Қоғам • 13 Мамыр, 2021

Өкпе обыры неге ер-азаматтарға үйір?

2146 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен өкпе қатерлі ісігін тегін тексеріп, анық­тауға кіріседі. Мұндай скрининг төмендозалы спиральды компьютерлік томография ар­қылы жүзеге асады. Бұл туралы елімізде өткен «Өкпе обыры, озық шешімдер» халықаралық мәжілісінде айтылды.

Өкпе обыры неге ер-азаматтарға үйір?

Қазақстанда өкпе қатер­лі ісігі – сүт безі қатерлі ісігі­нен кейінгі обырдың ең көп тарал­ған түрі. Жыл сайын өңірлерде өкпе қатерлі ісігіне жаңадан 3500-ге жуық адамның душар болғаны анық­талады. Өкпе обыры таралуы жағынан екінші орында болғаны­мен, елімізде соңғы 25 жылда өлім-жітім жағынан бірінші орында тұр.

Өкпе рагы жалпы онко­ло­гия­дағы өзекті мәселелердің қата­рында. Бұл кеселдің қауіп­тілігі сон­да, біріншіден өкпенің қатерлі ісігі тез өршитін болса, екіншіден өкпенің дамыған қан және лимфа тамырлары арқылы адамның басқа мүшелеріне жиі метастаз беруінде. Сол сияқты дер кезінде емделмеген өкпенің созылмалы ауру­лары да осы дертке жетелейді. Оған қоса тыныс алып жатқан ауаның өн­дірістік қалдықтармен, қор­шаған ортадағы канцерогендермен, түтінмен ластануы зиянды әсерін тигізбей қой­­майды. Бірақ өкпе обырында негізгі рөлді никотин алады. Осы мә­селе­ге орай, жетекші онкологтер өкпе обы­рын ас­қын­дырмай анықтауда скри­­нинг жасаудың қажеттілігі мен маңыз­дылығын тынбай алға тартып отыр. Оның өткір себептері де жоқ емес.

«Өкінішке қарай, өкпе қа­терлі ісігін бірінші сатысында анықтау деңгейі өте төмен. Бұл Қазақстанға ғана тән жағдай емес. Дамыған мемлекеттердің өзінде де бұл мәселе бар. Біздің елімізде бұл 6 пайызды ғана құрайды. Еуропа елдерінде де – 6-7 пайыз. Ұлыбританияда – 8 пайыз. Тек төмендозалы КТ скринингі жүргізілетін АҚШ-та ғана бұл көрсеткіш 17-20 пайызға жетіп жығылады. Біздің елімізде өңірлерде өкпе обырына шалдығу біркелкі емес. Соңғы 5-7 жылда әйел адамдардың темекіге үйірлігі, жасырынып шылым шегуі өзінің теріс нәтижесін бере бас­тады. Егер Қазақстан картасына көз салатын болсақ, картина төмендегідей, шылым шегу – өкпе рагына душар болудың стандартты себеп­шісі болғанымен, өндірістік кәсіпорындар шоғырланған аймақтардағы статистика алаң­датарлық. Мәселен, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павло­дар, Шығыс Қазақстан облыстарында өкпе обырына шалдығу оңтүстіктегі Түркістан облысына қарағанда 8-9 есе жоғары.

Ең қызығы, өкпе обырының көр­сеткіші жоғары аймақтардың да ішкі айырмашылығы бар. Мә­селен, Қарағанды облысында Қара­ғанды, Теміртау, Бал­қаш, Жез­қаз­ған қалаларында өкпе қатерлі ісігі 10 есе көп. Мұндай жағ­дай Өс­­­­ке­­мен қаласында да қайта­ла­на­ды. Ай­наласындағы ауыл ша­руа­шы­лығымен айналысатын аудандарда өкпе рагы төмен. Сол сияқ­ты Қостанай облысының Рудный қаласында да қатерлі ісікке душар болу 9-10 есе көп», дейді Қазақ онкология және радио­логия ғылыми-зерттеу инс­титутының бас­қарма төраға­сының клиникалық жұ­мыс жөнін­дегі орынбасары Нұрлан Бал­табеков.

