Әлем • 12 Мамыр, 2021

Еуропалық Одақ пен Үндістан келісімі

285 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуропалық Одақ пен Үндістан сауда келіссөздерін қайта жалғастыруға келісіп, климаттың жылынумен күресуде бірлесіп әрекет етуге уағ­да­лас­ты. Бейнеконференция арқылы өткен жиынға ЕО-ға мүше 27 елдің бас­шылары мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қатысты.

Еуропалық Одақ пен Үндістан келісімі

Жалпы, бұл саммит ертерек өтуі тиіс еді. Бірақ Үндістанда коро­на­вирустың өршуіне байланысты кейін­ге қалдырылып келген. Іс-шара барысында кәрі құрлықтың басшылары Үнді-Тынық мұхиты аймағына қайта көңіл бөлетіні айтылды.

«Біз сауда келісімі жөнінде келіс­сөз­дер өткізуді жалғастыруға келіс­тік. Бұл қазіргі қиындықтарға төтеп беруге көмектеседі», делінген екіжақты мә­лімдемеде. Сондай-ақ тараптар ке­ліс­сөздердің жемісті болғанын, екі­жақты сауда айналымындағы мәсе­ле­лерді бірлесе отырып шешуге уағ­даласқанын жеткізді.

Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ пен Үндістан инвестицияны қорғау бо­йынша және географиялық атау­лар­ға қатысты жеке келіссөздер өткіз­бек. Мәселен, мұның қатарында Фран­цияның «Шампан» сусыны мен Үндіс­тан­ның «Даржилинг» шайы секілді брендтік атаулар бар.

«Бұл саммит Еуропалық Одақ пен Үндістан арасындағы қарым-қаты­нас­тың ашылмаған қырын жарық­қа шығаруға көмектеседі. Осы орайда, еркін сауда айналымы жөнінде келіс­сөздерді жалғастыруға келістік.

Сондай-ақ климаттың жылыну мәсе­лесін де талқыладық. Үндістан пар­никті газдарды шығару бойынша әлемде төртінші орында тұр. Аталған елдің осы мәселеде алға қадам бас­қанын көрудің өзі қуанышты», деді Еуропалық Комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен.

Еуропалық Одақ пен Үндістан арасында өткен саммиттің ерекшелігі мынада. Бұған дейін екі тараптың арасындағы келіссөздер аса сәтті бол­ған емес. Мәселен, Үндістан мен кәрі құрлық 2013 жылы бірқатар өзек­ті мә­селені келісе алмай, құр қол тар­қа­ған-ды.

Оның үстіне, Еуропалық Одақ Нью-Делидің басты бәсекелесі – Қытай­мен таяуда ғана инвестициялық ке­лісім жасасты. Яғни кәрі құрлық Бейжің билігіне қырын қарап отырған жоқ. Бұл да екіжақты байланысқа сызат түсіргені анық. Естеріңізде болса, былтыр Гималай тауы маңындағы шекарада Қытай мен Үндістан сарбаздары қақтығысып, 20-ға жуық жауынгер қаза тапқан. Әлі күнге дейін екі ел арасындағы шекара дауы түбе­гейлі шешілген емес. Ендеше, Үн­дістан өз бәсекелесімен мәмілеге келу­ді құптамайтыны түсінікті. Бұл, бірін­шіден.

Екіншіден, кейінгі жылдары Қытай экономикасы күрт дамып, жетекші елге айналды. Сөйтіп, Үнді-Тынық мұхиты аймағында әжептеуір беделге ие болды. Бұл осы өңірде өз мүддесі бар Еуропалық Одаққа ұнамайтыны айт­паса да түсінікті. Сондықтан аймақ­тағы тағы бір халқы көп мемлекет­пен еркін сауда нарығын құру қай жағынан да тиімді.

Еркін сауда келісімінен екі жақтың да ұтатыны – басы ашық мәселе. Бірін­шіден, Үндістан – Еуропалық Одақ­тың басты сауда әріптестерінің бірі. Былтыр екіжақты сауда айналымы 94,5 миллиард долларды құрады. Кәрі құрлықтан Гималайдың етегіне апарылған тауарлардың құны 48 миллиард долларға жетсе, кері бағыттағы өнімнің бағасы 46,5 миллиард доллардан асты. Демек, Еуропалық Одақ та – Үндістанның басты сауда серіктесі.

Еуропалық Одақ экономикасының ауқымын мынадан-ақ аңғаруға болады. Қазіргі таңда кәрі құрлық әлемдегі екінші экономика саналады. Ішкі жалпы өнім көрсеткішінің көлемі былтыр 15 триллион долларды құрады. Бұл жалпы әлем экономикасының алтыдан бірін құрайды.

Сондай-ақ ЕО әлемдегі ең үлкен экспорттаушы ретінде белгілі. Мәсе­лен, 2019 жылы Одаққа мүше-мемлекеттер құны 2,13 триллион еуродан асатын тауарды басқа елдерге сатқан. Өз кезегінде 1,93 триллион еуроның өнімін импорттаған. Бұл – Еуропалық Одақтан тыс аймақтармен жасалған сауда-экономикалық байланыс.

Екіншіден, Еуропалық Парла­мент­те айтылған зерттеуге сүйенсек, еркін сауда келісімі екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға ұлғайтпақ. Мұны Парламент мүшелері де мойындап отыр.

Үшіншіден, Брюссель шенеу­нік­тері осындай қадам арқылы Қытайдан келе­тін арзан тауарларға тәуелділікті азайт­пақ. Ал Үндістан үшін бұл келі­сім мол инвестиция тартуға жол ашады.

Оның үстіне, жиын барысында жа­һан­дық жылыну мәселесі қозғал­ға­ны бекер емес. Үндістан – климаттың өзге­руіне айтарлықтай «үлес» қосып отыр­ған ел. Жыл сайын шамамен 3 гигатонна көмірқышқыл газ шығарады. Яғни жаһандық парникті газдарды шы­ғарудың 7 пайызы – Үндістанға тие­сілі.

Әрине, ел билігі Париж келісіміне сәйкес 2030 жылға қарай парникті газ­дарды шығару көлемін 33-35 па­йыз­ға дейін азайтуға уәде берді. Қа­зір­гі таңда осы бағытта жұмыстар атқа­ры­лып жатыр. Бірақ еуропалық стан­дарт­қа сай технология енгізіп, саны 1,4 миллиардқа жеткен халықты асырау оңайға соқпайтыны анық.