– Төрегелді Шарманұлы, әдетте өзіңізбен өрбіген сұхбаттарда денсаулық саласының бары мен жоғы, ұлттық тағамтанудың өзекті мәселелері қамтылып жатады. Бұл жайларға сәл кейінірек тоқталып, әңгіме ауанын жас мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, тәуелсіздіктің қадір-қасиеті деген тақырыптан бастасақ. Тәуелсіздік дегенде көз алдыңызға не келеді?
– Тәуелсіздік – біз үшін ең қастерлі құндылық. Ғасырлап күткен арманның, ұлы күрестердің жемісі. Сондықтан оның ауқымын бір ауыз сөзге сыйдыру тым қиын. Тарихқа көз тастасақ, тағдырдың қилы соқпағынан халқымыз аз қасірет шеккен жоқ. Ашаршылық алапатын, соғыс зобалаңын, отаршылдық езгісін бастан өткерді. Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Ең бастысы, еңсеміз езіліп, рухымыз қалғыған жоқ. Жаратқан ием нұрын төгіп, тәуелсіздіктің ақ таңына жеттік. Байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалып, халықаралық қауымдастықтан өз орнымызды алдық. Жастарымыз өз елінде, өз жерінде арманға қанат қағып, алаңсыз өсіп жатыр.
Тәуелсіздік экономика мен саясатта ғана емес, жеке адамдардың да өміріне өзгеріс, жақсылық, табыс, жетістік әкелді. Болашаққа деген сенім мен үміттің нәтижесінде бүгінде еліміздің керегесі кең, терезесі тең. Тіліміз, санамыз, мәдениетіміз бодандық құрсауынан босап, тәуелсіз дамуға бет алды, төл ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Жоғалған тарихымызды түгендеп, өшкеніміз жағылып, өткеніміз танылып жатыр. Мұның бәрі егемендіктің арқасы.
Бүгінгі аласапыран заманда халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің тұғырын сақтап қалу – үлкен аманат, ұлы борыш. Оны сақтауға халқын сүйген әрбір адам үлес қоса алады. Әркім өз ісіне, мамандығына адал болса, адамгершілік қағидаттарынан аттамай түзу жүрсе, табанды еңбек етсе, егемендіктің еңселенуіне қосқан үлесі сол. Осы бір қастерлі құндылықтың қадір-қасиетін жас ұрпақ жан-тәнімен сезінсе, жүрегімен түйсінсе, қадамымыз нық, болашағымыз жарқын болмақ. Тәуелсіздіктің маңыздылығы мен тарихы жайында айта берсек, әңгіменің шегіне жетпеспіз. Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік – біздің алтын тұғырымыз, баға жетпес байлығымыз!
– Сонау қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде денсаулық сақтау саласын басқарғаныңызды білеміз. Ел егемендігін жаңа алған елең-алаң тұста тәй-тәй басқан еліміздің маңызды құрылымында еңбек еттіңіз. Сондағы бетпе-бет келген қиындықтар туралы айтып өтсеңіз?
– Өзің айтып отырған қиын кезеңде қай салада болсын, ауыртпалықтар аз болған жоқ. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау, өз алдына отау тіккен жас мемлекет үшін ауыр сынағымен келді. Киім-кешек жетіспеушілігі, тамақ тапшылығы алқымнан алған ағайын жұмыссыз қалып жатты. Өндіріс ошақтары өрісін тарылтып, ауыл мен қаланың арасында сабылған жұрт күнкөрістің қамы үшін базар жағалады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы кезде тығырықтан шығудың тиімді тетіктерін алға ұстап, мемлекетімізді бұл сынақтан аман алып шықты. Жаңа жұмыс орындары құрылып, экономикамыздың тамырына қан жүгіре бастады. Мектептер мен балабақшалар бой түзеп, оқу-ағарту ісіне, ғылым-білімге көңіл бөлінді. Біз секілді ғалымдар да аянып қалмай, өз саламызды алға сүйреуге хал-қадерімізше үлесімізді қостық. Осы кезде бидай ұнын темірмен, ас тұзын йодпен байытуға арналған жоба ойлап табуға тура келді. Сол жобаны қолға алу арқылы халық денсаулығын қалыпта ұстау, тағам құнарын арттыру мақсатында үлкен қадамдар жасадық. Йод тапшылығы туындаса, өскелең ұрпақтың ойлау қабілеті қалыс қалып, аға буын анемиядан айықпас еді. Біз бұған жол бергеніміз жоқ. Мемлекет билігі аталған жобаларды жүйелі жүзеге асыруым үшін маған сенім артып, көп қолдау көрсетті. Сол үшін алғыс білдіремін.