«Мәселе мынада, өкпе қа­терлі ісігіне шалдыққан сыр­қат­­тардың 80 пайызы онко­лог­тердің алдына ауруы әбден меңдегенде келеді. Сондықтан біз ерте бастан диагностика жасау, профилактика, және скрининг туралы мәселе көтеріп отырмыз. ДДҰ ұсынысымен өкпе қатерлі ісігін бастапқы сатыларында анықтау үшін өк­пе обыры бойынша скрининг ен­гізуді жоспарладық», дейді елі­міздің бас онкологі Диляра Қайдарова.

Жоғарыда атап өткендей, бұл скрининг төмендозалы спи­ральды компьютерлік томо­графия арқылы жасалады және таргетті немесе жеке ем тағайындауды дұрыс жүр­гізуге септеседі. Төмендозалы спиральды компьютерлік томографияны қолдану арқылы өкпе обырына тексерудің қанатқақты жобасы алдымен Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген. Осы мамыр айында скрининг жөніндегі жоба Алматыда жалғасады. Аталған іс-шарада
2 мыңға жуық ер-азаматты өкпе қатерлі ісігіне тексеру көзделінген. Өйткені өкпе обырына көбінесе ер кісі­лер шалдыққыш келеді.

«Алматыда да өкпе рагы саны бо­йынша және өлім-жітімге шал­дықтыру жағынан да көш бастап тұр. Біз тәуекел тобындағы адамдарды барынша тегін тексерумен қамтитын боламыз. Бұлар – ылғи түтінмен, бензин буымен тыныс алатын автопарктердің жүргізушілері. Оның үстіне жүргізушілердің көп­шілігі темекіге үйір. Бұл санаттағы адамдарға төмендозалы компьютерлік томография жасалады. Егер адам 10 жылдан астам және күніне 1-2 қо­раптан шылым шегетін болса онда оған КТ жасауға себеп бар деген сөз. Мұны кемі жылына бір рет жасап тұру қажет. Егер біз пациенттерде өкпе обыры бар екенін алғашқы сатысында анықтайтын болсақ, ол сөзсіз қайғылы оқиғаларды азайтып, өмірлерді ұзартады. Және оған қоса, мұндай шаралар бюджетке түсетін қаржылық салмақты да айтарлықтай азайтады. Себебі обырдың 3-4 сатысын емдеу әлдеқайда қымбат. Қатерлі ісікті асқындырмай анықтау мен емдеудің тиімділігі де жоғары», дейді Д.Қайдарова.

Қалай десек те, өкпе обыры – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктің түрі. Әлемде әр минут са­йын бір адам өкпе обырынан көз жұмады. Қатерлі ісік ауруын зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, жыл сайын 2 млн-нан астам ерлер мен әйелдер өкпе қатерлі ісігімен ауырады, олардың үштен екісі – ер адамдар (1 368 524) болса, үштен бірі – әйелдер (725 352). Өкпе қатерлі ісігі бүкіл әлемде қатерлі ісік ауруынан болатын қайғылы оқиғалар мен өлім-жітімнің басты себепшісі. Жыл сайын бұл аурудан 1,8 млн-ға жуық адам қайтыс болады. Қысқасы, Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім құрылымында өкпе қатерлі ісігі де бірінші орында: 6-7 қазақстандық күн сайын өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болады. Өкпе қатерлі ісігіне шалдығуға ең алдымен ер адамдар бейім болып келеді. Ерлердің әйелдерге қатынасы 4-1 құрайды. Дегенмен соңғы 10 жылда темекі шегетін қыз-келіншектердің көбеюі бұл көрсеткішті өзгерткенін атап өттік. Өкпе рагы жас әйелдерде де кездесе береді. Өкпе қатерлі ісі­гімен сырқаттанушылық пен өлім-жі­тімнің ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қа­зақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында байқалады.

Қорыта келгенде, 10 адам өкпе обырына душар болса, оның тоғызы міндетті түрде темекі шегеді. Егер жөтел соңыңыздан қалмай, ен­тігіп, шаршап, салмақ жоғалтып, қа­қы­рынып-түкіріне беретін болсаңыз, ой­л­ануға, онкологке баруға тура келмек.

 

 АЛМАТЫ