Футбол • 07 Мамыр, 2021

Футбол: «Челси» финалға шықты

166 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Лондондағы «Стэмфорд Бридж» стадионында өткен футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалдық кездесуінде жергілікті «Челси» Мадридтің «Реал» клубын қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Футбол: «Челси» финалға шықты

Пирней түбегінде өткен ойында қос команда 1:1 есебімен тең тарасқан болатын. Қарымта матчтың бірінші таймында алма-кезек шабуылдар ұйымдастырылып, солардың бірі нәтижелі аяқталды. Кездесудің 28-минутында Нголо Кантенің пасынан кейін Кай Хавертц допты Тибо Куртуадан асырған еді, ол маңдайшаға тиіп кері қайтты. Сол мезетте алғырлық танытқан Тимо Вернер допты торда тулатты – 1:0. Содан кейін де лондондықтар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Қарсыластарына қарағанда ағылшындардың шабуылдары әлдеқайда өткір болды. Ал корольдік клубтың ойыншылары жиі қателікке ұрынып, білгендерінен жаңылды. Екінші таймда алаң иелерінің басымдығымен өтті. 85-минутта қонақтардың қателігін пайдаланған Нголо Конте допты алған бетте алға екі-үш қадам жасады да Кристиан Пулишичке пас берді. Ол өз кезгінде Мэйсон Маунтты тапты. Ол мүлт кеткен жоқ – 2:0.

Сөйтіп, Чемпиондар лигасының финалдық сайысында Англияның қос командасы күш сынасады. Көрермендер 29 мамыр күні «Манчестер Сити» мен «Челси» арасындағы матчты тамашалайды. Бұл кездесу Ыстанбұлдағы Олимпиадалық стадионда өтеді.