Қоғам • 10 Мамыр, 2021

Коронадағдарыстың банк секторына әсері

1143 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

2020 жыл отандық банк саласына айтарлықтай өзгеріс алып келді. Бір жыл ішінде банк активтері 5,3 трлн теңгеге көбейді. Биыл наурыз айында бүкіл қаржы институтының несие портфелі 15,37 трлн теңгені құраған.

Коронадағдарыстың банк секторына әсері

Былтырмен салыстырсақ 835,4 млрд теңгеге көп. 90 күннен асатын мерзімде төленбеген несие деңгейі (NPL) бір жылда 151,8 млрд теңгеге азайып, 1,06 трлн теңге болып тұр. Көрдіңіз бе?! Бокс тілімен суреттер болсақ, банк саласы әу баста ауыр нокдаун алған, онымен қоймай тағы бір-екі соққы өткізген, сосын жедел ес жиған, артынша қорғаныстан шабуылға ұмтылған, тіпті соңына қарай жылдамдығы мен жұдырығын екпіндете түскен, ақыр соңында қарсыласын ұпай санымен жеңіп кеткен боксшыны елестетеді.

2020 жылдың соңы, 2021 жылдың басында бірнеше банк нарықтан сыпырыла көшті. Оларға пандемияның әсері болды деп кесіп айту қиын. Сірә, қордаланған проблемалары ақыры жалмап тынған сияқты. Ал өзге институттар біздің қиял­дағы боксшымыз сияқты етек-жеңін жиып, қазір шаршы алаңда (нарықта) ши­рақ тұр. Әрине, банктер біршама қиын­дықпен бетпе-бет келді. Тіпті кей­бір критерий бойынша ұтылыста. Пан­де­мия тудырған зардапты кәдесіне жаратып кеткен де, әлі күнге шаруасы ақсап тұрған банктер де бар.

Осы орайда өткен жылды қорытып, алдағы күнге бар­лау жасап, бірнеше сауал әзірледік. Сол мақсатта толық талдау жасалған мате­риалымызға көмектесуге келіскен банктердің басшылығымен тікелей сұхбат құрдық: Пандемия банк секторына қаншалықты кері әсерін тигізді? Күтпеген бұрылысқа олар дайын болды ма? Бір жылда қаржылық ахуал қалай құбылды? Банкке дәл қазір қанша қазақстандық сенім артады? Өзге қаржы институтымен бірігу жоспары бар ма? Шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты не дейді? Онлайн қызмет көрсету сапасын арттыра алды ма? Сарапатамамызда осы сауалдарға жауап іздедік.

 

«Несие каникулы»
несімен тиімді?

«Сбербанк» АҚ 2008, 2014 жылдардағы ауыр дағдарысқа да төтеп бергенін, ел нарығында он бе­сінші жыл қатарынан жұмыс істеп жат­қандықтан осы жолғы қиындықты да оңай еңсергендерін айтады. Яғни пандемия кезінде несиелеуді тоқтатқан жоқ. Көптеген заңды тұлғаға дер кезінде көмек көрсетті. Сонымен қатар 90 күнге дейінгі несие міндеттемесін орындау бойынша төлемді кейінге қалдыру көмегін ұсынды. 55 мыңнан астам жеке тұлға «несие каникулын» пайдаланды. Банк қиын сәтте қызметкерлерді қаржылық тұрғыда қамтамасыз етіп, олардың ден­сау­лығына қамқорлық жасауға ерекше көңіл бөлді.

Жұмыс форматына қара­мастан, қызметкерлердің жалақысы толық көлемде берілді. Блок-бекеттерге байланысты қала аумағына кіре алмай қал­ған қызметкерлерге де жалақының көп бөлігі төленді. Қызметкерлердің толық шта­тын сақтап қалды.
Ал «Банк ЦентрКредит» АҚ карантин­ге дейін жеке және заңды тұлғаларға арналған мобильді қосымша арқылы цифр­лы сервисті дамытып, соның нәти­жесінде пандемия кезінде клиенттер мен қыз­меткерлер үшін қолайлы орта қалып­тастыра алғанын айтады.

Jusan Bank пандемия дауылы соқ­қан сәтте оң-солын айыруға біраз күш жұм­сағанын мойындайды. Қар­жы инс­титуты қысқа мерзімде қызмет­тер­ді қа­шықтан басқаруға көшуді ұйым­дас­тыр­ған. «Елде төтенше жағдай және карантин жарияланған соң Jusan Bank коман­дасы шұғыл режімде бірқатар ішкі және сыртқы процестерді жедел қалпына келтіру және тіпті жаңадан тың процестер енгізу қажеттілігіне тап болды.

Бір аптадағы жұмыс нәтижесінде бизнес-клиенттерді де, жеке тұлғаларды да банкпен қашық­тан байланысу каналына ауыстырдық. Жаңа­дан банк өнімдерін жасауға күш салдық және бұрыннан бар өнімдерді онлайнға көшірдік. Осы жұмыстың бәрі банк бөлімшесіне түсетін жүкті азайтты. Тиісінше, клиенттерімізге төнген тә­уекелдер де төмендеді», дейді банк.

Банк ТЖ алғашқы күндерінде-ақ несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігін ұсынып, же­ңілдікті 6 мыңнан астам жеке тұлға мен ТЖ және карантин салдарынан қаржылық жағдайы төмендеген әрбір екінші ШОБ субъектісі пайдаланған. Jusan Bank бұдан бөлек, займдарды қайта құрылымдау, жеңілдетілген несие бағдарламасын ұсыну және сыйақы мөлшерлемесін мемлекеттік субсидиялау сияқты қолдау түрлерін де клиенттерге ұсынған.

ВТБ Банк (Қазақстан) тығырықтан шы­ғудың негізгі үш қадамын әзірлеу ар­қылы жұмысты біршама жеңілдете алған. «Бұрын біздің банк үшін онлайн сервис пен онлайн сатылым тек қосымша факторлар болса, карантин барлық талаптарды өзгертіп жіберді – цифрлы форматта қызмет көрсету басымдыққа айналды. Нәтижесінде банк бизнесті жылдам трансформациялау жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Біз негізгі үш қадамды белгіледік: біріншісі – ішкі процестерді оңтайландыру және шығындарды қыс­қарту; екіншісі – максималды табыс әке­летін өнімдер мен қызметтерге мән беру; үшіншісі – сатудың жаңа, мо­биль­ді және икемді моделіне көшу. Осы­ның бәрі барлық ішкі және сырт­қы автоматтандырылған сервистерді дамыту жағдайында өрбіді. Жоспарды жылдам әрі сапалы жүзеге асыру арқылы 2020 жылды табысты аяқтап, несие және депозит портфелін ұлғайта алдық», дейді банктің басқарма төрағасы Дмитрий Забелло.

 

Қаржылық ахуал
қалай өзгерді?

«Банк ЦентрКредит» АҚ қаржылық жағдайының біршама жақсарғанын, бір жыл бұрын капитал көрсеткіші 9,3 пайыз болса, қазір коэффициент 11,7 пайызды құрайтынын мәлімдеді. «Өтімді активтер үлесі 23-тен 33 пайызға көбейді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша таза табыс мөлшері 2019 жылмен салыстырғанда 6 есе өсіп, 8,6 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың мамырында және 2021 жылдың наурызында акционерлер банктің капиталын 6,6 млрд теңгеге ұлғайтты. COVID-19-дың Қазақстан экономикасына тигіз­ген кері әсеріне қарамастан, банк қарыз портфелінің сапасын былтырғы деңгейде ұстап тұра алды. NPL деңгейі 6,17-ден 6,30 пайызға өсті» дейді.

«Сбербанк» өкілінің айтуынша, қазір банк 10 мыңнан астам корпоративтік клиент пен миллиондаған жеке тұлғаға қызмет көрсетеді. 2021 жылдың 1 қаңта­рындағы жағдай бойынша NPL деңгейі жалпы қарыз портфелінің 7,79 пайызын құраған. Бұл еліміздегі екінші дең­гейлі банктер арасындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. 2020 жылы NPL үлесі 0,19 пайызға төмендепті.

