Салдары­нан қолданыстағы екі газ тарату стансасы жүктемені көтере алмаған.

«Шымкентте газдың күш-қуаты мардымсыз. Мегаполис болсақ та көгілдір отынға жарымай отырмыз. Бұл мәселе мені қатты мазалайды. Егер үйде жылу болмаса, қабырғалары құлайды. Жеке тұрғын үйдегі жылудың өзі газға тәуелді», дейді қала тұрғыны Елена Бакаева.

Бүгінде амалы таусылған жұрт тұр­мыстық баллондарды пайдалануға мәж­бүр. Ереже бойынша ғимараттарда тұр­мыстық баллондарды қолдануға болмайды. Алайда тұрғындар ас әзірлеу, үй жылыту үшін аталған талапқа енжар қарап келеді. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт қаупін еле­мей отырған азаматтарды жауапқа тартуға заң тұрғысынан құқығымыз жоқ дегенді алға тартады. Сондықтан тек дауыс зорайтқыштың көмегімен қауіпсіздік ережелерін еске салудан басқа амал жоқ.

«Көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғын­дары газ баллонының бәрін жеке газ толтыру авто стансаларынан толтырады. Ақау болуы мүмкін. Соның салдарынан қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Өткен жылы оқыс оқиға болып, онда үш адам жарақат алған болатын», дейді Абай аудандық ТЖ басқармасының басшысы Ғалымжан Мұратов.

Шындығында, жыл сайын шаһарда газдан улану, жарылыс секілді оқиғалар көптеп орын алады. Шаһардағы бір қабат­ты тұрғын үйлердің көбісі дерлік газ пештермен үйді жылытады. Ал жағдайы орташалары ирандық пешті орнатып алады. Түптеп келгенде бұл қондырғылардың қауіп­сіздігіне қойылатын талаптар ес­керіл­мей, соңы қайғылы оқиғаларға ұла­сып жатады. Жыл басында Түркістан қа­ла­сындағы газдан уланып қайтыс бол­ған бір үйлі жанның қайғылы оқиғасы осының дәлелі.

«Шымқалада көгілдір отын тапшы­лығы мәселесін шешу үшін өткізу қабі­леті 250 000 м3/сағ болатын автомат­тандырылған газ тарату стансасы ныса­нының құрылысы биыл пайдалануға беріледі. 9 миллиард теңге бюджет қар­жысы жұмсалған газ тарату стансасы қалаға жаңадан қосылған елді мекендер­дің газдан көрген теперішінің орнын толтыр­мақ», дейді әкімдік өкілдері.

Иә, №3 автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысын қала­лық­тар асыға күтіп отыр. Анығында, ав­томат­тандырылған газ тарату стан­сасының құры­лысы қаланың әрі қарай дамуына зор жағдай тудырып, жаңа тұтынушыларды өндіріс орындарын қосуға үлкен мүм­кіндік бермек.

«Шымкентті көркейту үшін инфра­құры­лым­дарды дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Жобаны жүзеге асыру шаһардың келешекте үш онжылдыққа алға дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы жоба жүзеге асқанда, шалғайдағы шағын аудан­дар толық табиғи газбен қамтылады. Әзірге екі автоматтандырылған газ тарату стан­саларының қуаты жеткіліксіз. Осы­ған байланысты тұрғындар мен кәсіпкер­лерге газға қосылуға рұқсат бере алмай отырмыз. Сондықтан да нысанды тезде­тіп пайдалануға тапсыру маңызды. Бұл стратегиялық маңызды нысан. Шымкент үшін өте қажет газ тарату стансасы. Сон­­дықтан жұмысты қарқынды жүр­гізу керек», деген еді аталған жаңа станса­сының құры­лысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Жаңа газ стансасының жоғары және төменгі қысымдағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 58 шақырымды құ­райтын болады. Оның 20 шақырымы қаланы бір жағынан Бейнеу – Бозай – Шым­кент газ магистралімен қосса, енді бір бөлігі қала төңірегіндегі барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуға мүм­кіндік туғызбақ. Бұдан бөлек, атал­ған стан­са газбен жұмыс істейтін қоғам­дық көліктерге арналған газ құю стан­сасының жұмысына да жол ашпақ.

Бүгінде миллионды қаланың тұрғын­дары әкімдік мақтауын келтірген еліміздегі ең үлкен көгілдір отынды қабылдау және оны автоматты түрде тарату орталы­ғының тезірек пайдалануға берілуін асыға күтуде.

 

ШЫМКЕНТ