Парламент • 13 Мамыр, 2021

«Байқоңырды» жалға беру шартына өзгеріс енбек

163 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығма­ту­линнің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда «Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты бірқатар маңызды құжат мақұлданды.

«Байқоңырды» жалға беру шартына өзгеріс енбек

Атап айтсақ, жалпы отырыста «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

«Келісімге 2019 жылғы 20 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды. Осы келісім бүкіл әлемді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған OneWeb халықаралық жобасын жүзеге асыру үшін «Байқоңыр» айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру кезінде Қостанай облысының аумағында «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау ауданын Ресей тарапының пайдалану тәртібін реттейді. Құлау ауданы жылына небәрі бірнеше рет сервитут шартымен қолданылып отырады. 3-6 тәулікті құрайтын бұл кезеңде адамдар мен үй малының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құлау ауданына кіру жабық болады. Қалған уақытта құлау ауданында жүруге және оны жайылым ретінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Адамдардың құлау ауданынан тысқары жерлерде тұруы қауіпсіз. Сонымен қатар тасымалдағыш зымыранды әрбір ұшырған сайын жақын маңдағы елді мекендерге гигиеналық баға беру жұмыстары жүргізіледі. Қоршаған ортаның сынамалары алынып, тұрғындардың денсаулығына скрининг жүргізіледі. Сондай-ақ құлау ауданын пайдалану кезінде жануарлар мен өсімдіктер әлеміне жыл сайын мониторинг жүргізілу көзделген. Табиғат қорғау ұйымдарының киіктердің төлдеу, құстардың ұя салу кезеңінде құлау ауданын пайдалануды шектеу туралы талаптары орындалады. Яғни, сәуір мен маусым айлары аралығында тасымалдағыш зымырандар ұшырылмайды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Ведомство басшысының айтуынша, келі­сімді ратификациялау «Байқоңыр» кешені бо­йынша қазақстандық-ресейлік ынтымақ­тастықты кеңейтуге, кешеннің тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізіп, ғарыш айлағы жүктемесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Союз-2» тасымалдағыш-зымыраны экологиялық қауіпсіз керосин-оттегі отынымен ұшырылады.  Келісім шарттарына сәйкес тасымалдағыш-зымырандардың бөлінетін бөліктерін қабылдау аудандарындағы экологиялық жағдайға мониторинг жүргізуге қазақстандық мамандар мен ұйымдар қатысып, бақыламақ.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар ауылдық жерлерді интернетпен қамту мәселесін көтерді. Ведомство басшысы 2020 жылдың соңына дейін құрған жоспардың ішінде техникалық жағдайларға сай 510 елді мекенде сапасы төмен интернет берілгенін, алайда 2022 жылдың соңына дейін бұл жерлерде интернет сапасы жоғарылайтынын айтты.

«Қашан кең жолақты қолжетімді интернет болады? Осы сұрақ неден туындады десек, жыл сайын сіздің алдыңызда болған министрлер де Парламентке келіп, бір жылға немесе екі жылға шегеріп келді. Осыған дейін 2020 жылы бірінші уәде болды. Сіз енді 2022 жыл деп айтып отырсыз. Осы уәделеріңізден қашан нәтиже болады?

Елден, халықтан ұят емес пе?! Бұрынғы министрлер бес рет уәде берген еді. Белгіленген мерзімді 5 мәрте жылжытты. Бүгін 2022 жылғы мерзімді айтып отырсыз. 2012 жылдан бастап есептесек, 100 пайыз ғаламтормен қамту жоспарына келесі жылы 10 жыл толады. Егемендігімізге 30 жыл болды. Бұл ғарышқа апаратын жоба емес қой. Сондықтан 2022 жылы нәтиже күтеміз. Бізден қандай көмек керек, заңнама бойынша қолдауға дайынбыз», деді осы мәселе жөнінде пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар экологияны қорғау және «Союз-2» типті зымыран-тасығыштардың штаттан тыс құлауы немесе авариясы салдарынан материалдық залалды өтеу мәселесін көтерді

Сондай-ақ Палата Спикері зымыран тасығыштардың апаты салдарынан болған экологиялық залалды өтеудің нақты тетігін әзірлеу қажет деп санайды. Мәжіліс Төрағасы зиян келтірілгені қандай құжаттар арқылы анықталатынын сұраған.