Жаңа өзің айтқан қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде алдымызға қойылған рухани тосқауылдар аз емес еді. Сол кездегі бір оқиғаны тілге тиек етейін. Кеңес Одағы кезінде маған ұлтшыл деген айып та тағылып, қудаланған болатынмын. Ақтөбе медицина институтына ректор болып келгенiмде ең бiрiншi назарымды аударған нәрсе қазақтан қабылданған студенттердiң қатары 37 пайызды ғана құрайды екен. Бұл мәселенi тездетiп жолға қойып, 63,5 пайызға көтердiм. Қазақ оқытушыларын көптеп алдырттым. Бұл қазақ студенттерiнiң де еңсе түзеуiне әжептәуiр сеп болған еді. Есесiне, облыстық партия комитетi мен басқа да құзырлы орындар тарапынан қудалауға түстiм. Одан бөлек, Денсаулық сақтау министрі кезінде, 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық тарихи Алматы конференциясын аса жоғары деңгейде өткізген едік, сол кездері де қиындықтарға тап болдым. Қандай қиындықтар болсын, мені әрдайым халық қолдады, маған үлкен сенім білдірді. Қиындықпен қапталдасып жүрсем де, ұлтым үшін күресу – зор бақыт. Ендігі белес құр тоқсаннан асып, жүзге жету емес, ең биік мақсатым – қазағымның бағы өрлеп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болуына белсене атсалысу, халқым үшін пайдамды тигізу. Ал шын мәнінде дәрігер болу менің бала арманымнан туындаған мақсат еді. Бұл арнаға түсуімнің өзіндік себебі де бар.
– Ол қандай себеп еді, толықтырып айтып өтсеңіз?
– Бала күнімде өзімнен бес жас кіші қарындасым Қайынжамалмен тел қозыдай тең өстік. Біз туған жер қасиетті Ұлытау баурайындағы ең бір көрікті мекен еді. Бір жолы қарындасыма суық тиіп ауырып қалды. Оны емдейтін жібі түзу дәрігер табылмай, біз одан қапыда көз жазып қалдық. Бұл жағдай менің бала жүрегіме ауыр соққы болып тиді. Сол кезде өз-өзіме «Қайтсем де дәрігер болам» деп серт бердім. Сондағым енді ешкім өлмесе екен деген балаң тілек еді. Кейіннен сәби жүректен шыққан осы бір қиял бүршік жарып, денсаулық саласына өмірімді арнауға бел будым. Тоқсанның төріне шықсам да, еңбектен, ғылымнан қол үзбей келе жатқаным да сондықтан.
– Адам санасында материалдық игіліктер алға озды десек те, қазіргі әлемді дүрліктірген пандемия жағдайы тұтас адамзатқа денсаулықтан артық құндылық жоқ екенін көрсетіп берді. Індетпен күресте қандай қадамдарға барғанымыз абзал?