Д.Забелло 2020 жылдың қорытындысы бойынша NPL деңгейі 7 пайызға жуық­тайтынын, тіпті қатаң локдаун кезінде де осы көрсеткіш өсімін ұстап тұра алған­дарын айтады. «2020 жылдың қоры­тындысы бойынша клиенттердің салымдары мен банктік шоттар көлемі 2 есе өсіп, 230 млрд теңгеден астам соманы құрады. Пандемия кезінде жоғары несие рейтингі біздің клиенттер үшін тұрақтылық кепілі бола білді», дейді ВТБ Банк (Қазақстан) басқарма төрағасы.

 

Басқамен бірігу жоспарда бар ма?

«Еліміздегі ерекше қарқынмен дамып келе жатқан қаржы институттарының біріміз. 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша елдегі ең ірі банктердің бестігіне ендік. Банк өзге қаржы институттарымен бірігуді жоспарлап отырған жоқ» делін­ген «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың бізге бер­ген жауабында.

ВТБ Банк те осыған ұқсас ұстанымда. «Қазіргі таңда ВТБ Банк (Қазақстан) қазақстандық банк секторындағы қандай да бір ойыншымен бірігудің немесе қосы­лудың маңыздылығын көріп тұрған жоқ. Үшжылдық стратегиямыз клиент базасы мен сатылым өсімі арқылы қол жеткізе алатын органикалық өсуге негізделген» дейді олар.
Өздерінің оң нәтижелі көрсеткіштерін тілге тиек еткен «Сбербанк» АҚ-та әзірге нарықта жеке-дара қызмет көрсетуге ниетті.

«Банктің орнықтылық және қар­жы­лық әлеуеті жеткілікті дәрежеде жоғары. 2020 жылдың қорытындысы бойынша біз активтер (+44 пайыз) мен несие (+24 пайыз) өсімі бойынша көш­басшы атанып, ТОП-5 банк қатарына кірдік. Клиенттердің басым бөлігі сенім артады: былтыр банктегі депозит көлемі 36 пайызға көбейді. Бұл ірі банктер ара­сындағы ең жоғары көрсеткіш. Қандай да бір қаржы институтымен бірігуді жос­парлап отырған жоқпыз», делінеді банк өкілінің сұхбатында.
Jusan Bank – бірігудің тиімділігін се­зініп отырған бірден-бір қаржы институты.

Банк 2020 жылдың 2 қарашасында АТФ Банктің 99,77 пайыз акциясын сатып алу туралы алдын ала келісім жасасып, 30 желтоқсанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл процеске рұқсат берген еді. Сөйтіп АТФ Банк Jusan тобының бөлігі атанды. Өзі­не АТФ Банкті қосқаннан кейін Jusan Bank актив және капитал көлемі бойынша Қазақстандағы ірі банктердің үштігіне кірді. «Бірігу аяқталғаннан ке­йін банк активінің көлемі 3 трлн теңгеге жуықтады. Банктің банкомат желілерінің саны 1,1 мың бірліктен асады және ел бо­йынша 180 бөлімшесі бар. Jusan Bank пен АТФ Банкті біріктіру процесі жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр», дейді банк.

 

Шағын және орта бизнесті қолдау

Екінші деңгейлі банктердің ШОБ-ты қолдауы өте нәзік мәселе болып тұр­ғаны жасырын емес. Алайда бізбен сұх­баттасқан төрт бірдей қаржы институты шағын және орта кәсіпкерлікті белсенді несиелендіргенін және бұл шаруаны әлі де жалғастыра беретіндерін жеткізді. Әрине, әрбірінің ұсынып отырған қызмет көлемі мен сапасы әр алуан.


«Қазір біздің банкпен Қазақстан бо­йынша 68 мыңнан астам ШОБ клиенті жұмыс істейді. Картаны белсенді пайдаланушылар саны 250 мыңнан асты. Jusan мобильді қосымшасын 450 мыңнан астам адам пайдаланады. Банк несиелеудің ыңғайлы саясатын жүргізеді және өз несие портфелінің сапасына ерекше мән береді. Jusan Bank барлық пруденциалды талаптарды қатаң сақтап, өзінің тұрақтылығын жоғары деңгейде қалыптастыра алды» дейді Jusan Bank. Екінші деңгейлі банк ШОБ сегментіндегі клиенттер мен жеке клиенттерді қолдауды 2021 жылы да жал­ғастырмақ. «Бизнес-сегмент үшін Jusan Business мобильді қосымшасы бар. Оның функционалдығы қазіргі кезде бизнесті қаржылық басқарудағы негізгі міндеттерді қамтиды және бола­шақта үнемі жаңа мүмкіндіктермен толық­тырылатын болады», дейді банк өкілі.

