Аймақтар • 12 Мамыр, 2021

iKOMEK-ке жыл басынан бері 870 мыңнан астам өтініш түскен

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

iKOMEK орталығына жыл басынан бері 870 мыңнан астам елорда тұрғыны хабарласып, түрлі салада қызмет алды, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

iKOMEK-ке жыл басынан бері 870 мыңнан астам өтініш түскен

iKOMEK – толықтай цифрландырылған және 1000-нан астам қалалық қызметпен жұмысын бірізге түсірген сервис. iKOMEК қызметін жыл сайын елорданың 600 мыңнан астам тұрғыны пайдаланады. Орталық жұмыс істегелі бері алты миллионға жуық өтініш қабылдады, ал 2021 жылдың басынан бері 870 мыңнан астам өтініш атқарылды.

«Бұл біздің қала тұрғындарының өтініші міндетті түрде жетер жеріне жететін, сондай-ақ әкімдік басқармалары, аудандық әкімдіктер мен коммуналдық қызметтер үшін де  ыңғайлы сервис ұсынып отырғанымызды білдіреді. Себебі енді олар өз жұмысын тұрғындармен өзара байланыс негізінде жоспарлай алады. Сол сияқты тұрғындар елорда дамуына белсене атсалысуда. Бұл қаланың тіршілігіне бей-жей қарамайтындарын көрсетеді», дейді  iKOMEK қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.

iKOMEK қалалық орталығында барлық оператор әмбебап маман ретінде оқытылған. Өтініштердің елеулі үлесін оператор сөйлесу барысында ұдайы жаңарып отыратын ауқымды білім базасының арқасында шешіп отырады. Базада мемлекеттік басқармалар мен қаланың коммуналдық қызметтерінің жұмысы туралы ақпарат, яғни анықтамалық мәлімет, коммуналдық қызметтердің жоспарланған және профилактикалық жұмыстары туралы мәліметтер сақталады. Бұл мәліметтер сонымен қатар өтініш берудің цифрлық тәсілдерін пайдаланатындар үшін де қолжетімді. Бәрі – онлайн режимде қолжетімді.

Сонымен қатар iKOMEK-тің әмбебап операторлары өтініштерді тіркеп, оның атқарылуын бақылау үшін әлеуметтік желілерге (инстаграм, фейсбук) мониторинг жүргізеді. Осыдан кейін тұрғынға жұмыс нәтижесі туралы хабарланады.

Алайда iKOMEK-тің жұмысы мұнымен аяқталмайды. Қазіргі уақытта Орталыққа қаланың бүкіл аумағында, оның ішінде балабақшаларда, мектептерде, емханалар мен т.б. орындарда орналасқан 16 мыңнан астам бейнебақылау камерасы интеграцияланған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында iKOMEK орталығының өзінде Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің қызметкерлері отыр. Бейнебақылау камералары арқылы оператор құқықбұзушылықтарды анықтап, күш құрылымдарына қылмыстардың бетін ашуға көмектеседі.

Сол сияқты қар күрелмеу, жауын-шашын кездерінде су басу, ашық қалған құдықтар, заңсыз қоқыс үю, нәжістердің ағуы және ТКШ саласындағы басқа да оқыс оқиғаларды анықтайды.

Яғни, iKOMEK өтініштің қашан келіп түсетінін күтпейді, бейнебақылау камераларын пайдаланып, алдын ала әрекет етеді. 2020 жылы iKOMEK бейнебақылау операторлары 17 000-нан астам инцидентті анықтады.
 
Естеріңізге сала кетейік, iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына 109 қысқа нөмірі (қалалық және мобильді телефондардан тегін), сондай-ақ балама құралдар арқылы жүгінуге болады:
 
- әкімдіктің ресми сайты astana.gov.kz;
- iKOMEK109 мобильді қосымшасы (PlayMarket/AppStore);
- Telegram чат-боты (t.me/nursultanikomek109_bot);
- Smart Astana мобильді қосымшасы (PlayMarket/AppStore);
- электрондық пошта.