– Иә, әлем түбегейлі өзгерді. Қым-қуыт тіршіліктің соңына түскен адамзат баласы кейбір табиғатында бар қарапайым дүниелерден алыстап, қасиет қалыбынан ажырап бара жатқандай еді. Адамдардан мейірім кетіп, жанашырлық азайып, табиғатты аялаудан, өмірді сезінуден қалды. Ең сорақысы, жұмыр басты пенделер ақшаны алдыңғы орынға қойып, ол бәрін шешеді дегенді берік ұстанымға айналдырды. Жас пен кәрі, бай мен кедей деп жікке бөлмеген жаман індет жаһан жұртшылығына бұл қағиданың қате екенін ұғындырғанын көзіміз көріп отыр. Коронавирус қаншама асыл азаматтарымызды келместің кемесіне мінгізіп, әкетіп жатыр. Бұл қауіпті індеттің жаңа толқындары туындауда.
Халыққа айтарым, саулық сақтықта екенін естен шығармайық. Біз тапқанына той жасап, қуанышын елмен бөлісуге асығатын тойшыл халықпыз. Дегенмен мына күрделі әрі қауіпті кезеңде тойшылдығымызды, дарақылығымызды тоқтату керек. Тойшылдығымыз, думаншылдығымыз басымызға таяқ болып тиіп жатыр. Соны ұғынып, бұл әдетімізден өзімізді алшақ ұстайтын кез келді. Көріп отырғанымыздай, бүгінгінің талабы – жылдам әрекет ету, өзгерістерге бейім бола білу. Тіпті қарапайым жүрген жеріңде жеке гигиенаны сақтау, көпшілік жерде маска тағып жүру, әлеуметтік қашықтықты ұстануды қатаң түрде әдетке айналдыруымыз керек. Өткен жылы мерейтойымды атап өту жөніндегі ұсыныстан бас тартып, түбегейлі қарсылығымды білдірдім. Мен үшін халқымның сау болғаны анағұрлым маңызды. Отандастарымның денсаулығын қауіп-қатерге тігу – үлкен қылмыс. Көңілге бай қазағымның «сақ жүрсең, сау жүресің» деуі қазір өзекті болып отыр. Бір-бірімізге қамқорлық танытып, өзімшілдікке бой ұрмауымыз қажет. Төңірегіміз түгел болсын десек, айналамыздағы адамдардың аман-саулығына жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.
Мен тоқсанға толған өмірімнің көбін қазақ елінің гүлденуіне, тұрғындардың дұрыс тамақтанып, саулықта болуына арнап, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында өмірімнің ең қымбат және қиын кезеңдерін өткеріппін. Алдағы уақытта да елімнің амандығын тілеймін. Біз – небір жаугершілік заманды, ашаршылық нәубетін, соғыс жылдарындағы ауыр тұрмыс дейсіз бе, небір қиындықты көрген және жеңген рухы берік халықпыз. Мұны да жеңеміз! Қазір бізде мүмкіндік көп. Технология дамыған, білімді, білікті мамандар бар. Заман өзгерген. Сол үшін ертеңге деген сенімнен адаспауымыз керек.
– Кейіпкеріміздің көңіл терезесіне үңіліп көргіміз келеді. Көңіліңізде қандай алаң бар, өмірде өкінетін тұстарыңыз көп пе?
– Ет пен сүйектен жаралған пенде болғасын, өкініш пен қуаныш, сүйініш пен күйініш қапталдасып қатар жүреді емес пе?! Оның қайбірін айтамыз?! Бір білетінім – мен шын мәнінде бақытты адаммын. Мені осы уақытқа дейін алға жетелеп келе жатқан халқымның ықыласы. Әлі де еңбектен қол үзгенім жоқ. Бағындырған белесімнің бәрін халқымнан алған бата-алғыстың арқасы деп білем, сондай-ақ әке-шешемнің берген еркін, қазақы тәрбиесінің жемісі деп есептеймін. Халқымның мені әрдайым қолпаштап, аялап қорғаштауы, ізгі ілтипаттарын білдіруі, ақыл-кеңес сұрап, ақсақалдық тәлім-тәрбиені қажетсінуі – басыма қонған үлкен бақ. Мені Шарманов етіп мәртебемді биіктетіп, мерейімді өсіріп отырған халық, сондықтан да мен әрбір қиын кезеңді халқыммен бірге өткеруді азаматтық борышым деп санаймын. Сондықтан жеке басымыздан гөрі халықтық мәселелер бізді көбірек толғандырады.
