Әлем • 13 Мамыр, 2021

Ядролық келісімге келу қиынға соғып тұр

391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Венада Иранның ядролық қару бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің төртінші раунды өтіп жатыр. Тараптар 2015 жылғы шарттың маңызына тоқталғанымен, әзірге екіжақты келісімге келу қиынға соғып тұр.

Ядролық келісімге келу қиынға соғып тұр

Уақыттың аз қалғанына қара­мас­тан, жиынға қаты­су­шылар АҚШ-тың қай санк­цияларды алып тастауы, Иранның уран өнді­рісіне қатысты мәселелері жө­нінде ортақ мәмілеге келе алар емес.

Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Еуропалық Одақ қатысты. Аталған мемлекеттердің өкіл­де­рі Иран мен АҚШ-тан келген әріптестерімен жеке-жеке кездесіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Бір қызығы, мұхиттың арғы жағынан келген делегаттар бөлек қонақүйде, ал Тегераннан ат ары­тып келген делегаттар келе­сі, жолдың екінші бетіндегі қона­қ­үйге жайғасқан.

Екі тарапты да асықтырып отырған мәселе мынада. 18 мау­сым­да Иранда президенттік сай­лау өтеді. Қазіргі президент Хасан Рухани екі мерзімге сай­лан­ғандықтан, алдағы саяси бәсе­кеге қатыспайды. Үміт­кер­лер­ді тіркеу енді басталды. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, ұлтшыл идеяны қолдайтын консерваторлар тобы жеңіске жету ықтималдылығы жоғары. Ал олар таяуда ғана «Бірлескен іс-қимыл жоспарын» Руханидің ең үлкен қателігі деп есептейтінін мәлімдеген-ді.

Дәл қазір бәске түсіп тұрған мәселе өте үлкен. Бірін­шіден, осы келісім арқылы Иран ядролық бағдарламасының келешегі айқындалады. Алда-жалда тараптар Венада келісімге келіп жатса, Ирандағы пре­зи­дент­тік сайлаудың нәтижесіне қарамастан аталған ел шартты орындайды. Оған дейін уағ­да­лас­тық­қа қол жетпесе, жаңа­дан сайланатын президент әкімшілігімен келісу қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті.

«Келіссөздерден үлкен үміт күтемін. Бірнеше апта бойы жал­ғас­тыруға мүмкіндігіміз бар. Алайда әлі де атқаратын шаруа мол. Уақыт тығыз. Венадағы ке­ліс­сөздер ақырғы фазасына шы­­ғады деп үміттенемін», деді Еу­ро­палық Одақтың Сыртқы іс­тер және қауіпсіздік саясаты жө­нін­дегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель.

Қазіргі таңда екі жұмыс тобы құрылған. Біріншісі Иран­ға са­лын­ған экономикалық санк­ция­­лардың бәрін егжей-тегжей зерттеп, АҚШ олардың қайсы­сын алып тастауы қажетін анықтауға кірісті. Екінші топ Иран­ның мой­­нына артылған міндет­терді нақ­ты­лап, оның қанша­лық­ты орын­далып жатқанын бақы­лай­ды.

Естеріңізде болса, 2015 жыл­дың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлы­британия және Франция «Бірлес­кен іс-қимыл жоспарына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды байыту бағ­д­арламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Теге­ран­ға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.

АҚШ-тың бұрынғы прези­ден­ті Дональд Трамп Ақ үй тіз­гі­­нін ұстауға талас кезіндегі бір сөзінде Иранмен жасалған яд­ро­лық келісімді «апат» деп баға­лап, келісім Иранға ядро­лық қаруларын сақтауға мүм­кін­дік береді деп мәлімдеген. Прези­дент­тік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іспен көрсетті.

Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп Иран ядролық ке­лі­сімі­нен шығу туралы ше­шім­­ге қол қойды. Сондай-ақ келісімнен шығып қана қой­май, Иранға қатысты ең қатаң санкциялар қабылдайтынын жеткізген. Кейіннен ресми Ва­шинг­тон аталған елдегі бір­не­ше компанияға, жеке тұлға­ға қа­тысты экономикалық, кей­бі­ріне тіпті саяси тыйымын үде­тіп жіберді. Мәселен, Иран­ның аймақтағы ықпалының бел­гісі саналатын «Революция сақ­шы­ла­рын» террористік ұйым деп сипаттады.

Вашингтон билігі мұнымен тоқтамай, Парсы шығанағы төңі­ре­гінде өз әскерінің санын арттырды. Былтыр АҚШ әскери­лері ирандық беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқы­лы атып өлтірді. Мұның бәрі екі ел арасындағы жағдайды ушық­ты­рып, ядролық келісім тура­лы ұмыттырып жіберуге шақ қал­ған-ды.

Иран да қарап жатпады. АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Былтыр ел парламенті уран өнді­ріс­іне қатысты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жеткізуге кірісті. 2015 жылы қа­был­данған келісім бойын­ша ба­йы­ту мөлшерін 3,67 пайыздан асырмауға тиіс. Бірақ Тегеран билігі АҚШ тарапы санкцияларын алмайынша бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді.

Бұдан бөлек Иран елдегі уран мөлшерін 300 килограмнан асырған. Бұл 2015 жылғы келісімге сай емес. Таяуда ғана билік үш айдың ішінде 55 килограмм уранды 20 пайызға байыт­қанын мәлімдеді. Яғни Пар­ламент шығарған заңда көр­сетілген мөлшерден асып түс­кен. Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі өндіріс көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған.