Қоғам • 13 Мамыр, 2021

Балаңыздың қауіпсіздігі – бәрінен маңызды

3939 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Бала – бауыр етің» деген сөзді жиі қолданамыз. Өйткені өзегіңді жарып шығып, ұйыған қаннан ұядағы балапанға айналған құлыншақтың құдіреті адамның ет жүрегін елжіретіп, жүзіңе қуаныш, жүрегіңе жұбаныш сыйлайтыны анық. Баяғыда бір анадан «Қай балаңды қатты жақсы көресің?» деп сұрағанда: «Ауырған баламды жазылғанша, шығып кеткен баламды оралғанша, кіші баламды өскенше жақсы көремін. Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін жақсы көріп өтемін» деген екен.

Балаңыздың қауіпсіздігі – бәрінен маңызды

Иә, ата-ананың балаға деген мейірім- махаббаты өлшеуді талап етпейтін өмір­шең сезім сияқты көрінгенімен, кейде құрсағын жарып шыққан құлыншағын қарау­сыз, қадағалаусыз қалдырғанына қай­ран қаласың. Мысалы, Ішкі істер министр­лігі 2020 жылы елімізде 105 бала көпқабатты үйдің терезесінен құ­ла­ғанын хабарлады.

«Кәмелетке толмағандар арасындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу өте маңызды. Балалардың бос уақыттарын ұйымдастыра алмау, оларды ата-ана­ларының қараусыз қалдыруы әртүрлі жазатайым жағдайларға, жарақат пен өлімге алып келеді. 2020 жылы респуб­лика бойынша 105 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлады, оның ішінде 18 бала мерт болса, ал қалған 87-сі ауру­ха­наға жатқызылды. Кәмелетке тол­мағандардың жарақаттануын болдырмау үшін кәмелетке толмағандардың үйде және көшеде, суда және өрт кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі бастығының орынбасары Дилбар Төлегенова.

Оның айтуынша, шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қам­­­тамасыз ету үшін полиция су айдын­дарына рейд жүргізіп, демалушы­лармен профилактикалық әңгімелер ұйым­дастырады. Қауіпті жерлерге 6 мың тыйым салу белгісі орнатылды. Қала жаға­жай­ларында балалар жүзетін 66 орын бар.

Терезеден құлау – балалардың жа­рақат­тануы мен өлімінің негізгі себеп­терінің бірі, әсіресе қалаларда жиі кездеседі. Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігінің хабарлауынша, 2021 жылдың басынан бері елордада осындай екі оқиға тіркелген. Статистика көрсеткендей, көп жағдайда балалардың құлауы ере­сектердің қарауынсыз қалған сәтте немесе ата-аналардың назарынан тыс қалған уақытта болады. Оқиғалардың көп бөлігі сәуір-қазан аралығында болады. Терезеден құлап шетінеген балалардың негізгі жасы – 2-ден 6 жасқа дейін. 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағ­дайлар департаменті балалардың терезеден құлауының 2 фактісін тіркеген.

Бұл ретте департамент балалардың жарақаттануын төмендету мақсатында мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау­ды ұсынады: «Біріншіден, кішкентай балаларды жалғыз қалдырмаңыз, құ­лау жағдайларының көпшілігі балалар қараусыз қалған кезде болады. Жиһаз­дың барлық түрін терезелерден алыс қойыңыз, бала осы арқылы терезе алдына оп-оңай шығып алады, москит тор­ларына сенбеңіз. Олар құтқарып қалуға арналмаған! Ке­рісінше, москит торы қайғылы жағдайға ықпал етеді, өйткені бала өзін қауіпсіз сезініп, сүйе­нуі мүмкін. Тіпті ең сапалы торлар баланың салмағын ұстап тұра алмайды, егер бала бөлмеде болса, терезе мен балкон есігін ашпаңыз. Жоғарғы тере­зелерді немесе желдету режімін қол­даныңыз, терезелердің толық ашылуына мүмкіндік бер­мейтін арнайы фиксатор қойыңыз, бұл ба­ланың терезені бірнеше сантиметр­ден артық ашуына мүмкіндік бермейді, терезенің тұтқасына құлып орнатыңыз. Егер сіз балаңызға терезенің алдынан бірдеңе көрсетсеңіз, оны мықтап ұстап тұрыңыз, баланың жылдам қимылына да­йын болыңыз, алақаныңыз құрғақ болсын, балаңызды киімнен ұстамаңыз. Егер сізде бекіткіш және сақтандыру жабдығын орнату мүмкіндігі болмаса, бекіткіш тұтқаларды бұрауышпен оңай бұрап, қажет болған жағдайда бірден шығарып алып тастай аласыз. Балаларға қауіпсіздік сабақтарын үйретіңіз, үлкендерді кішіге бас-көз бо­луға үгіттеңіз».

