Айтулы жиында Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова, «Бөбек» орталығының бас директоры Елена Сәкенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ҰҒА академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов, «АҮДҰИ» КеАҚ президентінің міндетін атқраушы Ирина Калачева және «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің директоры Мақпал Аденова сөйледі.
Елена Сәкенова өзін-өзі тану ерте жастан басталып, өмір бойы жалғасатын үздіксіз ізденіс екенін айтты. Әр балаға баға жетпес қазына – білім беруге деген шынайы ықылас «өзін өзі тану» бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал етті. Өйткені адам өзін, өз мүмкіндіктерін білмейінше тағдырдың қолында ойыншық болады. Сондай-ақ, балалық шақты қолдау мақсатында Сара Назарбаева 1992 жылы «Бөбек» қайырымдылық қорын құрды, оның қызметі аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, жетім балаларға қолдау көрсетуге бағытталғаны айтылды.
«Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешені еліміздің барлық өңірінен келген балаларды сауықтыру, физикалық және рухани денсаулығын қолдау және сақтау бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыратыны туралы Мақпал Аденова айтып берді. 22 күнге созылатын сауықтыру ауысымдары 110 баланы қамтиды, бір жыл ішінде 1 320 бала сауықтырылады. 1997 жылдан бастап «Бөбек» ҰҒПББСО-да 40 мың бала өз денсаулығын нығайтты.
Семинар барысында филология ғылымдарының кандидаты, Мәскеу қаласындағы Оңалту және білім беру орталығының директоры С.Войтас, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Қоғамдық денсаулық кафедрасының профессоры Қ.Тоғызбаева, жоғары санатты балалар неврологы, Балаларды оңалту ұлттық орталығының директоры Ш.Бүлекбаева, «Балдәурен республикалық оқу-сауықтыру орталығы» РМҚК бас директоры С.Әлібаев, «Айкуне» қазақ гимнастикасының авторы, өнертапқыш, халық медицинасының магистрі А.Баймағамбетов және тағы басқа мамандар өз баяндамаларын ортаға салды.
АЛМАТЫ