Қазақстан • 11 Мамыр, 2021

ЕҰУ-да «Aiqyn» газетінің аудиториясы мен «Медиадизайн» зертханасы ашылды

896 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында республикалық қоғамдық-саяси «Aiqyn» газетінің арнайы аудиториясы мен «Медиадизайн» зертханасының ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕҰУ-да «Aiqyn» газетінің аудиториясы мен «Медиадизайн» зертханасы ашылды

«Aiqyn» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өзара әріптестік әрі шығармашылық байланыс орнатылған. Газеттің бас редакторының бастамасымен 2020 жылы журналистика және саясаттану факультетінің студенттерін шығармашылыққа баулу мақсатында «Ментор және менти» жобасы жүзеге асырылды.

Жобаның мақсаты – студенттерді түрлі саладағы сараптамалық материал жазуға үйрету, үш айлық тәжірибеден кейін үздік танылған студентті жұмыспен қамту. Жоба барысында газет ұжымы студенттермен кездесіп, экономика, саясат, руханият, спорт, халықаралық байланыс жайлы кеңес берді.

«Aiqyn» республикалық қоғамдық-саяси газеті арнайы аудиториясын жасау идеясы екіжақты келісім аясында жүзеге асырылды. Газет ұжымы өз қаражатына аудиторияны заманауи стильде безендірді. Онда ақпарат кеңістігіндегі танымал әлемдік басылымдар мен отандық газеттердің атауы мен Алаш қайраткерлерінің баспасөзге қатысты ойлары жазылған. Алдағы уақытта арнайы аудиторияда оқу үдерісіндегі дәрістер мен газет ұжымының арнайы семинарлары өтеді. 

«Медиадизайн» зертханасы – журналистика, баспа ісі білім беру бағдарламалары бойынша безендіру программаларын үйренуге, студенттердің жаттығу газеттері мен кітаптарын шығаруға арналған аудитория. Зертханада дизайн жасауға қабілетті жаңа компьютер кешені, баспа өнімдерін дайындайтын түрлі құралдар мен принтерлер, сондай-ақ студенттердің шығармашылық жұмыстарынан жасалған көрме қойылған.

Зертханада Adove Premiere, InDesign, CorelDRAW, Adove Photoshop  лицензияланған бағдарламалары бар. Онда «Web дизайн негіздері», «Баспа және онлайн БАҚ дизайны», «Мерзімді басылымдар дизайны», «Фотожурналистика» пәндері бойынша тәжірибелік және зертханалық сабақтар жүргізіледі. Студенттердің шығармашылық шеберлігін ғана емес, ақпараттық технология мүмкіндіктерін игеруге бағытталған зертхана болашақта әмбебап мамандар дайындауға қызмет етеді.