27 Сәуір, 2010

ҚИЯН-КЕСКІ СОҒЫС, ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАР

927 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің Мұраға­тында “Рассекреченная война: “особые папки” ЦК КП (б) Казахстана. 1941-1945 гг.” атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтті. Қазақстан Ұлы Отан соғы­сы­ның отты жылдарында қан кешкен майданның ту сыр­тындағы берік қорғаны, қуатты қалқаны болғаны бұрыннан мәлім. Уақыт өткен са­йын осы­нау соғысқа деген көзқарас не­ғұр­лым соны өрістерге шығып, жаңа құпиялар ашыла түсуде. Айталық, сол соғыс кезеңінде әр­түрлі калибрдегі төрт мил­лионға жуық снаряд, сүңгуір қайықтардың 25 дивизионы үшін 4 миллион теңіз миналары мен торпедолары – барлығы 1 миллиард сомның қару-жарағы дайындалған. Жауға атылған әрбір төрт оқтың үшіншісі қазақ жерінің қорғасынынан жасал­ған. Міне, осындай тың дерек­терді біздің замандастарымыз жоғарыда аталған кітаптың беттерін ашып таныса алады. Бұл жинақтың өзі Қазақстан Президенті Мұрағатының қой­ма­ларында сақталған құжаттар­дың басым көпшілігінен құпия­лылықтың қара таңбасы алынып тасталғандығының арқасында жарыққа шықты. – Біз құпиясыздандырған құжаттар қазақстандықтардың майдан мен тылда Жеңіске қос­­қан ересен үлесі жайында айғақ­ты түрде әңгімелейді, – деді Мұ­ра­ғат директоры Владимир Шепель. ­– Әскерге шақырыл­ған 1,5 миллион адамның тек әрбір екіншісі ғана оралды. Рес­пуб­лика майданға 14 атқыштар және атты әскер дивизияларын, 7 бригада және басқа құрама­лар­ды аттандырды. Солардың бесеуі гвардия атағына ие болды. Танк колонналарын құрас­тыруға 270 миллион сом жинал­ған, майданға мыңнан астам вагонмен түрлі сәлем-сауқаттар жөнелтілген, басқа республи­ка­лардан 380 мың көшірілген адамдар қабылданған. Соғыстың алғашқы жылдарындағы әскер жасақтау шараларының өзі бір төбе. Айталық, Қазақстан аума­ғында орыс тілін меңгермеген қазақ жасақтарымен қатар, қос тілді командалық құрылымдар құру кезіндегі қиындықтарды бей­нелейтін қаулылар да осы жинақ­тан табылады. От-жалынға оранған мәдени өмір де жалғасын тапты. Қазақ­стандық театрлар 847 опералық және драмалық спектакльдер қойды, майдан мен тылда 28600 спектакль, 36 мың концерт берілді. Қазақ жауынгерлеріне арнап май­дан газеттері шығарылып тұрды, оларға кітаптар жіберілді, қазақ тілінде кинофильмдер көрсетілді. “Қазақконцерттің” әртістері майдан шебіне жиі сапар шекті. Интернационалдық жасақтар­мен де тығыз байланыс орнатылды. Олардың ішінде панфиловшылар дивизиясы да бар болатын. Оның жауынгерлерінің ерлігі жарияланып отырған құжаттар жинағынан кеңінен көрініс тапқан. Жинаққа Қазақ КСР Халком­кеңесі мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулы­ларын­да, оның бюросының шешім­дерін­де бейнеленген сирек құжаттар, цифр­лар мен деректер кірген. Мұн­да енгізілген 289 құжаттың бұған дейін тек жетеуі ғана белгілі болып келгенін айтқанымыз жөн. Басқа­лары 65 жыл бойы құпиялылық қатпарларының астында тұншыға бастырылып жатқан. Жинақ үлкен танымдық мәнге ие. Одан экономика салаларының әскери сипатқа қалай бейімделіп ауыстырылғанын, соғыстың алғаш­қы күндерінен-ақ бірқатар наубай­ханалар мен нан зауыттары кеп­тіріл­ген нан шығаруға көшірілгенін білуге болады. Халықтардың этнос­тық белгісі бойынша депортация­лануы, еңбек әскерлерінің құрылуы жөнінде де тың деректер бар. – Майдан жолдарында ша­шыра­ған бауырластар зираттары қан­шама. Олардың ішінде тек бір ұлттың өкілдері ғана жатқаны мүлдем жоқ, – деп атап көрсетті Парламент Мәжілісінің депутаты, осы жинақтың редакция алқасы­ның мүшесі, саясаттану докторы Камал Бұрханов. – Сондықтан фашизмге қарсы күреске әр елдің қосқан үлесі жөнінде соңғы уақыт­та бас көтерген күмән-күдіктер мен пікірталастар мүлдем орынсыз. Ұлы Жеңісті бұрынғы Одақтың барлық республикалары қадари-халінше жақындатты. К.Бұрханов жарық көрген жи­нақтың бүкілхалықтық орасан зор маңызын атап көрсетті. Тарих­шы­лар, зерттеушілер, жай азаматтар бұл кітаптан қияпат соғыстың көп­те­ген қатпарлы құпияларын табаты­ны анық. Кітапты Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан тари­хын толы­ғы­­мен көрсететін еңбек ретінде қарас­тырмасақ та, сұрапыл кезеңнің үзік-үзік шындықтары оның бет­терінде шынайылықпен ашылған. Қорғанбек АМАНЖОЛ, АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.