Қоғам • 12 Мамыр, 2021

Мәжіліс депутаты Қазақстандағы мектептердің қауіпсіздігі мәселесін қозғады

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Андрей Линник Қазанда болған мектептегі қайғылы оқиғадан кейін үкімет отырысында Қазақстандағы мектептердің қауіпсіздігі мәселесін қозғады,  деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты Қазақстандағы мектептердің қауіпсіздігі мәселесін қозғады

«Мұндай қайғылы жағдайлар мұхиттың ар жағында ғана, қару-жараққа либералды көзқарас қалыптасқан жерлерде болатын сияқты. Бірақ жағдай қару-жарақ айналымы және білім беру нысандарының (аумақтарының) қауіпсіздігі туралы ережелер өте қатаң көрші Ресей Федерациясында болды, бұл біздің мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің терроризмге қарсы қауіпсіздігі туралы заңнамадағы талаптарға назар аударуға мәжбүр ететі», деді депутат премьер-министр Асқар Маминге.

Ол Үкімет 2015 жылғы 3 сәуірде «Террористік тұрғыдан осал нысандардың терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» қаулы қабылдағанын еске салды, оған білім беру ұйымдары мен оған жататын ашық аумақтар енгізілген.

Айтуынша, аталған қаулы бойынша сыйымдылығы үш мың оқушыға дейінгі білім беру нысандары міндетті түрде телевизиялық бейнебақылау жүйесімен жабдықталады. Ал сыйымдылығы үш мыңнан астам адам болатын білім беру нысандары үшін бейнебақылаудан басқа күзет сигнализация құралдары, кірген адамды бақылау, басқару және хабардар ету жүйелері міндетті түрде болуы керек.

«Бұл қаулыға бастамашы болғандардың пікірінше, қауіпсіздік шаралары осымен жеткілікті ме? Мектептердегі күзет функцияларын көбінесе зейнет жасындағы вахтерлер орындайды, кейде ғимаратқа кедергісіз кіру үшін олармен сыпайы, сенімді сөйлесу жеткілікті. Ниеті зұлым адам келсе, қарт күзетшінің алдында қандай қарсылық сезінеді?

Осыған ұқсас мәселелер өте көп. Неліктен бүгінде мемлекеттік органдардың көптеген ғимараты әскерилендірілген күзетпен және бес метрлік қоршаумен, агрессивті адамдардың кез келген шабуылына төтеп бере алатын қорған сияқты, ал мектептер, мектепке дейінгі мекемелер мен олардың аумағы жүре беретін аула сияқты? Біздің мектептерде терроризмге қарсы оқу-жаттығулар қаншалықты жиі өтеді?» деп сұрады Линник.

Мәжіліс депутаттары оқушылардың сыйымдылығына қарамастан, білім беру нысандарының терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды жарақтандыру арқылы қайта қарауды талап етті:

дабыл хабарламаларын беру жүйелері;

бейнебақылау және дабыл жүйелері;

күзет бекеттері мен арнайы оқытылған ЖБҚ қызметкерлері;

бақылау-өткізу пункттері;

металл детекторларын қосу. 

Сондай-ақ, олар қоғамдық орындарды күзететін күзетшілерге қару ұстауға рұқсат беруді және оларға мүліктік кешенді ғана емес, адамдардың қауіпсіздігін де қорғау міндетін жүктеуді; мектеп психологтары мен учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейтуді; атыс қаруын алып жүруге, сақтауға рұқсат беруді бақылауды күшейтуді, лицензия беру жасын 18-ден 24 жасқа дейін өсіруді, қару-жарақ лицензиясын алу кезінде психикалық денсаулық пен есірткіге тәуелділікті тексеру үшін бақылауды күшейтіп, қатаңдығын және жауапкершілігін арттыруды сұрады.

Еске салайық, 11 мамырда Қазандағы № 175 мектепте атыс болған еді. Оны өзін «құдай» деп атаған 19 жастағы Ильназ Галявиев шығарған. Атыс салдарынан тоғыз адам қаза тапты, оның ішінде, жеті оқушы мен екі мұғалім. Атыс шығарған жігіт ұсталды.