Өз кезегінде ВТБ Банк (Қазақстан) басшысы Д.Забелло кәсіпкерлікті қол­дауға және дамытуға бағытталған 13 мемлекеттік бағдарламаның қатысушысы екенін жария етті. «Карантин шектеу­лерінен зардап шеккен жеке тұлғалар мен бизнесті қолдайтын барлық дағдарысқа қарсы бағдарламаларға қатысуға шешім қабылдадық. Банк әр кез клиентпен байланысып, қиын жағдайда оны қолдауға дайын. Әлбетте, олар да өз бизнесін сақтап қалуға ұмтылып, банкпен ынтымақтасуға дайын болса. Сондай-ақ несие тарихын бұзғысы келмейтін жеке тұлғаларды да қолдауға дайынбыз. Егер банк пен клиент серіктестік қарым-қатынасты сақтап қалуға қатар ниет білдірсе, онда позитивті нәтижеге қол жеткізетініміз сөзсіз», дейді басқарма төрағасы.

«Сбербанк» өкілінің жауабынша, қазір банк Қазақстандағы екінші дең­гейлі шетелдік банктер арасында қаржы­ландыру көлемі бойынша бірін­ші орында. «Қызметтердің кең спек­трін ұсына отырып корпоративті клиент­теріміз үшін барынша пайдалы әрі ыңғайлы болғымыз келеді. Пан­демия кезінде 90 күнге дейінгі несиелер бойынша міндеттемені орындауға қатысты біршама кейінге шегеру көмегін ұсындық. Шағын және орта бизнес клиент­теріне арнап 1,8 мыңнан астам қайта құры­лымдау жасалды. Бизнесті қол­дауға бағытталған мемлекеттік бағ­дар­ламалар арқылы несие жүктемесін азайту үшін жеңілдетілген шарттар ұсы­нылды. Көптеген клиентіміздің дағ­дарыстан соң қайта қалпына келіп жатқаны қуантады» делінген банк жауабында.

Олардың айтуынша, банк корпоративті несиелеуді дамыта отырып негізінен экспорттық жобалар­ға көңіл бөлмек. Себебі қазақстандық өнім­дер­дің Ресейге экспортталу мүмкіндігінің кеңеюі банк жұмысын да ширата түседі.

 

Онлайн қызмет және 2021-ге дайындық

Пандемия қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Осы орайда банктердің алда болуы мүмкін қатаң карантин шектеулері мен лок­даундарға дайындығы туралы да сұрадық.

«2020 жылы көктемдегі қиын жағдай кезінде біз биыл да болуы мүмкін қатаң локдаундарға дайындық сценарийін әзірледік. Алайда солай екен деп арқа­ны да кеңге салмаймыз. Былтырғы тәжі­рибені ескере отырып карантин ре­жімінде жұмыс істеуге дайындалдық. Енді клиенттеріміздің алда болуы мүмкін карантин мен оқшаулану процестеріне алаңдаудың реті жоқ. Өйткені олар жиі тұтынатын сервистер мен өнімдерді онлайнға ауыстырдық, соның нәтижесінде азаматтар банк бөлімшелеріне келмей-ақ кез келген қызметімізді онлайн түрде және өте қолайлы жағдайда пайдалана алады. Қысқа уақыт ішінде қашықтан жұмыс істеу орындарымен қамтамасыз еттік. Инновация мен технологияға ерек­ше күш салуымыздың нәтижесінде барлық техникалық мәселелер жылдам шешілді. Сол себепті онлайн жұмыс ре­жіміне кө­шуіміз қиындық тудырған жоқ. Қазір қыз­меткерлеріміздің көбі кеңседен тыс жұмыс істейді. Біз оларға да клиенттерімізге қам­қорлық жасағандай жанашырлықпен қа­раймыз», дейді «Сбербанк».