Сыртқы істер вице-министрі Марат Сыз­ды­қовтың айтуынша, жеке келісімге сай Ре­сей тарапы залалды төлеуге кепілдік алады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл рәсім ұзақ жыл­дарға созылады. Осыған байланысты Нұр­­лан Нығматулин экологиялық залалды өтеу те­тігі тиісті құжаттарда бекітілуі тиіс деп есептейді.

«Біз серіктестерімізбен материалдық залалды өтеу туралы нақты келісуіміз керек. Бізде кепілдік бар. Бірақ бұл кепілдіктер жұмыс істеуі үшін не қажет? Бұл бірлескен құжатты серіктестерімізбен бірге пысықтау қажет», деді Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде заң жобасын әзірлеушілер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәселе жақын арада пысықталып, нәтижелері депутаттарға ұсынылатын болады деп сендірді.

Сондай-ақ депутаттар «Протон» зымыранын «Байқоңыр» кешенінен ұшыру мәселесіне де алаңдаушылық білдірді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің сөзіне сенсек, 2026 жылы аталған зымыран түрін ұшыру мүлдем тоқтатылмақ. «2016 жылы Ресей тарапы бір жылда «Протон» зымыран тасығыштарын 5 реттен артық қолданбау жөнінде келісім жасалды. Ал 2026 жылы мүлдем қолданылмайды. Ресей 2020 жылы «Протон» зымыранын бір мәрте ұшырды. Ал 2021 жылға қатысты ұшу графигі әлі бекітілмеді», деді министр.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

«Байқоңыр» кешені Ресей Федерациясының жалға алуы жағдайында 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Жалға беру туралы шешім 1994 жылы қабылданды. Бұл кезде Қазақстанның ауыр экономикалық жағдайда «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұстау және пайдалану мүмкіндігі болмаған еді. Жасалған жалдау шартына сәйкес, Ресей Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын өзінің ғарыштық бағдарламаларын орындау үшін пайдалану құқығымен ұстау жөнінде өзіне міндеттеме алды. Жалға беру шартына сәйкес «Байқоңыр» кешені жалға беру мерзімін келесі 10 жылға ұзарту мүмкіндігімен Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді. Жалға беру шартынан басқа «Байқоңыр» кешенінің қызмет етуінің түрлі мәселелерін реттейтін тағы 70-ке жуық халықаралық шарттарға қол қойылды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы сақталып, ойдағыдай жұмыс істеп отыр. Республикалық бюджетке жыл сайын «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар сомасында жал ақы түседі. «Байқоңыр» кешенін жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд доллар түсті. Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, 2004 жылы «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Бұл ретте 2004 жылғы 9 қаңтардағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы мемлекетаралық келісімде Қазақстанның ғарыш айлағында бірлескен жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ ғарыш айлағын жаңғырту, жаңа экологиялық қауіпсіз ғарыш зымыран кешендері арқылы ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру көзделген», деді Б.Мусин.

Министрдің айтуынша, Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы әзірленіп, оған 2020 жылғы қаңтарда қол қойылған. Бүгінде аталған жоба іске асырылып жатыр. Онда кәсіпкерлікті, туризмді дамытуды, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жүргізуді, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған. «Көп пәтерлі тұрғын үйлерді газдандыру аяқталды. Бұл тұрғындар үшін газ тарифін 16 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін көпбейінді қалалық аурухана мен емхана ашылды. 2019-2020 жылғы оқу жылында қазақстандық ортақ мектеп базасында екі бірінші сынып ашылды. Сондай-ақ қазақстандық білім беру стандарттары бойынша екі жеке балабақша ашылды. 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі 5 тұрғын үй салынды. Қазіргі таңда барлық пәтер қала тұрғындары мен Қазақстан азаматтары арасында бөлінген», деді министр.

Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне, Салық кодексіне толықтыру енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Жиын соңында депутаттар бірқатар мемлекеттік орган басшыларына сауал жолдады.