Аймақтар • 12 Мамыр, 2021

Маңғыстаулықтар театрға Ashyq қосымшасы арқылы кіреді

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры «Найзағай» драмасын көрерменге ұсынбақ. Театрға көрермендер Ashyq мобильді қосымшасы арқылы кіреді, деп хабарлайды Egemen.kz

Маңғыстаулықтар театрға Ashyq қосымшасы арқылы кіреді

Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театр директорының орынбасары Тоқтамұрат Тілеу мәлім етті.

«Театрға келмес бұрын телефоныңызға арнайы Ashyq мобильді қосымшасын жүктеп алыңыз. Оған телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ді енгізіп, алдын ала тіркеліңіз. Театрға кіре берісте кіруді тіркеу үшін нысанның жеке QR-кодын сканерден өткізіп, шыққан нәтижені бақылаушыға көрсетіңіз. Егер ұялы телефоныңыз болмаған жағдайда, жеке куәлігіңізді өзіңізбен алып жүрсеңіз жеткілікті. Бақылаушы арнайы бағдарлама арқылы тексеріп, денсаулық статусыңызды анықтайтын болады. Театр қойылымдарының жас санатына сай келетін, 7 жастан асқан балаларды алып келетін болсаңыз, тексеріс үшін олардың куәлігінде көрсетілген ЖСН қажет болады», деді Тоқтамұрат Тілеу.

Сондай-ақ бүгіннен бастап көрерменге «Найзағай» атты жаңа спектакль ұсынылмақ. Пьесаның барысы Еділ жағасындағы шағын қала тұрғындарының өмір салты, әдет-ғұрыпы мен заңдары туралы өрбиді.

«Найзағай» – тапталған сезім бұрқанысы, үрей мен торығуға салынып, өмірден түңілу. Спектакль – еркіндікті аңсап, бостандыққа ұмтылуымен қорлыққа төзе алмау жайында. Әркім өз қалауы бойынша не істегісі келсе де, өзі білетін бүгінгі еркін заманда да кей жандар үшін суицид – ақиқаттан құтылудың бірден бір жолы болса керек. Демек азаптан құтылудың дара жолы – өлім. «Найзағайдан» жасырынатын жер жоқ дегенді меңзейді. Қойылым бізге өміріміз, эмоцияларымыз, қайғы-қасіретіміз бен проблемаларымызды көркемдікпен жеткізеді. Бірнеше ғасыр өтсе де, қойылымда көтерілетін тақырыптың әлі де өзекті екендігін түсінесіз. Қазақ сахна кеңістігінде Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов жасап кеткен үздік образдарды театрымыздың сахна төрінен жаңаша жаңғырып, өзгеше түрленуіне куә боласыздар», деді қоюшы режиссер Дина Жұмабаева.