Балалар қауіпсіздігіне қауіп төнді­ретін тағы бір жайт, интернет әлеміндегі әртүрлі бейнелер. Смартфонға байлан­ған сәбилер санасының улануына ғалам­тордың да тигізер әсері әсте көп. Әлеу­меттік желілерден көргенін істеуге құл­шынып тұратын бүгінгі балдырғандарға торапқа кіруге тосқауыл қою пайдалы ма деген ойға келесің кейде. Мәселен, жыл басынан бері Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі порнографиялық материалдарды таратқан 1,5 мыңға жуық интернет-ресурсты бұғаттаған. Сонымен қатар полиция департаменттерінде құ­рылған мамандандырылған топтар ин­тернетті қолдану арқылы қылмыс жасай­тын педофилдерді анықтау бойынша шаралар жүргізуде.

«Аумақтық ішкі істер органдарында әлеуметтік желілерде, мессенджерлер мен пошта сервистерінде 200-ден астам жал­ған аккаунт құрылды. Құрылған топ­тардың міндеттері – балаларға қар­сы қылмыс жасау үшін алғышарттар жасай алатын әлеуметтік желілерді, парақ­шалар­ды, қауымдастықтарды, топтарды, танысу сайттарын анықтау және бақылау. Жыл басынан бері порнографиялық материалдарды таратқан 2 мыңнан астам интернет-ресурс анықталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оның 1,5 мыңға жуығын бұғаттап тастады», деді Д.Төлегенова.

Отбасылық психолог, магистр Инара Әлкенқызы баланы үйге қалдырғанда не нәрсені ескеру керектігін тілге тиек етті. «Баланы үйде жалғыз қалдырған уақытта біз, ата-аналар электр сымдарының, газ құ­­бырының істен шығатынын, баланың терезе ашатынын  күтпейміз. Бір жақтан қарасақ, ата-аналар көбінесе баланы үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр. Бірақ сол кезде ата-аналар баланың өмі­ріне қауіпті қатерлерді зерделей отыруы қажет. Кей­бір аналар «Бізді кіш­кентайымыздан үйде жалғыз қалдырған, өл­ген жоқпыз ғой», деп өз әрекеттерін ақ­тайды. Әрине, былай деп тек ғана тірі қалған балалар айтады. Ал үйде жалғыз қалып қаза тапқан балалар өздерінің тәжі­рибесі туралы айта алмай кетті», деді маман.

Сонымен қатар И.Әлкенқызы ата-аналар қауымына өзінің ақыл-кеңесін айтты. «Мен баласы бар жандарға мынадай кеңес берер едім. Бірінші, мектепке бармайтын балдырғандарды үйде жалғыз қалдырмау керек, 4 жасқа дейінгі баланы бастауыш сыныптағы баламен қалдырмау керек. Бұл жағдай екеуін де күйзеліске әкеледі: өйткені сәбиді бағу – үлкен баланың міндеті емес. Ал сәби тек анасының жанында тыныштық табады. Мектеп жасындағы баланы күні бойы үйде жалғыз қалдырмаңыз, іші пыс­қаннан сізге ұнамайтын ойын тауып алуы мүмкін. Баланы бірден ұзақ уақытқа жалғыз қалдырмаңыз, уақытты біртіндеп көбейткен жөн. Баланы жалғыз қалдырар алдында сіздің міндеттеріңіз: балаға өзін-өзі күтуді үйрету, сіз жоқта не істеуге болатынын және болмайты­нын түсіндіру, қорыққан жағдайда сіз жазып берген тізімдегі адамдармен хабарласуға болатынын айту, бала жал­ғыз қалған жерді қауіпсіз ету», деді ол.