«Көңіліңізде қандай алаң бар?» деген сауалыңа жауап берер болсам, қазіргі қоғамның бір індеті – жемқорлық. Бұл келеңсіздікті түп-тамырымен жоюымыз керек. Қазіргі жемқорлықтың құлқыны өте кең. Негізінде, бұл жаман әдет қазаққа тән емес еді. Өз басым біраз кезеңді басымнан өткердім. Кеңестік кезеңде біреудің бір артық нәрсесін көрсе, ол талқыға салынатын, тексерілетін, жауапқа тартылатын. Ол кезде қазақ баласы пара беруге де, пара алуға да епсіз болатын. Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік. Бұған қатысты біреулер жалақысының аздығын, отбасын асыраудың машақатын айтып ақталады. Бірақ жалақысы қомақты, отбасын асырауға толық қабілетті, қолынан іс келетін жоғарыда отырғандардың да осы «дертке» ұшырағаны жасырын емес. Сайып келгенде, бәрінің тонайтыны – қара халық. Сол қара халықтың парақорға жем болып жатқанын көргенде «қандай заманға тап болдық?!» деп баз кешетінім де рас. Егер біз болашақта ұлт болып ұйысқымыз келсе, алдымен осы індеттен арылуды ойластырғанымыз жөн. Жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек.
– Халқымыз қашаннан қадір тұтқан Қамбарата баласы жылқы малының артықшылығы, осы бір түлік етінің, сүтінің денсаулыққа ұшан-теңіз пайдасы туралы айтудан жалықпай келесіз. Қазіргі қиын кезеңде де бұл жөнінде айтып өту артық етпес деп ойлаймыз?
– «Жылқыдан асқан мал бар ма? Биенің сүті сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?» дегенді кешегі жырауларымыз тегін айтқан жоқ. Бүгінде жылқы еті мен сүтінің пайдасы ғылыми тұрғыдан зерттелді. Бұл өте – қасиетті, құнды тағамдар. Мұны талай жерде айтып та жүрміз. Ал қой еті ше? Кешкі аста жеген қой еті ертесіне кешке дейін әрең қорытылатынын білеміз бе? Сондай-ақ сиыр еті де келесі күннің таңында ғана қорытылады. Сол себепті жылқы етіне тағар мінім жоқ. Себебі кешкі аста желінген жылқы еті ұйқыға жатқаныңызша-ақ қорытылып кетеді. Сіңімділігі және ағзаға пайдалылығы жағынан қазақтың қазысымен иық тіресе алатын тағам түрі әлі жоқ. Қымыздың жайы тым бөлек. Кешкі астан кейін ішілген қымыз бойға қуат, дертке шипа. Жалпы, бие сүтінің ұлтымыздың әлеуетіне қосатын үлесі орасан, оған біздің Қазақ тағамтану академиясының көп жылдар бойы жүргізген ғылыми зерттеулері дәлел. Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында біз бие сүтінің терең сырларына бойлап, осы уақытқа дейін құпия болып келген тұстарын зерттеп, тың жаңалықтар ашып, бие сүтінің негізінде тарихта тұңғыш рет жаңа өнімдерді өмірге әкелдік. Бұл істің ел ауқымында өріс алуы үшін асыл шикізат – бие сүтінің көлемі мол болуы шарт. Демек еліміздегі жылқы шаруашылығын өркендетіп, қанат жайғызу арқылы ауылдағы іскер азаматтардың, мемлекеттің қолдауымен бие сүтін өндіру ісі, сонымен қатар бие сүтінен өндіретін өнімдеріміздің көлемі айтарлықтай дәрежеге жетеді деген сенімдемін. Ал етке қатысты мына қағиданы ұмытпағанымыз абзал. Ет жеу осы екен деп шектеусіз, таңдаусыз кез келген етті пайдалана беру денсаулығымызды нашарлатпаса, нығайтпайды.
– Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы дейміз. Ұрпақ саулығын сақтау үшін, ұзақ өмір сүру үшін қандай өмір салтын ұстануымыз керек?
– Қазір көпшілігіміздің қарттық туралы түсінігіміз толып жатқан ауру-сырқаулармен байланысты болып келеді. Кәрілікті емдемеу керек, тек оның алдын алуға болады. Өркениетті қоғам зейнеткерлерге «отбасы мен мемлекетке салмақ салып отырған қауқарсыз қариялар» деп емес, «қоғамды алға сүйрейтін, ақыл-ойы толысқан мықты қозғаушы күш» деп қарайды. Бүгінгінің адамдары «денім сау, жұмысым табысты, өмірім ұзақ белсенді болғай» деген сөзді жиі айтатын болды. Қазіргі ғылыми жетістіктер де ауруды емдеуде емес, оның алдын алуға негізделуде. Оған қоса, бюджеттің елеулі бір бөлігі алғашқы санитарлық-медициналық аурулардың алдын алу мекемелеріне бағытталып жатқаны қуантады. Бірақ жас кезінен бастап адамдардың дұрыс тамақтануға дағдылануы аз рөл атқармайды. Дүние жүзі бойынша адамдардың мезгілсіз көз жұмып жатқанының 60 пайызының негізгі себебі – дұрыс тамақтанбаудан. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүгінде дұрыс тамақтану мәселесін денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының қатарына шығарды. Қазір бізге шетелден неше түрлі азық-түлік ағылып келіп жатқан тұста тамақтану мәдениетімізді арттыру басты орында тұр. Егер әр адам денсаулығына өзінде бар капитал деп қараса, ол адам бірінші кезекте дұрыс тамақтануға дағдылануы керек. Сонда ғана қазақ ерте қартаймайды. Оның алып бара жатқан құпиясы жоқ. Дұрыс тамақтануды жүйелеп алсақ, қартаймаудың ең негізгі басымдығы осы. Әрбір қазақ мұны сезінсе, денсаулығымыз мығым, елдігіміз жоғары, ғұмыр жасымыз ұзақ болары даусыз. Айталық, мен өзім анамды алты жасыма дейін емген адаммын. Балалармен ойнап жүріп, анамды көріп қалсам, омырауына жабыса кететінмін. Бірге ойнаған достарым бұл үшін мені әжуалағанда, «сендерге көрсетемін» деп жұдырығымды түйсем, жым болатын. Анамның ақ сүтінің арқасында мен шымыр әрі күшті болып өстім. Әр нәрсені қалыптап берген халқымыз уызға жарымаған деген сөзді тегін айтпаса керек. Баланы емшектен ерте шығармай, мейірі қанғанша емізу денсаулығының мықты болуына зор ықпал ететінін түсінуіміз керек.
– Тәуелсіздік тойына қандай тілек айтар едіңіз?
– Әрине, тілегімнің ең тәттісін аяулы халқыма арнаймын. Заманымыз тыныш, ел іргесі берік болғай! Егемен елімізді сұқ көзден, суық сөзден сақтасын. Адамзатты тығырыққа тіреген пандемия тезірек аяқталып, халқымыз қалыпты өмірге қадам басса деймін. Бірлік бар жерде береке де, мереке де бар. Асқан асу, аттаған белес бәрі-бәрі ел үшін, ұрпақ үшін! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», деген еді. Сол ел мен жердің иесі саналатын жастарымыздың рухы қалғымасын, сағы сынбасын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