Карантин талаптарына сәйкес көрерменсіз, онлайн өткен байқауға Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарынан және Орал қаласынан 10 үміткер қатысты. Дем беріп делебе қоздыратын жанкүйер болмағанымен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, ішкі саясат, спорт және денешынықтыру басқармалары, Орал қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Nur Otan партиясы және облыстық Aqjaiyk телеарнасы жан-жақты қолдаған іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Байқауға қатысушылар сайыстың «Қазақтың баласымын тегі бүтін» деп аталған алғашқы кезеңінде өзін, ата-тегін, өскен жерін таныстырса, «Аттың даңқы жігіт қолында, жігіт даңқы өз қолында» сынағында аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарына қатысты. Үміткерлердің ісмерлік, шеберлік, қолөнер қасиеттерін көрсеткен «Жігіттер бар нарқасқа...» сынағы да тартысты болды. Аса тартысты бұл сайыс Орал қаласының іргесіндегі SABA этнокешенінде, «Орал» спорт клубының ат спорты бөлімінде өтті.
«Жігіт сұлтаны» сайысына қазылық еткен Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің директоры, күйші Нұржан Сертеков байқауға қатысушылардың барлығы да үлкен дайындықпен келгенін айтады. Жігіттердің осалы жоқ. Мысалы, Шыңғырлаудан келген Мағжан, Жеңісов – аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі «Шыңғырлау» спорт клубының әдіскері болса, жаңақалалық Қолғанат Серіков – Жаңақала аудандық Jastar спорт клубының ұлттық ат спорты нұсқаушысы болып қызмет етеді екен. Ақжайық ауданынан келген Шапағат Наурызов та оңай шағылатын жаңғақ емес, Ақжайық аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып шықты. Күш пен ептілік сыны олардың оң жамбасына келгенімен, өзге әріптестері де қарап қалмады. Сырым ауданы Бұлдырты ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Нұрлыбек Уәлиахметов, Орал қаласындағы «Алау» балалар аула клубының үйірме жетекшісі Ерген Нұрлан, Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының хормейстері Сақтаған Мемлекетов, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылы М.Б.Ықсанов атындағы мектеп мұғалімі Ернар Ерланов, Бөкей орда ауданындағы Шоңай ауылдық клубының меңгерушісі Рауан Қажығалиев, Бөрлі аудандық демалу орталығының көпшілік іс-шаралар режиссері Ерасыл Мәлік, туған жері Бәйтерек ауданының намысын қорғаған Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Райымбек Сабырғалиев жеңісті қолдан бермеуге тырысты.
Қазылар алқасының құрамында болған Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, актер, республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауының лауреаты Мұсағали Бектенов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, БҚО Ұлттық спорт федерациясы қоғамдық бірлестігінің президенті Ерболат Байбатыров, «Ағайын» қазақ мәдени бірлестігінің төрағасы, Орал қалалық мәслихатының депутаты, халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблінің мүшесі Арман Биғалиев, ХІV Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, аймақтық, республикалық «Үкілі домбыра» байқауларының лауреаты, Құрманғазы атындағы саз мектебінің оқытушысы Аслан Серікбаев сайысқа барынша әділ төрелік жасады.
Сонымен, екі күнге созылған сайыстың бас жүлдесін жаңақалалық Қолғанат Тұрарбекұлы жеңіп алды. Оған 300 мың теңгелік сертификатпен бірге арнайы дайындалған «Жігіт сұлтаны – 2021» алтын белдігі табыс етілді.
Бірінші орын – шыңғырлаулық Мағжан Файзоллаұлына, екінші жүлде – бәйтеректік Райымбек Есенкелдіұлына, үшінші сыйлық – Ақжайық ауданының өкілі Шапағат Бекболатұлына бұйырды.
Бөрлі ауданынан келген Ерасыл Ерланұлы, жәнібектік Ернар Бауыржанұлы, қаратөбелік Сақтаған Берікұлы, теректілік Алпамыс Ермекұлы, Сырым ауданының өкілі Нұрлыбек Бекболатұлы, Орал қаласынан Ерген Нұрланұлы сайыстың дипломанттары атанды.
Бір ерекшелігі, жүлдегерлерге берілген сыйлық та сайыстың атауына сай – түлкі тымақ, ер-тұрман, қамшы, домбыра сынды ұлттық бұйымдар болды.
– Бұл байқау біздің жастарымыздың арасында саламатты өмір салтын насихаттап, ұлттық құндылықтарға шақыратыны сөзсіз. Ақ Жайықтың жігіттері дүниежүзілік додаларда да атой салса дейміз. Өңіріміз пандемия қыспағында тұрғанына қарамастан, біз бұл маңызды іс-шараны өз деңгейінде өткізуге тырыстық. Жігіттің сұлтаны мен сырттаны көп болсын! – дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.