«Банк ЦентрКредит» өз қызметтерін онлайнға ауыстыру бойынша бірқатар жаңалық енгізді. «Елімізде ТЖ енгізіліп, банк бөлімшелері 100 пайыз жабылған соң мемлекеттік жәрдемақы есептелетін әлеуметтік карталарды онлайн ашуды жедел ұйымдастырдық. Қазір банктің 90 пайыз қызметін қашықтан алуға болады. Оның ішінде карта мен депозитті онлайн ашу, ақша аударымдарын жасау, соның ішінде Western Union ашу, сатып алу мен қызметтерге ақы төлеу, валютаны конвертациялау және тағы басқа көптеген қызмет бар. Кәсіпкерлер үшін мобильді қосымша немесе интернет-банкинг арқылы шот ашудан бастап барлық қызметтер онлайн режімде қолжетімді. Несие бойынша ше­шім қабылдау да клиенттің қатысуын­сыз және несие комитетін жинамай-ақ, клиенттің скорингтік картасы негізінде қабылданады. Бұл жерде жылдамдық пен ыңғайлылықты былай қойғанда, онлайн қызмет алаяқтықтың да жолын кеседі» дейді банк өкілі.

ВТБ Банк те өткен жылдан әжеп­тәуір тәжірибе жинағанын, қазір нарық қа­­тысушылары қадағалаушымен бір­ге стресс-сценарий әзірлеп, эпидемия­лық ахуалдың әрі қарайғы даму нұсқа­ларына да­йындалып жатқанын айтады.

Jusan Bank-те коронавируспен арпалыса жүріп қызметтерді қашықтан басқаруға ыңғайлы еткендер қатарында. Қазір бұл банктің де сервистері мен өнімдерін онлайн форматта тұтынуға болады. «Jusan мобильді қосымшасында жеке тұлғаларға тек банк өнімдері ғана емес, тауарлар мен қызметтердің кең ауқымды ассортиментін және сақтан­дыру, инвестициялау қызметін ұсынатын Jmart маркетплейсі қолжетімді. Өз клиент­теріне ыңғайлы болу үшін банк классикалық қызмет көрсету аясынан шығып, клиенттерге арнап сервистердің көлемді экожүйесін құруда» дейді банк.

 

Сыртқы көзқарас  

Қаржыгер Расул Рысмамбетов ел­дегі банк секторының ахуалына басқа қырынан қарайды. Оның айтуынша, дәл қазір банк саласы қиын жағдайда.

«Мемлекет несие беру арқылы банк­терді белсенді түрде алмастырып жатыр. Бұл жаңа процесс емес, экономикалық әдебиетте жазылғандай – crowding out (ығыстыру) деп аталады. Бұл – арзан мем­лекеттік ақша мен мемлекеттік ка­пи­та­лизмнің екінші жағы. Егер мемле­кет экономикадан кетпейтін болса, он­да банктер құлдырай береді. Өйткені олар­дың өзіндік нарығы болмайды. Ал қираған нарықтың үстіне шетелдік банк­тер келеді.

Пандемия IT-инновацияға көңіл бөліп, алдын ала дайын болған банктерге пайдалы болды. Дегенмен бұл шаруаны 2020 жылдың соңында бастаған қаржы институттары да өз нарықтарын кеңейтіп үлгерді. Себебі өте қарапайым – адамдар қолма-қол ақша ұстаудан бас тартып, электронды жүйе нағыз күрес жағдайында тестілеуден өтті. Сөзсіз, қазір көптеген банкте онлайн процесс жақсы дамыған» дейді сарапшы.

Бізге пікір білдірген банктердің бар­лығы дерлік NPL деңгейінің қалыпты һәм қауіпсіз деңгейде екенін айтады. Алайда көптеген заңды тұлға мен жеке тұлғаның пандемия кезінде несие төлемдерін жаппай кейінге шегергенін ескерсек, қарыз портфелінің шынайы картинасы басқаша болып шығуы да мүмкін ғой. Сарапшы да қазіргі NPL дерегін адекватты деп қарастыру қиын дейді.

