Аймақтар • 06 Мамыр, 2021

Оралдық депутаттар қос өзеннің жағдайына алаңдаулы

704 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы  фракциясының 24 мүшесі Қазақстан Республикасы Мәжілісі Парламентінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге хаттар жолдап, өңірдегі су тапшылығына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралдық депутаттар қос өзеннің жағдайына алаңдаулы

«Nur Otan» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаттары өңірдегі Бөкей Ордасы, Жәнібек, Қазталов, Жаңақала аудандарының жергілікті тұрғындарымен кездескен кезде ауыл тұрғындары Қараөзен және Сарыөзен мәселесін үнемі көтереді. Халықтың айтуынша, соңғы жылдары осы өзендерге Ресей аумағынан келетін су күрт төмендеп кеткен, тіпті соңғы 3 жылда су мүлдем келмеген.

Өзендердегі су деңгейінің төмендеуі аудан тұрғындарының мал шаруашылығымен айналысуына кедергі келтіріп отыр. Өткен жылы Жаңақала шаруалары мал суатынан ерекше тапшылық көрді. Бұлай бола берсе, мал басы қырылып қалуы мүмкін деген қауіп күн тәртібінен соңғы кездері түспей тұр.

Қараөзен мен Сарыөзенге су Ресей Федерациясының Саратов, Волгоград облыстарынан келеді. Кеңес Одағы кезінде қос өзенге Еділден су тартылып, арнасы толатын. Еділ суын алуға байланысты шығындарды Қазақстан Ресейге республикалық бюджет есебінен өтейтін. Кейінгі жылдары келетін судың мөлшері азайды. Нәтижесінде соңғы жылдары құрғақшылық, суға деген тәуелділік күшейіп кетті. Себебі Қазақстан тарабы қажетті деңгейдегі суды ала алмай отыр.

Бүгінде Қазақстаннан бөлінген қаражат Саратов каналы арқылы 54 млн текше метр, Волгоград облысынан Палласов жүйесі арқылы 21 млн текше метр су алуға жетеді. Ал қосымша қажеттілік 131 млн текше метрді құрайды. Ақысы төленсе, Ресей жағы бізге су беруге дайын. Тек сол суды жеткізу үшін кететін шығындарды өтеуге қаражат мәселесі шешілмей отыр.

Соңғы жылдары Қараөзен мен Сарыөзеннің айдындары тартылып, айналасындағы шағын көлдердің де жойылуына себеп болып тұр. Қазір өзен бойында орналасқан кішігірім су қоймаларының барлығы да қазір бос тұр деуге болады. Ол өз кезегінде, сулардың таяздануына, минералдануына, ластануына, және балық мен малдың қырылуына әкеліп соғуда.

Осы мәселенің оңынан шешілуіне ықпал ету үшін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының 24 мүшесі биылғы наурыз айында Қазақстан Республикасы Мәжілісі Парламентінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллинге және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге хат жолдаған болатын.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылғы 2 сәуірде жолдаған хатына қарағанда бұл мәселе оңынан шешілетін сыңайлы. Батыс Қазақстан облысындағы су шаруашылығын жақсарту мақсатында Қараөзен мен Сарыөзенге 132,9 млн текшеметр Еділ суын алу үшін 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің кіші бағдарламасы бойынша 3,5 млрд теңге қаражат бөлу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданғаны белгілі болды. Бұл мәселе бюджетті нақтылау шеңберінде пысықталатын болып шешім қабылданған.

«Қараөзен мен Сарыөзенге су алу мәселесін «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жіті бақылап отыр» деп хабарлады бізге филиалдың баспасөз хатшысы.құжат

құжат