Қазақстан • 11 Мамыр, 2021

«Сақалды» құрылыс саны көбейген

660 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Құрылыс – қаланың да, ауыл­дың да ажарын ашып, сәнін келтіретін саланың бірі. Өңірде жыл сайын түрлі нысандардың құрылысы жүргізіледі. Ал мемлекет тарапынан көрсетілген қол­даудың нәтижесінде, салынып жат­қан тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар қаншама?! Рас, оның кейбірі белгіленген уа­қы­тында пайдалануға берілсе, енді кейбірі мерзімінен кешігіп жатады. Әрине, құрылыс кезінде де күтпеген жерден түрлі мәселе тууы мүмкін. Бірақ бүгінде қаң­қасы ғана қалқайған кейбір құрылыс нысандарының қар­апайым тұрғындар үшін негізгі мақсаты да белгісіз. Қазіргі кезде Тараз қаласында болсын, аудан орталықтарында болсын, мер­зімі өтіп кеткен «сақалды» құрылыс нысандары көп. Ке­зінде әжептәуір-ақ басталған нысандардың әлеуметтің қаже­тіне жарамай, жарты жолда қа­лып жатуы да көпшілік үшін түсі­ніксіз.

«Сақалды» құрылыс саны көбейген

Мәселен, облыс орталығын­дағы Қаратай Тұрысов көше­сіндегі көпқабатты құрылыс ны­­саны талай жылдан бері қа­ңы­рап әлі тұр. Аталған ны­санның қала көркіне нұқсан келтіріп тұрғаны өз алдына, тіпті кейінгі кезде бұл жер өз-өзіне қол жұмсайтындардың орнына айналып кеткендей. Соңғы кезеңде мұнда екі бірдей суицид дерегі тіркелгенімен, абырой болғанда, адам өлімі болмаған. Бір таңғаларлығы, бұл нысанның кімге тиесілі екенін ешкім де тап басып айта алмайды. Әйтеуір, аумағы 5 589 шаршы метрді алып жатқан нысанды басында спорттық са­уықтыру кешені ретінде сала бастағанын естігенбіз. Бірақ арада жеті жыл өтсе де, бұл нысан сол тоқтаған күйі тұр.

Жалпы, өңірде созылмалы құ­рылыс нысаны бір бұл емес. Бүгінде Жамбыл облысында 51 «сақалды» құрылыс анықталған. Ал 33 нысанның иелерімен жұ­мысты қайта бастау кестесі бекі­тіліпті. Мамандардың айтуынша, құрылыс саласындағы басты мәселенің бірі – құрылыс са­пасының дұрыс бақыланбауы екен. Яғни кейбір мердігерлер жұмыс құнын төмендете отырып, өз пайдаларын еселеуге тырысады. Мұндай мәселеге жол бермес үшін де тиісті шаралар қабылдануы керек. Облыстық құрылыс бас­қар­масының басшысы Ерлан Орын­­баевтың айтуынша, салынып жатқан нысандардың сапасына ең әуе­лі дұрыс әзірленбеген жоба­лық-сметалық құжаттама әсер етеді. Сонымен қатар, ол кей­бір жобалаушылардың құры­лыс аума­ғына барып, мән-жай­мен таныс­пастан, ескірген то­пографиялық деректерді пай­да­ланып жататынын, нақты іс жү­зінде жергілікті геологияны са­ралауға көңіл де бөлмейтінін айтады. Мәселен, Жуалы және Байзақ аудандарындағы мек­теп­тердің құрылысы кезінде жерас­ты суларының көтерілгені соны көрсетеді.

