Қазақстан • 10 Мамыр, 2021

Мақсұт Жұмаев Лобуче шыңын бағындырды

583 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандасымыз, альпинист Мақсұт Жұмаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстанның туын Гималай алтылығында – Лобученің оңтүстік шыңына алып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz

Мақсұт Жұмаев Лобуче шыңын бағындырды

Танымал спортшы Катмандуға қайтқаннан кейін байланысқа шықты. Оның сөзінше, Непалдағы эпидемиялық жағдайға байланысты локдаун жарияланған. Мақсұт Жұмаев әуе билеттерін қайтаруға мәжбүр болған, енді карантиннің жеңілдеуін күтіп отыр. Алайда альпинист өз миссиясын сәтті орындап шыққан.

«Кеше 11.30-да 6119 метр биіктіктегі Лобуче шыңын бағындырдық. Түнгі 03.00 шамасында шықтың, ауа райы жақсы болды. Айналамыздағы сегізмыңдықтар анық көрініп тұрды. Бірақ сағат таңғы 09.00 шамасында ауа райы бұзылып кетті, қар жауып, көру 50 метрге дейін нашарлады. Қар жауып кеткеніне қарамастан тоқтамадық, тек қадамды бәсеңдеттік. Тобымыз асықпай шыңға жетті», дейді М.Жұмаев.

Спортшы шыңда ұзақ уақыт тұрмаған. Бар күшін тулармен суретке түсіп, құттықтау видеосын түсіруге жұмсаған. Сосын қайту керек болған.

«Бәрін тастап, төменге қайтадан түсіп кеткім келген кездер болды, себебі қар жарма сияқты жауып кетті. Бірақ миссияны орындау міндеті тұрғанын түсіндім, ол – Лобуче шыңына Ту тігу. Тумен суретке түсіп, құттықтау видеосын жазып, төмен қарай түсе бастадық. Лагерьге кешке қарай жеттік», дейді спортшы.

Спортшының Гималай шыңына жетудегі мақсаты – Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл екенін дүние жүзіне таныту болған.

1

Бүгінде қазақстандық спортшы Катмандуда. Жұмаев миссиясын орындағаннан кейін Қазақстанға тезірек оралғысы келетінін айтады.

«6 мамырдан бастап Непалда әуе қатынастары тоқтап, локдаун жарияланды. 15 мамырда локдан не қатаңдайды, не жеңілдейді. Бірақ Үндістанда эпидемиялық жағдай қиын екенін ескеріп, локдаун жеңілдейді деп айту қиын. Біз базалық лагерьден Катмандуға тікұшақ арқылы жеттік. Осы жерден Қазақстанға оралудың жолдарын қарастыруға тырысамын. Бұл мен үшін басты мәселе», дейді альпинист.