«Бұрын біздің банктер проблема­лық несиелерді қайта қаржыландырып келді және қайта қаржыландырылған несиелерді проблемалық несие деп есеп­темеді. Негізі ереже бойынша солай етуі керек еді. Сондықтан пандемия­дан кейін бірқатар банкте проблемалық несиелер екі дүркін өсім көрсетсе таңғалуға болмайды. Төленбей тұрған несие көрсеткіші өсе берсе, банк онымен күресе алмаса, онда біз нарықта өтімділік тапшылығын сезінеміз. Сол кезде мемлекет оларға тағы да көмектеседі, бәлкім солай істеу дұрыс та шығар. Егер банк расымен пандемия кесірінен зардап шеккенін дәлелдесе онда оған сөзсіз көмек керек. Бір жағынан банктерге қайта-қайта көмектесе беру де жақсы үрдіс емес», дейді Р.Рысмамбетов.

Бірер ай бұрын банктердің сенімділігі туралы халықаралық рейтинг жарияланып, онда Қазақстан 141 елдің ішінен 121-орын алған еді. Біздің банктердің сенімділігіне 3,8 балл (ең жоғары – 10 балл) берілген. EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарёв: «Отандық банк секторының тұрақтылығын жоғары баға­лаймын, алайда халықаралық талап бойынша нарық еркін болуы тиіс. Бізде банк нарығы тым қатты қадағаланады. Бәрі құтқарылады. Соңғы жылдарда бірде-бір ірі банк банкротқа ұшыраған жоқ. Сондықтан мемлекеттің қайта-қайта қолдау жасауынан сапаны бағалаудың төменгі деңгейінде тұрмыз. Батыс аналитиктері мемлекеттің банк секто­рын қолдауын нашар әрекет деп бағалайды. Мәселен, «Отбасы банк» қазір ипотекалық несиелердің 99 пайызын қадағалап отыр. Ал бұл бүкіл әлемдегі коммерциялық банктердің басты өнімдерінің бірі. Коммерциялық банктеріміз бұл өнімді ұсынуға дайын емес. Сондықтан мемлекет ақшасы есебінен төменгі ставкамен беріп отыр. Банктер жағдайы қиындай бастаса қаржылық қадағалаушыға барады. Олар берген облигацияларды сатып алып, күнін көре береді. Қысқасы, банк секторының біздегі ахуалы нарық тұрғысынан тиімсіз, тұтынушылар тұрғысынан алғанда тиімді. Өйткені банк нарықтан шығып қалса да салымшылар қаржысынан айырылмайды. Біздегі сенімділік критерийі мынадай: мемлекет қаншалықты сенімді болса, банк секторы да соншалықты сенімді», дейді.

Сәуірдің соңында Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстандағы банк секторы бойынша болжамын «негативті» мәртебесінен «тұрақтыға» ауыстырды.

EMEA Fitch Ratings банк секторының директоры Дмитрий Васильев Fitch Ratings вебинарында 2020 жылы отандық банктердің табыстылық деңгейін сақтап қалып, тәуекел құнын небәрі 0,5 пайызға өсіргенін айтты.

– Отандық банктердің табыстылығы сектордың мәртебесін «тұрақты» етуге үлесін қосты. Пандемияға қарамастан, біздің банктер комиссиялық және пайыздық табыстың жоғары деңгейін сақтап қалды. Тәуекел құны 2019 жылғы 1,5 пайыздан 2020 жылы 2 пайызға артты. Түскен табыс тәуекел құнын жаба алатындықтан, банктер пандемияға дейінгі жылдардың деңгейіндей таза табыс көрсетті. Яғни пандемия банктердің таза табысына еш кері әсерін тигізген жоқ. 2021 жылы да пандемияның активтер сапасына қысым көрсетуі жалғасады. Бірақ банктердің жоғары деңгейдегі табыстылығы ондай проблемалардың өзін «жұтып қоюы» мүмкін, – дейді Васильев.

Қысқасы, біздің банк секторында табыс та бар, түйткіл де көп. 2020 жыл айна іспетті болды. Қаржы институт­тары өз-өздерімен бетпе-бет келді. Кем-ке­тігін көрді. 2021 жылдың қандай тосын­сыйларға толы боларын уақыт көрсетпек.