Сондай-ақ тапсырыс беру­шілерде жобаларды сапалы тексере алатын тәжірибелі маман­дардың жетіспеушілігі салдарынан құрылыс барысында түр­­лі олқылық болып, оларды шұ­ғыл жоюға тура келеді екен. Өңір­дің бас құрылысшысы Ер­лан Орынбаевтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама «Сәулет бюросы» шеңберіндегі жұ­мыс тобымен келісілуі керек. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу конкурстарын дер кезінде өткізу мәселесі де күн тәр­тібінен түспей келеді. Осы орай­да облыста 213 нысанның құрылысы жоспарланған болса, оның ішінде 12 нысан бойынша әлі күнге конкурс­тар аяқталмаған. Сонымен қатар кейбір құрылыс жұмыстарының кенжелеп қа­луына құрылыс материалдары да тікелей әсер етеді. Мәселен, көптеген жергілікті компания маусым кезінде қаптаған тапсырыс көлемін еңсере алмай жататындықтан, құрылысшылар шетелдік жеткізушілерге жү­гінуге мәжбүр болады. Се­бебі нысанның құрылысы мер­зімінде аяқталуы керек. Сон­дай-ақ құрылыс бас­қармасы бас­шысының айтуынша, бас мер­дігер жұмыстың толық көлемін қосалқы мердігерге бе­ру мәселесін де реттеуі керек. Заң бойынша қосалқы мердігерге бері­летін көлем жобаның 1/3 бөлігінен аспауы тиіс. Бұл ретте мұндай дүниелер жарнамалауға жатпайды және ішкі шарттармен ресімделетініне ден қойылуы қажет. Сонымен қатар  кейбір кәсіпорындар бірден бірнеше нысанды мойнына алып, жұмыс ауқымын уақтылы иегере алмай жататыны тағы бар. Бұл да құрылыс қарқынының бәсең­деуіне, болмаса дер кезінде орын­далмауына, тіпті сапа жөнінен сыр беруіне де апарып соқтыратын жағдайлардың бірі болып отыр.

Өңірдегі «сақалды» құ­ры­лыс қана емес, құрылыс нор­ма­ларының бұзылуы да өзекті мәселенің бі­рі саналады. Мә­селен, аймақта құ­рылыстағы «қызыл сызық» талаптарын сақ­тамаған бірнеше құрылыс алаң­дарын кездестіруге болады. Бұл ретте облыстық мемлекеттік сәу­лет-құрылыс басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев 16 тексеру қорытындысы бойынша құрылыс нормаларының 43 рет бұзылғаны анықталғанын айтты. Сол үшін 6,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 7 іс сотқа жолданыпты. Ал жыл басынан бері тиісті талаптарға сәйкес кел­мегендіктен, 48 құрылыс-монтаждау және 15 жобалау жұ­мыстарын жүргізуге лицензия берілмеген. Бұл жұ­мыстар алдағы уақытта да жал­ғасын табатын болады. Жалпы, өңір тұр­ғындарының құрылыс сапасына, әсіресе тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға қатысты шағымдары көп. Көпшілік мұн­дай мәселелерді әкімдердің есеп беру кездесулерінде де жиі көтереді. Кейбір тұрғындар құ­рылыс саласына қатысты пікір­лерін бұқаралық ақпарат құ­ралдары арқылы да, әлеуметтік желілер арқылы да білдіріп жатады. Шынында да, «сақалды» құрылыс та, «қызыл сызық» талабына бағынбаған құрылыс та көп. Салаға жауапты басшылар да мұндай мәселелердің бар екенін айтуда. Енді оларды шешу жолдары да көрсетілгенімен, күллі мәселенің бір-ақ күнде шешімін табуы тағы да мүмкін емес.

Былтыр мемлекет қолдауы­ның нәтижесінде Қордай ауданына жіті көңіл бөлінді. Ауданда құрылыс қарқын алып, көпшілік үшін тиісті жағдай жасалды. Енді биыл Тараз қаласына көңіл бөлінбек. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһарды абаттандыру жұмыстары басталып та кетті. Бірақ облыс орталығындағы кейбір «сақалды» құрылыстар мен «қызыл сызық» талабын бұзған құрылыстарды да реттеу керек сияқты. Бұдан бөлек, құрылыс саласына жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттырған жөн. Себебі салаға қатысты бүгінгі мәсе­ленің ертең де қайталануы мүмкін ғой. Тіпті бір жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тех­никалық және авторлық қа­дағалау өкілдері жұмысының да көңіл көншітпейтінін, осы уақытқа дейін олардың бұ­зу­шылықтары үшін жауап бер­генін еш көрмегенін айтқан еді. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі кезде сынның астында қа­лып тұрған құрылыс саласына енді сілкініс пен серпіліс қажет болып тұрғандай. Ал талапқа сай емес немесе мерзімінен ұзап кеткен өңір­дегі құрылыс нысандарының иелері табылып, оларға заңға сай шара қолданылғаны жөн.