Білім бағдарламасының тұсаукесеріне Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев, республикалық басылымдардың бас редакторлары және жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен медиа-менеджерлер қатысты.
«Біздің зерттеулеріміз бойынша елімізде бір жыл ішінде 1000-нан астам журналист 34 жоғары оқу орнын бітіреді. Бірақ журналистика саласында қызмет ететін түлектер көрсеткіші 60%-ға жетпейді. Демек жоғары оқу орындарында оқу процесі әлі жетілдірілмеген, әлі де қиындықтар бар. КАЗГЮУ мықты университет болғандықтан, журналистика мамандығы дер кезінде ашылуда. Алдағы уақытта жаңа мамандыққа министрлік тарапынан қолдау көрсетуге әзірміз», деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев.
KAZGUU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, жаңа білім беру бағдарламасының мақсаты – құқықтық және экономикалық салада, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат саласында терең білімі бар аналитик-журналист мамандар дайындау.
«Аналитикалық журналистиканың болуы жалпы әлемдік үрдіс және уақыт талабы. Аталған білім бағдарламасын таңдаған студенттер құқық, экономика саласында кең білім алып, тиісті ақпаратты іздеу, талдау және іріктеу, факт-чекинг дағдыларын меңгеріп, журналистік зерттеулер жүргізетін болады», деп қортындылады Талғат Нәрікбаев.