Қазақстан • 05 Мамыр, 2021

Саяжайлар бюджетке артық салмақ па?

1057 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ортағасырлық қалаларда қарапайым халық тұратын шеткі бөліктің рабад аталғаны белгілі. Археологиялық зерттеулер қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ететін осы ауылшаруашылық аймақтарында дәулетті тұрғындарының жеке иеліктері де салынғанын анықтап отыр. Кейіннен Ресейде де пайда болған және бекзаттықтың белгісі саналған саяжайлардың түп-төркіні осы рабадтарда жатқан сияқты. Тарихшылар Мәскеудегі Кунцево, Сокольники, Останкино кезінде бай-бағлан мекен еткен осындай аймақтар болғанын айтады.

Саяжайлар бюджетке артық салмақ па?

 Кеңестік саясат саяжайларды қалалық­тарды еңбекке баулудың бір тәсіліне айнал­дырған еді. Бірақ Кеңес өкіметі құлағаннан кейін тіршілігі тұралап қалған ауылдан қалаға ағылған жұрт осы саяжайларды паналап, бұрын бау-бақша егу мақсатында пайдаланылып келген қала сыртындағы қоныстарды тұрақты баспана етті. Кейіннен шуы мол қаладан қашқан қолы ұзындар да шеттен үй-жай салып, шаһар маңын қоныстанушылар қатарын көбейте түскені белгілі. Қазір еліміздегі кез келген ірі қалаларда осындай аймақтардың инфрақұрылымын, көлік қозғалысын реттеу секілді мәселе туындап отыр.

Қала сыртында тұратындардың кө­беюі сол аумақтарда мектеп, балабақша, емхана секілді әлеуметтік нысандар салу мәселесін тудыратыны тағы бар. Мысалы, Қызылорда қаласының ірге­сіндегі «Сабалақ» саяжайын мекен еткендердің саны қазір 7 мыңнан асып қалды. Бұл Қазақстанның солтүстігіндегі кейбір аудан орталығының халқынан көп. «Ягодка» мен «Пищевикте» мың жарымға жуық тұрғын бар. «Орбита», «Еңбек», «Болашақ», «Эдельвейстен» бас­пана салғандар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.

– Біз былтыр «Ягодка», «Пищевик» саяжайларының кірме жолын жаса­ғанбыз. Бау-бақшалық алқап дегенмен де онда тұрып жатқан өзіміздің азаматтарымыз. Сондықтан да олардың ұсыныс-тілектерін қолдан келгенше орындауға тиіспіз. Бұл жерде бізге жеке кәсіпкерлердің де көмегі көп тиіп отырғанын айта кетуіміз керек. Мысалы, былтыр «Ягодкадағы» жоспарда жоқ 6 көшеге мердігер өз есебінен тас төсеп берді, «КОПЭС» саяжайында кіре беріс жолына тас төсеуге бюджеттен қаржы бөлінді, – дейді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Осы жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының қалаға кірер тұсындағы «Эдельвейс» саяжайының кірме жолы жөнделіп, электр бағаналары орнатылып жатыр. «Сабалақ» тұрғын­дарының өтінішіне байланысты ондағы бас көшеге жарық бағаналары орнатылады. «Еңбек» саяжайына да ұзындығы 2 шақырым тас жол төселеді.

Осыдан екі жыл бұрын Үкімет қаулы­сымен қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіліп, шаһар құрамына «Сабалақ», «Эдельвейс», «Өркендеу», «Орбита» мен басқа да саяжай алаптары кірді. Бүгінде мамандар олардың мәртебесін өзгертумен айналысып жатыр. Осы жұ­мыстармен қатар бұл аумақтардың инженерлік инфра­құрылымдық желілерін дамыту үшін жобалық сметалық құжат­тамасы мен мем­лекеттік сараптамасын әзір­леуге қалалық бюджеттен 66,5 млн теңге бөлінді.

Саяжайды баспана еткендер санының артуы қоғамдық көліктер қозғалысына да әсер ететіні белгілі. Қаладан 8,5 шақы­рым жерде орналасқан «Ягодка» мен «Пищевик» бау-бақша алаптарының осын­дай мәселелерін шешу үшін қала әкімдігі мен «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС өкілдері саяжай тұрғындарымен кездесіп, олардың өтінішіне орай №28 бағыттан арнайы автобус бөлді. Бұл көлік саяжайдағыларды қала ішіне жүретін маршруттарға тегін жеткізіп тастайды. ПМК-29 бау-бақшалық алабына да қазір күніне 2 мәрте қоғамдық көлік қатынап тұр. Жеміс-жидек пісетін жазда көлік қатынасы жиілей түседі.

– Өтінішімізді ескеріп, саяжай тұрғын­дарына себін тигізіп отырған көлік иелеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жуырда біз қалалық мәслихатқа қала маңындағы саяжайларға қатынайтын мар­шрутты көліктерге өзге қалалардағы сияқ­ты бюджеттен субсидия бөлу жөнінде ұсыныс бердік. Бұл үшін маршруттар әлеуметтік деп танылуы керек екен. Қазір осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.

Қалалық құрылыс бөлімі «Сабалақ» саяжайын ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды аяқтап қалды. Облыстық, республикалық бюджеттен 604 млн теңге бөлінген жоба 2019-2021 жылдар аралығына жоспарланған. Амандық болса, биыл тұрғындары тегіс таза ауыз су ішеді.

Жуырда осыған байланысты облыс, қала басшылығы қатысқан жиын өтіп, онда шаһар аумағына енген саяжай­лардың инфрақұрылымын реттеу мәселесі талқы­ланыпты. Қазір осыған орай жобалық сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, алда құрылыс бөлімі ол аумақтарда жол салы­нып, ауыз су және электр желілерін тартуға кіріседі.

– Саяжайлар мәселесімен Тасбөгет кентінің әкімі қызметін атқарған кезден таныспын. Сондағы тұрғындардың өтініші бойынша «Сабалақтан» №4 емхананың филиалын, полиция бекетін, әлеуметтік дүкендер ашқанбыз. Мем­лекет­тік бағдар­ламалар аясында кәсіп бастаған тұрғындар да бар. Бағбандық мақсаттағы жер телімі саналатын аумаққа мемлекет есебінен үлкен құрылыстар салу заңға қайшы. Бірақ бұл саяжайлар мәселесі сырттап қалады деген сөз емес. Бұл қала әкімдігінің тұрақты бақы­лауында тұр. Оның үстіне, былтыр пандемия басталған уақытта көп қалалық саяжайға оралды, тастап кеткен жерін қайта қолға алғандар болды. Сырттан келетін өнімдер бағасы аспандап тұрған қазіргі уақытта өз аулаңа еккен көкөніс пен жемісті үзіп жегенге не жетсін, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пакуадин Шамұратов.

Мамандардың айтуынша, саяжайлық аумақтарға газ құбырын тарту туралы айтуға әлі ерте. Қала құрамына кіргенімен де әлі мәртебесі айқындалуы керек. Міне, осы кезде бюджетке салмақ салуы мүмкін.

Қалай болғанда да қала дамуында саяжайлар мәселесі алдыңғы қатарда тұрады, ондағы тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайды. Бұл анық.

 

ҚЫЗЫЛОРДА